шаруа қожалықтары атқарушы билікпен жаңа бастаманы қолға алмақ
Аймағымыздағы экономикасы тұрақты, әлеуметтік жағдайы күн санап жақсарып келе жатқан аудандардың бірі Қашыр екендігі сөзсіз. Бұған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың аталмыш ауданға жұмыс сапары барысында тағы бір мәрте көз жетті. Сәрсенбінің сәтінде облыс басшысы аудан әкімі Болат Бақауовпен бірге бірқатар ауылдарды аралап, тұрғындардың бүгінгі тыныс тіршілігімен танысты. Өңірде жүзеге асырылып жатқан табысты істерге куә болып, бірқатар мәселелердің мәнісіне көз жүгіртті.
Облыс әкімі ауданға сапарын шалғай ауылдардан бастады. Алдымен ат басын Жаңа құрылыс ауылдық округінің Покровка, Тегістік елді мекендеріне бұрған аймақ басшысы жергілікті тұрғындарға жолықты. Халық бүгінгі тұрмыстарына ризалығын жеткізді. Барды қанағат тұтып үйренген жұртшылық соңғы жылдары көптеген игілікті істердің атқарылғандығын айтып отыр. Мысалы, Тегістік ауылында өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында қабірстан қоршалған. Талай жылдан бері жарамсыз күйде тұрған су скважинасы қайта жөндеуден өткізіліп, іске қосылыпты. Ал жақында ғана тұрғындардың қуанышына орай жаңадан ашылған мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ерекше атап өтерлігі, аталмыш мәдениет ошағы бұған дейін қаңырап бос қалған, бұзылудың аз-ақ алдында тұрған ескі ғимаратта бой көтерген. Жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылдың қазан айында ғана басталыпты. Аз уақыттың ішінде нысан адам танымастай болып өзгерген. Қаржы да аса көп кетпеген. Күрделі жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 3,5 миллион теңге жұмсалған. Ең бастысы, аудан басшылығы әрбір істе облыс қазынасына алақан жая беруді жөн санамаса керек, барлық шығынды өздері көтерген. Аймақ басшысы бұл бастаманы оң бағалап, шын ниет болса, әрбір істің орайын табуға болатынын атап өтті.
Игіліктер мұнымен шектелмейді. Биыл әрбір ауылдық мектеп жанынан шағын орталық ашылған. Ал жақында ауылдықтар сандық үлгідегі сапалы спутниктік телевидение желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі кезде ауданның шалғай ауылдарының өзінде қырыққа таяу қазақстандық телеарналар көрсетіледі. Аймақ басшысы мұндай тың бастама республика бойынша алғаш рет біздің облысымызда жүзеге асып жатқандығын баса айтты.
Дегенмен, тұрғындар көңілдегі күпті мәселелерді де іркіп қалмады. Мысалы, жоғарыда аталған Покровка, Тегістік елді мекендерінің жұртшылығы әлі күнге дейін ауылға телефон желісі тартылмағанын жеткізді. Облыс әкімі Б.Сағынтаевтың айтуына қарағанда, бұл мәселе алдағы жылы өз шешімін таппақ. Ауылдарға заманауи үлгідегі сымсыз телефон желілері тартылатын болады.
Елді мекендер тұрғындарын мазалап отырған тағы бір мәселе – жол сапасы. Бұл облысымыздың шалғай орналасқан барлық дерлік ауылдарына тән ортақ мәселе десек, қателеспеспіз. Әрине, оны қысқа уақыттың ішінде бірден шешу мүмкін емес. Ауылдықтар да мұны жақсы түсінеді. Бірақ, айтпасқа шара жоқ. Онымен қоса, мәселе қыс мезгілінде ушыға түседі, дейді тұрғындар. Жолды қар басып қалады. Ал ол уақытылы тазаланбайды. Мысалы, Тегістік ауылына баратын жолды қардан тазарту бойынша жарияланған тендерді Май ауданының бір кәсіпкерлік субъектісі ұтып алған. Бірақ ол өз қызметіне салғырт қарайтын көрінеді. Аталмыш тендер электронды түрде, яғни компьютер арқылы жүргізілгендіктен, біз оның нәтижесіне әсер ете алмаймыз, дейді аудан басшылығы. Облыс әкімі Б.Сағынтаев бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды.
Аймақ басшысы Коммунар ауылдық округінің Фрументьевка елді мекенінде болды. Кезінде шаруашылығы барынша дамыған, дүркіреп тұрған ауылдық округ бүгінде адам танымастай күйге түскен. Әлеуметтік нысандар қирап, шаруашылықтар тоқырауға ұшыраған. Бар кінә - инвесторларда, дейді тұрғындар. Ауылдың көсегесін көгертеміз деп егістік алқаптарын, ауыл шаруашылығы техникаларын, түрлі нысандарды сатып алған кәсіпкерлер артынша бастаған істерін ұқсата алмай, бірнеше жылдан кейін жан-жаққа тарап кеткен. Өздерімен бірге еншілерін де ала кетуді жөн санаған. Барлығын талан-таражға салуда. Ең қызығы, мүлікті заң жүзінде бөлісе алмай, бір-бірімен әлі күнге дейін соттасып жатқан жайлары бар. Ал бар қиындықты тұрғындар көріп отыр. Бір қарағанда оңай көрінгенмен, мәселенің мәнісі тереңде жатқан сыңайлы. Мұндайда біреудікі дұрыс, біреудікі бұрыс деп нақты айту қиын. Бұл - әрине, соттың еншісіндегі іс, дегенмен екі ортада халықтың зардап шегіп отырғандығы алаңдатады. Ал инвесторлардың ұпайы түгел. «Екі өгіз сүйкенсе ортасында шыбын өледі» деген осы болса керек, сірә. «Не де болса, бар мәселенің мәнісін сот шешетін болады. Дегенмен, егер мұнда шаруасын бастап отырған кәсіпкер жергілікті жердің тұрғыны болса, онда мұндай жағдай орын алмас еді. Сырттан келген инвесторлардың жергілікті тұрғындарға бүйрегі бұра қоюы екіталай. Бірақ, алғашында-ақ аудан басшылығы тарапынан аталмыш инвесторлардың жұмысына қатаң бақылау болуы тиіс еді. Қалай десек те, енді әліптің артын бағуға тура келеді. Коммунар ауылының тұрғындары қолдаусыз қалмайтыны анық. Елді мекеннің еңсесі түзелетініне сенім мол», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Ивановка ауылында аймақ басшысы ауданның ірі шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті. Шаруалар бүгінде мемлекет тарапынан өздеріне көрсетіліп отырған қолдауға дән риза. Соның арқасында әлемдік қаржы дағдарысынан да, биылғы жылғы қуаңшылықтан да сәтті өттік, дейді олар. Ал қолдауға жауап ретінде кәсіпкерлер ауданның әлеуметтік саласының дамуына мол үлестерін қосуда. Және бұл бағыттағы жұмыстарды ары қарай жалғастыра бермек. Бұл ретте шаруа қожалықтарының басшылары бірқатар ұсыныстарын да ортаға тастады. Кәсіпкерлер кейбір әлеуметтік мәселелерді атқарушы билік органдарымен бірлесе отырып шешуге әзір екендігін жеткізді. Мысалы, тең үлестік негізде ауылда тұрғын үйлер салуға мүмкіндік бар. Қазіргі кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының табысты жүзеге асып жатқандығы белгілі. Елді мекендерге жұмысқа аттанған жас мамандарға тиісті жағдай жасалуы қажет. Ал егер тұрақты баспанасы болмаса, жастардың ауылда көпке тұрақтамасы аян. Сондықтан шаруа қожалықтары басшыларының бұл ұсыныстары назар аударуға тұрарлық, деп атап өтті аймақ басшысы. «Бүгінде жергілікті атқарушы органдар мен жекеменшік құрылымдар үшін кейбір әлеуметтік мәселелерді бірлесе шешкен тиімді. Мысалы бүгін сөз етілген жас мамандарға деген тұрғын үй мәселесін алуға болады. Әрине, бюджет қаражаты облыс бойынша ауылға ат басын бұрған барлық мамандарды үймен қамтамасыз етуге жетпейтіндігі белгілі. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлердің бұл бағытта тепе-тең үлестік негізде жұмыс істеу туралы ұсынысы бізді қызықтырмай қоймады. Онымен қоса, ауданда шаруашылықтары дамыған, әлеуметтік жауапкершіліктері жоғары кәсіпкерлік субъектілері аз емес», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев. Сондай-ақ, аймақ басшысы аталмыш ұсынысты заңды түрде тиімді жүзеге асырудың тетіктерін қарастыруға қатысты тиісті тапсырма бергендігін жеткізді. Осылайша аудандағы кәсіпкерлердің бұл ұсынысы келер жылы жүзеге аса бастайды деуге негіз бар. Егер ол тәжірибе жүзінде өз тиімділігін дәлелдесе, онда мұндай бастама басқа да аудандарда қолға алынбақ. Естеріңізге сала кетейік, осындай негіздегі ұсыныс аймақ басшысының Ертіс ауданына жұмыс сапары барысында да жергілікті шаруа қожалықтарының басшылары тарапынан көтерілген болатын. Сондықтан оның облыс бойынша қолдау табатынына сенім мол.
Ауданда шағын кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту мәселелері өзекті тұр. Сондықтан шаруа қожалықтары басшыларымен кездесуде облыс әкімі осы бағыттарға баса назар аударуды тапсырды. Қашыр ауданында дамудың зор мүмкіндіктері бар. Бірақ олар өз деңгейінде пайдаланылмай отыр, деп атап өтті аймақ басшысы. Соның салдарынан ауданның жалпы даму көрсеткіші көңіл көншітерліктей емес. Бұл ретте, Бақытжан Әбдірұлы Қашыр ауданы республика бойынша үздіктер қатарында болуы тиіс екендігін қадап айтты. «Себебі, қазіргі кезде облыстық көрсеткішке емес, республикалық рейтингке қарап бой түзейтін кезең туды. Мұның өзі - қуанышты жағдай. Мысалы, биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша индустриалдық-инновациялық даму қарқыны жағынан облысымыз республикада бірінші орынды иеленгені белгілі. Мұнда әрбір ауданның, аймағымыздың әрбір тұрғынының үлесі зор. Біз осы үдеден айырылмауымыз тиіс», - деді облыс әкімі Б.Сағынаев.
Оннан аса ауылдарды аралаған аймақ басшысы ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігіне оң бағасын берді. «Жалпы, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, Қашыр ауданында көптеген істер тындырылған. Кей ауылдарда жөндеуді қажет ететін мәдениет үйі, денешынықтыру залы сияқты әлеуметтік нысандар бар. Дегенмен ол шешілмейтін мәселе емес», - деді Бақытжан Әбдірұлы.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Қашыр ауданы.


