Железинка ауданы Новомир ауылдық округінің орталығы – Церковное елді мекенінің тұрғындарын сонау кеңестік билік жүйесі кезінен бері мазалап келе жатқан жалғыз проблема бар. Ол – сапалы һәм тұщы ауызсу мәселесі. Жер астынан сылдырлап шығатын су, әрине, жоқ емес. Бірақ, мұндағы суды ауызға ұрттап, дәмін татып көруге де дәтің шыдамайды екен. Удай ащы! Жергілікті тұрғындар суға қатысты мәселенің қашан шешілетінін көптен бері қатты күтіп отырса керек. Ол үшін елді мекен аумағына су құбырларын тарту қажет. Ал ол – оңай шаруа емес.
Жергілікті халық қазіргі уақытта ауыз суды ауыл сыртындағы құдықтан алады. Құдық ауылдан 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Тұрғындар қашықтағы суды өздері тасып алмайды, осыдан біраз бұрын әрбір округке тарту етілген коммуналдық-шаруашылықтық қызметке арналған трактордың көмегімен жеткізіп береді екен. Аптасына 2 мәрте жеткізілетін су әрине тегін емес. 1 текше метр су үшін тұрғындар қалтасынан 500 теңге төленеді. Қысты қойшы, жаз мезгілінде тұрғындар суды барынша көп тұтынатыны бесенеден белгілі. Егер бір отбасы ең аз дегенде аптасына 1 текше метр су тұтынады десек, айына тұтынылатын судың көлемі 4 текшені құрап, оған 2000 теңге шығындайды. Бұл тұрғындар үшін басы артық салмақ па? Салмақ, әрине! Сондықтан да, мұндағы халық суға байланысты үнемшілдікке бағзыдан бері әбден үйренген. «Судың да сұрауы бар» дегенді еңбектеген балаға дейін көкейіне құйып алған.
Новомир ауылының әкімі Нұрлан Қапаров халыққа суды тасу үшін де көп шығындар кететінін айтып отыр. Жеткізіп беретін тракторды жанар-жағар маймен қамтамасыз етудің өзі көп қаржыны қажетсінетін көрінеді. Амал қанша, Церковное тұрғындары қалыптасқан жағдайға көндігіп, алдағы күндерге үмітпен қарап отыр.
- Қазір ауданымызда елді мекендерге су құбырларын тарту жұмыстары белгіленген жоспарға, кестеге сәйкес жүзеге асып жатыр. Нақтырақ айтқанда, әркімнің белгіленген өз кезегі бар. Сапалы ауызсу тапшылығын көріп отырған барлық ауылдарға бір демде су құбырларын тартып шығу мүмкін еместігін жас бала да біледі. Сәтін салса, жоспарға сәйкес біздің ауылда құбыр жүйесін тарту 2012 жылы басталады, - дейді ауыл әкімі Н.Қапаров. Мұны аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Мұрат Жайықұлы да қуаттады.
530 тұрғыны бар Церковное ауылы 2013 жылы өзінің 100 жылдығын қарсы алады. Осы айтулы датаға орай сапалы ауызсумен қамтитын құбыр жүйесін іске қосып, тұрғындарға тамаша тарту жасау ойы да жоқ емес биліктің. Көпке шыдаған, ұзақ күткен, алғы күндерге үміттене қараған жергілікті халық кесімді кезегін күтіп, азға да шыдап береріне дау жоқ.
(бұл туралы толық мақаланы газетіміздің №69 санынан оқисыздар)
Асыл ӘБІШЕВ, Железинка ауданы,
Суреттерді түсірген Төлеген Нұрғазы.

