ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТПАҚ

Облысымызда қолға алынып жатқан ауқымды шаралардың жоспары қандай?

Биылғы жыл әлеуметтік тұрғыдан алғанда аймағымыз үшін табысты болмақ. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, басқа да салалар бойынша игі бастамалар көптеп қолға алынуда. Әлеуметтік маңызы бар жаңа нысандар бой көтеріп, қолданыстағылары жөндеуден өткізілмек. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымыздың барлық өңірлерінде қатар жүргізіледі. Әсіресе, ауылдық елді мекендердегі мектеп, мәдениет үйі, медицина нысандарына деген тапшылық біртіндеп жойылатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте басқармалардың басшылары мәлімдеді.

Павлодар қаласының тұрғындары да бірталай жағымды жаңалықтармен қауышатын болды. Соңғы жылдары «Жол картасы» бағдарламасы аясында қарқынды түрде жүзеге асырылған қала көшелерін көріктендіру, жолдарды жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын таппақ. Әсіресе, халық көп жиналатын орталық жағажай, саябақ сияқты демалыс орындары ерекше көркейіп, жаңа кейіпке енеді. Сондай-ақ, тұрғындарға бос уақытты тиімді өткізіп, сапалы демалыс ұйымдастыру үшін бұрын-соңды болмаған мәдени ойын-сауық кешені салынбақшы.

«Мұның барлығын қашан салып үлгереміз» деген ой туындауы мүмкін. Бірақ «көз қорқақ, қол батыр» емес пе?! Онымен қоса, алысқа бармай-ақ, үлгі ретінде елордамыз Астананы мысалға алып қарайық. Аз уақыттың ішінде әлемді тамсандырған жаңа шаһар тұрғыздық. Демек, шын ниетпен, бел шеше кіріссек, атқарылмайтын, қолдан келмейтін іс жоқ.

 

alt

Білім берудің озық үлгісі

Білім саласында құрылысы өткен жылы басталған бес нысандағы жұмыстар биыл аяқталмақ. Оның қатарында Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларындағы әрқайсысы             330 орындық балабақшалар бар. Үстіміздегі жылдың тамыз айында облыс орталығындағы №16 мектептің жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, аталмыш саладағы маңызды нысандардың бірі - Екібастұз қаласындағы аймақаралық орталық. Бұл - еліміздің отын-энергетика саласына кадр даярлауға арналған білім ошағы.

Сондай-ақ үстіміздегі жылы «Назарбаев Интеллектуалдық мектебінің» құрылысы басталады. Бұл мекеме ойы озық, ғылым-білімге ынталы әрі дарынды, келешекте ел үмітін ақтар жастарды білім нәрімен сусындататын орынға айналмақ. Жеті жүзден астам оқушыға шақталған мектеп соңғы үлгідегі заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталады.

Атап өтерлігі, тың жобалар қатарынан облыс әкімі Б.Сағынтаевтың аудандарға жұмыс сапары барысында тұрғындар тарапынан айтылған өтініш-тілектер де көрініс тапқан. Мысалы, Железинка ауданы Мыңкөл ауылының тұрғындары балаларының әбден ескірген, тар мекемеде білім алып жатқандығын айтып, аймақ басшысынан көмек сұраған болатын. Үстіміздегі жылы аталмыш елді мекенде сексен орындық мектеп бой көтеретін болды. Яғни, сәтін салса, мыңкөлдік балалар оқу жылын жаңа мектепте қарсы алады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тағы төрт ауылдық мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі. Жалпы, биыл аймақ бойынша барлығы 144 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсаттарға 1323,0 миллион теңге қарастырылған. Бұл ретте, он алты балабақша қайта қалпына келтіріліп, тағы үш жаңа нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, жыл соңына дейін облысымыздағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтамасыз ету көрсеткіші сексен бес пайызға жетпек.

Бірқатар мектептер  мен кәсіптік лицейлердің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Осы мақсатта Қашыр, Ертіс аудандарындағы кәсіптік лицейлеріне арналған ауыл шаруашылық техникаларын сатып алу үшін алғаш рет 50 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Мемлекеттік және жеке меншік тұлғалардың өзара қарым-қатынастарының аясында да игі істер атқарылуда. Мәселен, Павлодар қаласындағы №7 лицейді жаңғыртуға 73,2 миллион теңге қаржы бөлінді. Аймақ басшысы Б.Сағынтаев өз кезегінде, бұл қаражаттың ENRC корпорациясы тарапынан бөлінгенін және осы лицейдегі кадрларды дайындау мен металлургиялық салаға «Қазақмыс» АҚ-ның қаржылай көмек көрсетіп отырғанын атап өтті.

Әуелгі байлық – денсаулық

alt

Қазір Баянауыл ауданында 150 орынды емхананың құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Павлодар қаласына қарасты Ленин кенті, Кенжекөл ауылында және Қашыр ауданының Песчан елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салынуда. Аталмыш төрт нысан үстіміздегі жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп көзделген.

Биыл облысымыздың 12 денсаулық сақтау мекемесі күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 207,9 миллион теңге бөлінген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында берген тапсырмалары аясында аймағымызда жалпы саны 17 медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Оның ішінде екі қалалық емхана, 14 дәрігерлік амбулатория және бір фельдшерлік-акушерлік бөлімше бар.

alt

Өкінішке қарай, өңірдегі бірқатар елді мекендерде медициналық бөлімшелер жоқ. Бұл мәселе жақын болашақта өз шешімін табады деген сенім мол. Бұл ретте, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы аймақ бюджетінің есебінен 44 медициналық бөлімше мен қосымша екі фельдшерлік-акушерлік бөлімшенің құрылысына қатысты құжаттар әзірлеп отыр. Ол тиісті органдардың қарауына ұсынылған. 

alt

Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуына да биыл ерекше көңіл бөлініп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылы жалпы сомасы 2 126,7 миллион теңгеге заманауи құрылғылар сатып алынады. Көліктік медицинаны дамыту ісі де оңтайлы жолға қойылған. Жуырда Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға жылжымалы емханалық кешен алынды. Кешенде рентгенологиялық, стоматологиялық, диагностикалық аппараттар, зертханалық құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл - ауылдық жерлерге, әсіресе, шалғай жатқан елді мекендерге сапалы медициналық көмек жеткізудің табысты жолы.

 

 

Ауыл мәдениетіне баса мән беріп...

alt

Биыл мәдениет саласында да бірқатар түйткілді мәселелер оң шешімін табады. Мысалы, отыздан астам нысанды күрделі жөндеуден өткізу көзделген.  Оның барлығы - ауылдарда орналасқан мәдениет ошақтары. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 280,6 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, тағы он ауылдық мәдениет үйі қайта қалпына келтіріледі.

 

 

alt

Бүгінде облысымыздағы 173 ауылдық округтің онында мәдениет үйі мүлде жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытындағы жұмыстар қолға алынып отыр. Облыс орталығына қарасты Ленин кенті, Павлодар және Кенжекөл ауылдары да мәдениет ошағына зәру. Қазіргі кезде аталған елді мекендерге жаңа ғимараттар салуға жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға қаржы бөлінді.

Осымен бірге үстіміздегі жылы А.Чехов атындағы драма театры күрделі жөндеуден өткізіледі. Әсіресе, көрермендер отыратын зал ерекше кейіпке енбек. Нысан театр маусымының ашылуына дейін пайдалануға беріледі.

 

Спорт саласында қандай серпіліс?

alt

 Павлодар қаласында футбол бойынша «Ертіс» олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің стадионы аумағында (бұрынғы «Автомобилист») көпсалалы бірегей спорт кешені салынады. Құрамында бірнеше спорттық залы болады деп күтілуде. Оның бірі – бес жүзге тарта жанкүйер сыятын волейбол, баскетбол және басқа да ойын түрлеріне арналған үлкен зал. Екіншісі көркем гимнастика және акробаттар үшін халықаралық талаптарға сәйкес арнайы жабдықталады. Аталмыш екі спорт залының биіктігі 13,5 метрді құрайды.

Сондай-ақ, күрес палуандарына, теннисшілер мен ауыр атлетшілерге арналған тағы бес зал ашылады. Нысанның сыртында да шағын спорт алаңдары орын теппек. Автотұрақ алаңдары, басқа да қажетті дүниелер қарастырылған. Ғимарат құрылысы үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығында басталмақ. Жоспар бойынша кешен келесі жылдың бірінші жартысында іске қосылады. Мұнда халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға толықтай мүмкіндік бар. Құрылыс жұмыстарына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «ҚазМұнайГаз» АҚ демеушілік жасайды.

 

alt

Тағы бір маңызды нысан – Павлодар қаласындағы бокс орталығы. Мұнда былғары қолғап шеберлеріне арналған төрт шаршы алаңы бар жаттығу-жарыс залы, медициналық қызмет көрсету, сауықтыру орталығы және әдістемелік кабинеті болады. Аймағымыздың басқа өңірлерінен келген спортшылардың да орталықта тұрып, еш алаңдамай жаттығуларына мүмкіндіктер қарастырылды. Нысанда отыз орындық қонақ үй қызметі де жолға қойылады. Естеріңізге сала кетейік, бокс орталығының алғашқы бөлігі өткен жылы «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-ның демеушілігімен іске қосылған болатын. Бұл жолы да құрылыс жұмыстарына кететін шығынды аталмыш кәсіпорын өз мойнына алып отыр.

alt

Ақсу қаласында тұрғызылатын жаңа спорт кешенінің жобасы ерекше үлгіде жасалған. Онда спорттың командалық ойын түрлеріне арналған бір үлкен, сондай-ақ, күрес, бокс, каратэ сияқты  жекпе-жек түрлері үшін екі шағын зал орналасады. Үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және тағы басқа ойындар бойынша бұқаралық жарыстар ұйымдастыруға да мүмкіндіктер бар. Құрылыс жұмыстары биыл басталмақ. Қаржылай демеушілікті «ENRC» компаниялар тобы көрсетіп отыр.

 

Облыс орталығын оң өзгерістер күтіп тұр

alt

Жоғарыда атап өткеніміздей, Павлодар қаласын ауыз толтырып айтарлық бірқатар игі өзгерістер күтіп тұр. Қала көшелерін көріктендіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілмек. Жиырма шақырымға жуық автомобиль жолдары жөндеуден өткізіледі. Екінші Павлодар шағын ауданындағы жарықтандыру жұмыстары толығымен аяқталады. Онымен қоса, биыл облыс орталығындағы Ю.Гагарин және П.Васильев атындағы саябақтар қалпына келтіріледі. Жаз мезгілінде қала халқының ең сүйікті демалыс орны болып есептелетін орталық жағажай да түрлене түспек. Тұрғындардың оңтайлы демалуы үшін жаңа орындар пайда болады. Жағажайдың төменгі және жоғарғы бөліктері жөнделіп, көріктендіріледі.

alt

Усолка мөлтек ауданында да көпшілік демалатын орын жабдықталады. Көлемі шамамен 1,2 гектар жерге гүлзарлар отырғызылып, көгалдандырылып, жарықтандыру жүйесі орнатылмақ. Өзен бойына ауа райының жылы мезгілінде тұрғындардың отбасымен табиғат аясына шығып, демалулары үшін шағын үйшіктер тұрғызылады. Бір атап өтерлігі, қаланың аталмыш бөлігінде қысқы шаңғы орталығы салынады.

alt

Ал облыс орталығының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі халық арасында балалар темір жолы ауданы ретінде танымал аймаққа жаңа көңіл көтеру кешені салынады. Ең бастысы - 2,5 шақырымды құрайтын балалар темір жолы қайта қалпына келтіріледі. Бұл жер телімі талай жылдан бері күтімсіз қалған болатын. Сондықтан шаһар басшылығы аталмыш аймақты қалпына келтіру бойынша ең ұтымды жобаға байқау жариялады. Байқауды «Капитал-ПВ» ЖШС ұтып алды.

 

alt

Жобаға сәйкес болашақ кешен аумағы бірнеше бөліктен тұрады. Бірінде 14,5 мың шаршы метр аумаққа созылатын сауда-көңіл көтеру орталығы орналаспақ. Оның ішінде сауда орындары, мейрамханалар, екі кинозал және тағы басқа орталықтар бар. Екінші бөлігінде жазғы аттракциондар мен балаларға арналған басқа да ойын алаңдары орналасқан демалыс аймағы орын тебеді.  Сондай-ақ, демалыс бағы жасалады. Аталмыш аумақтағы екі шағын көлдің аумағында жағажай жасалады. Онымен қоса, шағын спорт алаңдары да қарастырылған.

 

Барлық жоспар уақытылы орындалуы тиіс

Мәжіліс барысында облыс әкімі Б.Сағынтаев тиісті басқармалар басшылары мен Павлодар қаласы әкіміне белгіленген барлық жоспарлы жұмыстар мерзімінде орындалуы керек деп қадап айтып, тапсырма берді. Жоғарыда аталып өтілген бастамалардың барлығы тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан шаралар екендігі белгілі. Бұл аймағымыздың әлеуметтік саласына жаңа серпіліс әкелмек. Осылайша, талайдан бері халықтың көкейінде жүрген көптеген түйткілді мәселелер шешімін табады. «Бүгінде жоғарыда аталған жобалар толық қаржыландырылды. Енді барлық бастамалар белгіленген мерзімде уақытылы, ең бастысы, сапалы түрде жүзеге асырылуы тиіс», - деп қорытты облыс басшысы.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттер:  1. Келешектің жобасы - Назарбаев интеллектуалдық мектебі

2. Жаңа медицина жабдығы

3. Көшпелі медициналық орталық

4. А.Чехов атындағы драма театрының көрермендер залы

5. Елді мекендегі мәдениет үйінің нобайы

6. Павлодар қаласындағы көпсалалы спорт кешені

7. Бокс орталығы

8. Келешектің жобасы - ақсу қаласындағы спорт кешені

9. Орталық жағажайдың демалыс алаңы

10. Усолка мөлтек ауданындағы шаңғы орталығы

11. Келешектің жобасы - облыс орталығындағы жаңа мәдени-сауық кешені

12. П.Васильев атындағы саябақтың жобасы  

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30