Ардагерлер ешуақытта қолдаудан кенде қалған емес. Жыл өткен сайын қарттарға деген назар, көмектің артып келе жатқандығы белгілі. Олардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған игі бастамалар іске асуда. Биыл бірқатар бағыттар бойынша ардагерлерді, зейнеткерлерді қолдау шараларына облыстық бюджеттен жалпы құны 905 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Бұл туралы кеше облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев облыстық ардагерлер кеңесінің VI есеп беру-сайлау конференциясында мәлім етті.
Айта кету керек, аймағымыздағы ардагерлер кеңесі ірі қоғамдық бірлестіктердің бірі болып табылады. Оның құрамында 13 қалалық, аудандық бөлімше тіркелген. Мыңдаған мүшесі бар аталмыш ұйымның белсенділігі жастарға үлгі боларлықтай. Талай жылдан бері аталмыш кеңес құрамындағы аға буын өкілдері облысымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістерге араласып, қоғамдық өмірге атсалысуда. Олардың жас ұрпақ тәрбиесінде алар орны да ерекше екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда, көпті көрген ақсақалдарымыздың, ақ жаулықты әжелеріміздің берері мол.
«Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халықпыз. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амур Жазиннің айтуына қарағанда, соңғы жылдары қарттарға деген қолдау еселене түскен. Нәтижесінде бүгінде олардың барлық дерлік әлеуметтік мәселелері оң шешімін тауып отыр. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ел игілігі үшін жасалып жатқан ізгі шаралардан қариялар қауымы тысқары қалып көрген жоқ. Бізге ерекше назар аударылып келеді. Жыл сайын зейнетақы көлемі артуда», - деді ол. Және ең бастысы, мұндай игі бастамалар бұрнағы жылдардағыдай тек қана қарттар күні немесе Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңындағы бір реттік шаралармен шектеліп қалып жатқан жоқ. Облыс әкімі Б.Сағынтаев ардагерлерді қолдау ісі үздіксіз жүргізілуі қажет екенін баса айтты. Бұл - заңды құбылыс. Онсыз да күн санап қатары азайып келе жатқан ардақты ардагерлерімізге қанша құрмет көрсетсек те, артықтық етпесі анық. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы бес жылдың ішінде облысымызда сегіз жүзден аса Ұлы Отан соғысына қатысушы дүниеден өтіпті. Бүгінде аймақ бойынша Отан үшін от кешкен алты жүзден астам ғана ардагер қалған.
Жоғарыда аталған ұйым жұмысына қатысты мәселе де жоқ емес. Жергілікті жерлердегі, әсіресе, аудандардағы, ауылдық елді мекендердегі ардагерлер кеңесі бөлімшелерінің жұмысын әлі де жетілдіре түсу қажет, дейді ұйым өкілдері. Көптің көкейінде жүрген тағы бір мәселе - аталмыш кеңес пен атқарушы билік органдарының қарым-қатынасы. Көп жағдайларда қала, аудан әкімдері ардагерлер кеңесінің жұмысына аса мән бермейтін көрінеді. Кейбір аудандарда ұйымға мүше ардагерлердің жиналатын орындары да жоқ. Болған күннің өзінде материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі өте нашар. Тіптен, кей жағдайларда әкімдер қолдау көрсетпек түгілі ұйым жұмысына негізсіз араласатын болған. «Бірқатар аудан әкімдері ардагерлер кеңесінің жергілікті жерлердегі бөлімшелерінің төрағасын өздері сайлауды жөн көреді. Ал бұл шешімдері туралы бізді, яғни аталмыш бөлімшелер жұмысына тікелей жауапты облыстық ардагерлер кеңесінің басшылығын, хабардар етуді жөн санамаған» - дейді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Валентина Скворцова. Облыс әкімі Б.Сағынтаев бұл жайттарды қатаң сынға алды. Және шараға қатысқан аудан әкімдерінің орынбасарларына аталған кемшіліктерді түзетуді тапсырды. Енді аудандар басшылығы өз өңіріндегі ардагерлер кеңесі бөлімшелерін жеке кабинеттермен қамтамасыз етуге міндетті. Бұл үшін оларға бір ай мерзім белгіленді. «Ардагерлер кеңесі жеке, дербес қоғамдық ұйым болып есептеледі. Ол атқарушы билік органдарына тәуелді емес. Сондықтан аудан әкімдері ұйым жұмысына негізсіз араласуларын, оған мүше қарттарымызға құзырындағы қызметкерлерге сияқты қарауын тоқтатуы қажет. Әрине, әкімдердің кеңес бөлімшелеріне төрағаны өздері тағайындауға деген талпыныстарының нендей ойдан туындап отырғанын түсіну қиын емес. Олар мұндай ұйым басшылығына өздеріне жақын, жұмысын көп сынамайтын адамдарды ұсынуға тырысады», - деді аймақ басшысы.
Шара барысында облыс орталығындағы «Замандас» ардагерлер үйі қызметінің тәжірибесін басқа да өңірлерде дамыту қажет екендігі айтылды. Аталмыш мекеме құрылғанына бір жыл ғана уақыт өтсе де, көптеген игілікті бастамалардың басы-қасынан табылуда. Ондағы зейнеткерлер түрлі мәдени шаралар ұйымдастыруда алдарына жан салмайды. Салауатты өмір салтын ұстануды да жадыларынан шығарған емес. Бұл ретте, оларға қарап жастардың бой түзейтінін атап өткен облыс әкімі Б.Сағынтаев биылғы жылдың соңына дейін мұндай мекемелерді аймағымыздың әрбір қала, аудандарында ашуды тапсырды.
Конференцияға қатысушылар елімізде ардагерлерге, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында туған азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне қатысты нақты Заңның жоқ екенін де атап өтті.
Жиналғандар бірқатар қоғамдық мәселелерді сөз етті. Оның ішінде баға саясаты да бар. Күнделікті тұтыну тауарларына деген бағаның шарықтап бара жатқаны алаңдаушылық тудырып отыр. «Жоғарыда аталып өткендей, жыл сайын зейнетақы мөлшері көбейтілуде. Бірақ оның нақты пайдасын көріп жатқанымыз шамалы. Себебі «әлеуметтік төлемдер мөлшері артады» деген сыбыс естіле салысымен дүкендердегі тауарлардың бағасы күрт көтеріліп кетеді. Әлеуметтік дүкендерден де қайран жоқ. Ондағы тауарлардың құны басқа сауда орындарындағы бағадан еш айырмашылығы жоқ», - дейді В.Скворцова. Баға саясаты мәселесінің тек біздің облыста ғана орын алып отырмағанын атап өткен аймақ басшысы бұл кемшілікті түзету бағытында тиісті шаралардың қолданылып жатқандығын жеткізді. «Барлық сауда орындарын бақылауда ұстап отыру мүмкін емес. Сондықтан біз Үкіметке күнделікті тұтыну тауарларына шектеулі баға белгілеу бойынша ұсыныс енгіздік. Оған қатысты тиісті Заң жобасы күшіне енбек. Яғни, жақында әлеуметтік маңызы бар тауарлар Үкімет тарапынан белгіленген шектеулі баға бойынша ғана босатылатын болады», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев. Сондай-ақ, аймақ басшысы конференция барысында ардагерлер тарапынан айтылған ұсыныс-тілектердің барлығы ескерілетінін жеткізді.
Шара қорытындысы бойынша конференция қаулысы қабылданды. Жиналғандар бірауыздан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне А.Жазинді лайық деп тапты. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың наурыз айында өтетін VI республикалық ардагерлер кеңесінің конференциясына Павлодар облысынан делегаттар сайланды.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.



