Железинка ауданында іссапармен жүрген газетіміздің журналисі Асыл Әбішев пен фототілші Төлеген Нұрғазы жергілікті жердің өміріне қатысты соңғы оқиғаларды жедел түрде жазып, интернет-онлайн әдісімен бет қатталып жатқанда газетке материалдар жолдап үлгерді. Ақпараттық технологияны кеңінен игере бастаған басылым қызметкерлері іссапар барысында жедел жазбалар ұйымдастыруды қолға алған. Бүгін сол жаңашылдықтың алғашқы нәтижесі көрініс тауып отыр.
Железинка ауданында бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесімен қамту мәселесі жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Бұл ретте, осы мәселеге аудан әкімі Жанат Шұғаев күнделікті назар аударып, баса мән беріп отыр. Дәл қазіргі уақытта аудан орталығында №2 балалар бақшасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өміршең етілген мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша жөндеуден өтіп жатқан мектепалды нысанның атауы да «Балапан» болмақ.
Бұл - кеңестік билік кезеңінде қызмет етіп келген бұрынғы балабақша ғимараты. Құрылысы 1975 жылдары салынған. Кеңестік билік жүйесі ыдырап, қоғам тоқырауға тап болған кезеңдерде Железинка ауданы орталығында 3 бірдей балабақша өз қызметтерін тоқтатуға мәжбүр болған екен. Солардың бірі - осы №2 балабақша. Кейін бос қалған бұл ғимаратқа аудандағы №20 кәсіптік лицей қоныс аударып, орын теуіпті. Ендігі жерде аудандық билік ғимаратты «Балапан» бағдарламасы шеңберінде толыққанды күрделі жөндеуден өткізіп, қайтадан балабақша ретіндегі қызметін жолға қоюға білек сыбана кірісіп отырса керек. Ал бұл жерде аз-кем «аялдаған» №20 кәсіптік лицей бұрынғы аудандық аурухана ғимаратына қоныс аударған көрінеді.
Мұндағы жөндеу жұмыстары 20 мамырда басталыпты. Жұмыстың бас-аяғына республикалық трансферт негізінде 30 миллион теңге қаржы қарастырылған.
- Балабақша ғимараты 100 орынға лайықталған. Жөндеу жұмыстарында кешеуілдеу жоқ. Барлығын өзіміз күнделікті бақылауда ұстап отырмыз. Оның үстіне мұндағы жұмыстардың барысына, сапасына, атқарылу мерзіміне «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы аудандық филиалының жанындағы партиялық бақылау тобы ерекше назар аударып отыр. Алдағы уақытта түлеп, түрленіп, жаңарған күйде қайта іске қосылатын осы балабақшада еңбек ететін кадрлардың резервтік тізімін, жоспарын да жасап қойдық. Мектепке дейінгі бұл нысанда тәрбие мен бастапқы білім тек қана мемлекеттік тілде - қазақ тілінде беріледі. Мұнда 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер 5 топқа бөлініп қабылданады. 5 жастан соң мектептер жанындағы даярлық топтарына, шағын орталықтарға жіберіледі. Қысқасы, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қоса, болашақ балабақшаның жұмыс жоспары да жан-жақты еленіп-екшелуде, - дейді Железинка ауданы орталығындағы №2 «Балапан» балалар бақшасының меңгерушісі Алтын Кәрімова.
Қазірге дейін мұнда барлық жөндеу жұмыстары көлемінің 35 пайызға жуығы орындалыпты. Орталықтандырылған сумен қамту, жылу жүйелері, құбырлар желісі, ғимараттың төбесі ретке келтірілген.
Асыл Әбішев, Железинка ауданы
(Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің №68 санынан оқисыздар. )

