Сәрсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Шарбақты ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар ауылдардағы әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар барысында облыстық білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының басшылары мен аудан әкімі Сапаргелді Смағұлов та елді мекендерді аралап, тұрғындар жағдайына назар аударысты.
Аймақ басшысы алдымен Алексеевка ауылына ат басын бұрып, ондағы орта мектептің жағдайымен таныс болды. Қырық жылға жуық тарихы бар көне мектеп кезінде 400 балаға арналып салынған. Бүгінде 130 оқушы ғана білім алуда. Мектеп директоры Райхан Айдарбекованың айтуынша, мұнда ауыл балаларының сапалы білім алуы үшін жан-жақты жағдай жасалған. Бір компьютер сыныбы, интерактивті тақта және заман талабына сай жабдықталған арнайы физика кабинеті бар. Жақында төрт кабинет жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Атап өтерлігі, 2005 жылдан бастап былтырға дейін, яғни бес жыл қатарынан осы мектептен «Алтын белгі» иегерлері шыққан екен. Сондай-ақ, мектепте балалардың жазғы демалысын көңілді ұйымдастыру мәселесіне баса назар аударылуда. Бұл мақсатта мектеп жанынан «Достық» сауықтыру лагері ашылып, екі маусым бойынша жұмыс істеуде. Алғашқы кезеңде 25 оқушы демалуда. Олардың құнарлы тағамдармен тамақтануы үшін жергілікті кәсіпкерлердің көмек көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн.
Облыс әкімі ауылдағы мәдениет үйі, кітапхана, дәрігерлік амбулатория және «Балбөбек» балабақшасына да бас сұқты. Қуантарлығы, 50 орындық балабақша елді мекендегі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтып отыр.
Нұржайна Шодыр, Шарбақты ауданы.
(Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің №68 санынан оқисыздар. )

