Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігіне баса назар аударып, ондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты нақты тапсырмалар жүктегені белгілі. Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы ауылдық елді мекендердің тұрғындары да мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көруде. Ауданда атқарылып жатқан айшықты істер мен игі бастамалар жайлы кеңірек танысу мақсатында аталмыш ауданның әкімі Жұмагелді Оралбекұлы Қожановпен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Жұмагелді Оралбекұлы, ауданға басшылық жасағаныңызға көп уақыт бола қойған жоқ. Осынау жауапты істі қолға алғалы бері аудан көлемінде қандай жұмыстар атқарылды? Жалпы, ақтоғайлықтардың бүгінгі таңдағы әлеуметтік жағдайы туралы баяндап берсеңіз?
- Әкімдік қызметке келгеннен бері аудан жұртшылығымен етене араласып, жүйелі де жоспарлы жұмыстар жүргізудеміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ақтоғайлықтар әрқашан игі істерді қостап, тың бастамаларға үн қосып отырады. Ерекше бір мақтанышпен айтарым, ауданнан нағыз қазақылықтың иісі сезіліп тұрады. Жалпы, өңірде қандай сала болса да ілгері дамып келеді. Бұл ретте Елбасының ауылдықтар үшін жасап жатқан игіліктерін сөз етпеу мүмкін емес. Мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасының шеңберінде біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, аудан орталығындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Жаңабет, Балтасап ауылдық округтерінің мәдениет ошақтары да «Жол картасы» бағдарламасының игілігін көрді. Білім саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. 2010-11 оқу жылында аудандағы 30 мектептің 25-інде білім алатын оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету қолға алынды. Бірқатар мектептерге материалдық-техникалық жағынан көмек көрсетілді. Мемлекеттік, облыстық және аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа білім ошақтарына қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Мемлекеттік аралық бақылау және ұлттық бірыңғай тестілеу шараларында да аудан оқушылары үнемі жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. Биылғы жылы астық егу жұмыстары да сәтімен аяқталды. Енді толайым еңбектің табысын көрсек деген ниетіміз бар. Тұрғындардың денсаулығы да - басты назарда. Ауыз су мәселесі де ойдағыдай шешілуде. Ендігі мақсатымыз – осы беттен танбай, белестерді бағындыру, облыстағы ғана емес, республикадағы үздік аудандардың қатарына ену. Бұған аудан жұртшылығы өз үлесін қосады деген сенімдемін.
- Ақтоғай ауданы аймағымыздағы астықты өңірдің біріне жатады. Биылғы жылға жоспарлаған мақсат пен меже қандай?
- Жасыратыны жоқ, былтырғы жыл ақтоғайлық диқандар үшін сәтсіз болды. 2010 жылы аудан бойынша барлығы 40 376 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 22437 гектары - дәнді дақылдар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты 9276 гектар егіс алқабы есептен шығарылды. Соған қарамастан 7062 тонна астық, 1659 тонна күнбағыс өнімі, 928 тонна көкөніс жиналды. Жиналған өнім тұрғындарды қамтамасыз етуге жеткілікті болды. Игорь Головашов басқаратын «Ақтоғай-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі суармалы жердегі 348 гектар алқаптан 4978 тонна картоп жинады. Қыс-көктем айларында аудан жұртшылығын картоппен қамтамасыз ету мақсатында қоймалық сақтауға 2900 тонна картоп салынды. Өнімнің бағасы да тұрақты болды. Облыстық тұрақтандыру қорына келісі 35 теңгеден 200 тонна картоп, тоннасы 28500 теңгеден 151 тонна бидай тапсырылды.
Биылғы жылы жалпы жаздық дақылдар алқабы 49247 гектарды құрап отыр. Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ұсынысы негізінде күнбағыс егу жұмыстары 20 мамырда жүргізілді. Ал дәнді дақылдар егу жұмыстары 15 мамырдан 31 мамырға дейін жалғасты. Қазіргі таңда жарма дақылдарын егу жұмыстары жалғастырылуда. Көктемгі егіс жұмыстарына 219 техника жұмылдырылды. Жыл басынан бері бес жаңа техника сатылып алынды. «Ащысай» шаруа қожалығы МТЗ-82 тракторын, «Ақтоғай-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Валлей» жаңбырлатқыш техникасын және «Гримме» картоп отырғызатын сепкішін өз қаражаттарына сатып алды. «Надежда» және «Весна» шаруа қожалықтары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы бір-бірден жалпы құны 12 миллион теңге тұратын екі жер тырмалағышына ие болды. Өңірде ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын серіктестіктердің жұмысы жыл санап жанданып келе жатыр. Бұйыртса, биыл қажетті көлемде астық аламыз деп жоспарлаудамыз.
- Аудан бойынша мал шаруашылығын дамыту жұмыстары қалай жүргізілуде?
- Ауылдағы ағайынның ең басты табыс көзі мал болғандықтан, тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Ағымдағы жылдың 1 мамырында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, аудан бойынша 30668 бас ірі қара мал тіркелген. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда артық. Қой мен ешкі саны да отыз мыңның үстінде болса, жылқы саны - бес мыңға жетер-жетпес қана. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекеттік бағдарламалардың тигізген септігі зор. Былтырғы жылы қой мен ешкі өсірушілер «Жайлау» бағдарламасының игілігін көрсе, биылғы жылы қара малдың басын арттырамын дегендер «Сыбаға» бағдарламасының аясында шаруашылықтарын ширатуда. Жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 150 бас ірі қара мал сатылып алынды. Ақтоғай ауданына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалы бойынша жоғарыда аталған бағдарламасы аясында 13,5 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күнге дейін оның 10,5 миллион теңгесі игерілді. Өткен жылы аудан көлемінде 2053,3 тонна ет, 7531,4 тонна сүт және 1387,5 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ал биыл 5190,3 тонна көлемінде ет өндіру жоспарлануда. Бүгінде Ақтоғай ауданында 13 қолдан ұрықтандыру нысаны жұмыс істейді. Жолболды ауылдық округіндегі «Ащысай» шаруа қожалығы жылқы шаруашылығы бойынша (жабы тұқымы) асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алуды жоспарлап отыр. Алматы қаласының Ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының мамандары шаруа қожалығына арнайы ғылыми жұмыстар жүргізген. Сондай-ақ, Ертіс ауданының «Алтай-Қарпық, Сайдалы-Сарытоқа» асыл тұқымды зауытынан 230-240 бас жылқы сатып алу жөнінде келісім-шарт жасалған.
- Ауылдық жерлердегі ауыз су мәселесі қалай шешіліп жатыр? Мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасының игілігі қандай?
- Ақтоғай ауданы бойынша тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 14 елді мекенде КБМ орнатылды. Мұнда тұратын адамдар өңір тұрғындарының 74 пайызын құрап отыр. Былтырғы жылы Жамбыл және Жоламан ауылдарына КБМ қондырғысы орнатылды. Бізде КБМ-дер пайдалануға тапсырылған уақыттан бастап 28 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Өңірдегі ауыз су мәселелерімен «Ақтоғай-сервис» коммуналды мемлекеттік кәсіпорны айналысады. 2010 жылы Ақтоғай ауылында жерасты су құбырының құрылысы басталды. Құбыр келесі жылы іске қосылады деп жоспарлануда.
«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендердің 80 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ету көзделген. Бағдарламаны іске асырған кезде орталықтандырылған су жүйелерінің қамтылған ауыл тұрғындары тәулігіне 24 сағат бойы сапалы таза суды тұтына алады. 2010 жылдан бастап аудан орталығында орталықтандырылған су жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс аяқталған уақытта Ақтоғай ауылындағы 1913 пәтер, өңірдегі барлық мәдени-әлеуметтік нысандар, білім беру ошақтары, денсаулық сақтау орындары мен басқа да қоғамдық ғимараттар таза сумен қамтамасыз етілетін болады. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бастап ауданымыздың Мүткенов, Қожамжар, Приреченск, Қараоба, Әуелбек, Харьков, Андрияновка, Ивановка ауылдық округтерінде де орталықтандырылған су жүйесін жүргізу жоспарлануда. Барлық тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттар су өлшегіш құралдармен жабдықталып, ең бастысы - суды ұтымды және ұқыпты пайдаланатын қондырғылармен қамтамасыз етіледі.
- Мемлекет басшысы тұрғындардың денсаулығына үнемі баса назар аударып келеді. Аудандағы денсаулық сақтау орындарының жұмысы көңілден шығып отыр ма?
- Өңіріміздегі денсаулық саласының жұмысы жақсы дамыған деп толық айтуға болады. Бұған соңғы 5 жыл ішінде ана өлімінің тіркелмеуі, нәресте өлімінің жылдан-жылға төмендеп келе жатқандығы, туберкулез ауруымен ауыратындардың азаюы айқын дәлел бола алады. Мысалы, 2010 жылдың бес айында бір нәресте өлімі тіркелген болса, 2011 жылдың алғашқы бес айында нәресте өлімі мүлде тіркелмеген. Осының өзі - қуантарлық жәйт. Жалпы аудан бойынша денсаулық саласында жасалып жатқан жұмыстар өте көп. Алдымен бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі еш қиындықсыз алға басып келе жатқандығын айтуға болады. Одан кейін шалғай ауылдарда дәріханалар ашылып жатыр. Денсаулық сақтау саласында шешімін таппай жүрген мәселе де жоқ емес. Ол – мамандардың жеткіліксіздігі. Аудан бойынша 21 дәрігер, 94 орта буын қызметкерлері жұмыс істейді. Бұл біз үшін аздық етеді. Алдағы уақытта әлі де 5 дәрігер, 7 орта буын қызметкерлері керек. Осы мәселе шешімін тапса игі болар еді. Мамандардың жетіспеушілігіне қарамастан атқарылып жатқан жұмыстар көңілге қонымды. Ең маңыздысы ауруды болдырмай, алдын алу мақсатында жасалып отыратын профилактикалық тексеруді ерекше атап өтуге болады. Осы жұмыстардың арқасында көптеген сырқаттар ерте анықталып, дер кезінде емделуге мүмкіндік алуда. Сонымен қатар, диспансерлік есепте тұрған науқастарға тегін берілетін дәрі-дәрмектің көлемі де жылдан –жылға көбеюде. Бұл дені сау ұрпақ тәрбиелеуге мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен көмек екендігі анық.
- Аудандағы мәдениет саласы қаншалықты дамыған? Қандай өзгерістер бар?
- Бүгінгі таңда еліміздегі мәдениет нысандарының желісін кеңейту халықтың мәдени өмірінің маңызды көрсеткішіне айналып отыр. Сондықтан аудан орталығындағы, ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың рухани шығармашылық белсенділігін арттыру әрі ойын-сауық орындарын ашу - жауапты іс. Бұл ретте мәдениет ошақтарының екпінді жұмыс істеуіне мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасының септігі айрықша болғанын жоғарыда атап өттік. 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен аудандық мәдениет үйінің аумағын абаттандыру шарасы әлдеқашан басталып, әртүрлі гүлдер мен ағаштар отырғызылды. Оған жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, Жаңабет ауылындағы мәдениет үйінің төбесін, іші мен сыртын, кіреберісін, терезе-есіктерін, электр жүйелері мен жылу қазандықтарын жөндеу жұмыстары осы жылдың шілденің соңында аяқталады деп күтілуде. Оған бюджеттен бір миллион теңгеден аса қаражат бөлінді. Бүгінде аталмыш жұмыспен айналысып жатқан мердігер компания құрылысты бекітілген мерзімінде тапсыруға тырысып бағуда. Жаңабет ауылының мәдениет үйін қалпына келтіргеннен кейін Қожамжар ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жұмысқа облыс пен аудан бюджетінен жеткілікті түрде қаражат қарастырылған. Аудандағы мәдениет үйлерін материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмысы да өз нәтижесін беруде. Өткен жылы жергілікті бюджеттің есебінен сахналық киімдер сатып алынды. Сондай-ақ, өңірдегі этно-мәдени бірлестіктердің құрамындағы өнерпаздарға да арнайы сахналық киімдер алынды. 16 ауылдық клуб мекемелері музыкалық аппаратуралармен қамтамасыз етілді. Аудан халқы мен мектеп оқушыларының рухани тұрғыда жетілуі мен кемелденуіне қызмет жасайтын орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап қоры жыл санап артып келеді. 2010 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 1500,0 мың теңгеге 2708 дана кітап сатып алынды. Оның 1270-і - мемлекеттік тілде жазылған еңбектер. Ал биылғы жылы кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында аудандық қордан 2400,0 мың теңге қаражат бөлінді. Бөлінген ақшаға жаңа кітаптар мен кітапханаға қажетті жиһаздар, сондай-ақ, компьютерлер сатып алынады деп отырмыз. Ауданымыздың мәдениет саласын дамыту үшін көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Бұл ретте «Дипломмен - ауылға!» жобасы өз жемісін беруде. 2010 жылы С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің саз бөлімін тәмамдаған жас түлек аудандық мәдениет үйіне жұмысқа алынды. Енді биыл 3 жас маманның келуін күтудеміз. Оларға тиісінше әлеуметтік көмек көрсетіледі. Аудандық мәдениет үйінің жанынан ашылған хореографиялық би ансамблі жұрт мақтанышына айналып үлгерді. Ұлттық нақыштағы қазақ билері мен заманауи үлгідегі түрлі билерді еркін игерген би ансамблі мен өнерлі жігіттерден құралған вокалды аспаптар ансамблі ұйымдастырылатын барлық мерекелік концерттерге қатысып, көпшілік тарапынан оң бағасын алуда. Ауылдық аймақтарда өзіндік шығармашылықпен айналысатын ұжымдар жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға белсене қатысады. Еліміздегі мәдени өмірдің жақсаруы – Елбасымыздың ұстанған салиқалы саясатының жемісі. Олай болса, қазақ мәдениеті еш кенжелеп қалмақ емес.
- Білім саласында қандай жаңалықтар бар? Оқу ғимараттары қазіргі талапқа сай ма?
- Аудан бойынша орыс және қазақ тілдерінде жұмыс істейтін 30 мектеп бар. Биылғы оқу жылында 2542 оқушы білім алды. Өңірдегі жеті мектепте (Абай, Қайырбаев, Ыдырысов, Қараоба, Мүткенов, Нығыманов, Тіленшин орта мектептері) жеке пәндер тереңдетіліп оқытылады. Қайырбаев атындағы орта мектепте «Жеке білім беру бағдарламалары мен көп салалы мектеп моделін құрастыру» және «Сапалы білім беруді бағалау бойынша пилоттық мектеп» тақырыптары бойынша эксперимент жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар, Қайырбаев және Абай атындағы білім ошақтарында гимназиялық сыныптар ашылған. Балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету мақсатында мектептерде арнайы жұмыстар жүргізіліп келеді. Аудан бойынша 2464 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, бұл жалпы көрсеткіштің 97 пайызын құрап отыр. Аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардың балаларын, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін жаппай оқу қорынан бюджет қаржысы тартылған. Жаппай оқу қорының өсуі мемлекет тарапынан әлеуметтік колдауға мұқтаж жағдайы төмен отбасылардың балаларын толығымен бір рет тегін тамақпен қамтамасыз етуге қолайлы жағдай туғызды. Ауданда 57 мүгедек бала бар. Оның 13-і үйде оқытылады. 2010-2011 оқу жылында үйде оқитын мүгедек балаларға компьютер мен электронды оқулықтар алды. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың кәсіби шығармашылығын жетілдіру және өз ортасына бейімделуі үшін спорттық ұйымдар мен үйірмелердің бала тәрбиесінде атқаратын маңызы зор. Өңір көлемінде жыл сайын 163 үйірме жұмыстары ұйымдастырылған. Оған сегіз жүзден аса оқушы қатысады. Барлық мектептер Интернет желісіне қосылған және интербелсенді тақталармен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету мақсатында 26136,0 мың теңге, ал күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 37740,0 мың теңге бөлінді. Бұл ретте қарастырылған қаражатқа Харьков, Ыдырысов, Естай, Шолақсар, Шаяхметов орта мектептері жөнделеді деп жоспарлануда. Осы жылы 213 оқушы алтын ұя мектебін бітіріп, өмірдің жаңа белесіне қанат қақты. Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны да өз деңгейінде өтті. Мемлекеттік аралық бақылауда да оқушыларымыз жүктелген міндетті толықтай ақтады. Жалпы, осы жаздағы жөндеу жұмыстарынан кейін оқу ордалары жаңаша қалыпқа ие болатынына сенімім зор.
- Аудан көлемінде спорт саласына, салуатты өмір салтына қаншалықты көңіл бөлінуде?
- Қазіргі уақытта ауданымызда 4019 адам шұғылданатын 48 дене шынықтыру ұжымы жұмыс істейді. Сондай-ақ, 206 спорттық жай тұрғындардың спортпен шұғылдануына көп мүмкіндік жасап отыр. Салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмыстар жалпы білім беретін мектептерінің дене шынықтыру мұғалімдерімен, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің (БЖСМ) жаттықтырушыларымен, дене шынықтыру және спорт бөлімімен тығыз байланыста атқарылады. Ағымдағы жылдың соңғы бес айында спорттың 15 түрі бойынша 26 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 12%-ға артық. Жыл сайын оқушылар және білім қызметкерлерінің спартакиадасы мен ауылдық округтер арасында спорттың жазғы олимпиадалық, ұлттық және халықтық түрлері бойынша спорт жарыстары ұйымдастырылады. Оған екі мыңнан астам спортшы қатысады. БЖСМ дене шынықтыру-сауықтыру кешенін теңгерімге алғаннан бері қатысушылардың саны 430-дан 572-ге дейін, филиалдардың саны жетіге дейін өсті. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің іске қосылуы аудан орталығындағы жастардың спортпен айналысу мәселесін толығымен шешті. Бүгінгі күні Ақтоғай ауылында алты спорт залы жұмыс істейді. Оның үшеуі заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жыл сайын спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу мен спорттық құрал-жабдықтарды сатып алуға жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Ерекше атап өтерлігі, мектептерде туризм саласы алға қойылған. Ол үшін жазғы уақытта арнайы жарыстар өткізіледі. Ауданда жеңімпаз болғандар облыстық жарысқа жолдама алады.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Фархат ӘМІРЕНОВ.

