Журналисіміз Мұрат Аяғановтың онлайн жүйесі арқылы Баянауылдан жедел түрде жолдаған жазғы демалыс аймағының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.
Баянауылдың Жасыбай демалыс аймағында суға шомылу маусымы өткен аптаның соңында ғана ашылды. Аптап ыстықта көл маңайын жағалап, суға шомылып, әсем табиғат аясын тамашалаушылар үшін бұл жер - таптырмас орын. Сұлу өлкенің маржаны болып саналатын Жасыбай көлінің маңайы биыл ерекше түрленіп, өзгеше күйге енген. Осы көктемнен бастап жасалған игіліктердің арқасында жағажайдағы жағдай заманға сай реттелді.
Жасыбай демалыс аймағын туристердің суға шомылып, кеңінен демалуына жағдай тудыру тұрғысынан дамыту - облыс алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Алайда, көп жылдардан бері көл маңайындағы жағдай талапқа сай болмай, көп мәселе реттелмей келді. «Жабайы туризм» қалыптасты. Ондағы демалыс үйлерін ұстайтын жер пайдаланушылардың жауапкершілік танытпауы көрікті мекенге көлеңке де түсіре бастаған еді. Демалушылар көл маңайын қоқысқа толтырып, алкогольді ішімдік қолданып, көптеген бейбастақ әрекеттер жасайтын. Мұндағы туризмдік қызмет жаз айларында ғана жұмыс істегенімен, оны жүйелендіру жұмыстарына көңіл бөлінбеді. Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркі осы шаралардың барлығына жауапты болғанымен, қаржының аздығы әрі кейбір заңнамалардағы қарама-қайшылықтардың салдарынан атаулы мекеме қызметкерлері ауқымды шаруаларды тындыра алмады. 
Облыс әкімі өткен жылы ауданға жасаған сапарында осы кемшіліктерге назар аударған болатын. Облыстық мекемелер мен аудан басшылығына демалыс аймағын ретке келтіруді жүктеді. Аймақ басшысының берген тапсырмалары аясында биыл демалыс аймағында нендей жұмыстардың жүзеге асып жатқанымен танысу мақсатында көрікті мекенге сапарладық.
(бұл туралы толық мақаланы газетіміздің №69 санынан оқисыздар)
Мұрат Аяғанов,
Баянауыл ауданы,

