ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ


С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне - 50 жыл
 
   

 Облыстағы бетке ұстар жоғары оқу орындарының бірі – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің құрылғанына биыл 50 жыл толып отыр. «Елу жылда ел жаңа» демекші, жарты ғасырда үлкен жетістіктерге жетіп, замана үрдісімен қатар өсіп келе жатқан іргелі оқу ордасының мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. 
    «Келешекке - кемел біліммен!» деген ұранды ұстанған университеттің 50 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиналыс болды. Игі шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев және министрліктер мен ведомстволар өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ Ресей, Жапония, АҚШ, Чехия мемлекеттерінің ғалымдары қатысты. Сонымен қатар университеттің мерейтойына арналып басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.
    Ертістің Павлодар өңірінің тұңғыш жоғары оқу орны – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын аталмыш университеттің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арынның құттықтау сөзімен басталды. Ол киелі оқу ордасының мерейтойына ортақтаса келген барша қауымға ризашылығын білдіріп, университет ұжымын атаулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ елу жылдық тарихы бар университеттің алар асуы әлі алда екенін айтып, жас ұрпаққа жақсы білім беру үшін мұнда барлық мүмкіндіктің жасалып жатқанын жеткізді. 
    Салтанатқа жиналған қауым алдында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің оқытушылары мен студенттерін мерейтоймен құттықтап, микроавтобустың кілтін сыйға тартты. Сонымен қатар университеттің гүлденуіне үлес қосқан бірқатар аға оқытушыларды «Облыс алдына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және Алғыс хаттармен марапаттады. Аймақ басшысы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің құттықтау хатын оқып берді. 
    

Университет мерейтойына Астанадан арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есімов, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Елубай Оразалинов, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы орталық аппаратының өкілдері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сый-таралғыларын тарту етті. Сондай-ақ министрліктер мен ведомстволар басшыларының, облыс әкімдерінің, республикадағы өзге жоғары оқу орындары ректорларының және Павлодар облысына қарасты басқармалар мен департаменттер басшыларының құттықтау хаттары оқылды. Университеттің мерейтойына арналған ізгі тілектер мұнымен ғана шектелген жоқ. Атаулы шараға арнайы келген шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері де өз құттықтауларын жолдап, сый-сияпаттарын табыстады. Университет басшысы Ерлан Арынға Ресейдің Томск университетіне сіңірген еңбегі үшін медалі мен халықаралық білім беру саласына қосқан мол үлесі үшін Еуроодақтың сертификаты табыс етілді. 
    Салтанатты шара барысында жиналған қауым назарына аталмыш жоғары оқу орнының жеткен жетістіктерінен сыр шертетін бейне көрсетілім де ұсынылды. Онда университеттің заманауи мүмкіндіктері мен тыныс-тіршілігі жөнінде жан-жақты мағлұмат берілді. 
    Университет жарты ғасырда 50 мыңнан астам түлек ұшырған. Осы жоғары оқу орнын тәмамдап, жаңа өмірге жолдама алған түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқаруда. Олардың арасында ғалымдар, саясаткерлер, атақты мәдениет қайраткерлері, депутаттар мен ведомстволар басшылары да бар. Бүгінде университет классикалық университеттерді біріктірген Болон Хартиясының, сонымен қатар халықаралық студенттер тәжірибесімен алмасудың IAESTE бағдарламасы ассоциациясының, «Сібір университеті» ассоциациясының, Шанхай университеті ынтымақтастық ұйымының және Қазақстан жоғары оқу орындары ассоциациясының белді мүшесі болып, жан-жақты әріптестік қызмет атқаруда. 
    Студенттерге сапалы білім беруде көш басынан көрінген С.Торайғыров атындағы ПМУ халықаралық «Еуропа сапа белгісі» сыйлығымен наградталып, қорытынды рейтинг бойынша қазақстандық көпсалалы жоғары оқу орындарының арасында 5-ші орынды иеленді. Университеттің халықаралық қатынастар қызметі алыс және шет елдегі 140 елдің жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мәселен, олардың ішінде Мәскеу, Сібір, Англия, Германия, АҚШ сынды алпауыт мемлекеттердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары бар.
    Қазіргі таңда 128 мамандық бойынша 41 кафедрада халықаралық стандарттарға сай білім беріп отырған университетте 11 мыңнан астам студент бар. Олардың 9 мыңы студент, 2 мыңы магистранттар мен доктаранттар, ал қалған 1500-ден астамы университет жанындағы колледждің тәлімгерлері. Ең бастысы, университетте студенттердің заман талабына сай білім алуы үшін барлық жағдай жасалынған. Оның оқыту-ғылыми зертханалары, компьютерлік, лингафондық және мульти-медиялық кабинеттері, интерактивті тақталары мен оқу-өндіру шеберханалары қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Кітапхана қоры да бай. Сондай-ақ білім ордасы жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру шараларына да жіті мән беруде. Осы тұрғыда қолға алынған жұмыстары да аз емес.
Салтанатты жиналыс соңы университеттің шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертке ұласты. Онда облыс жұртшылығына кеңінен танымал Ербол Айтбаев, Амангелді Қожанов, Әсел Ботаева, Нұржан Сарқымбаев, басқа да әншілер мен ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті. 
 
КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТПЕК 
    

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 50 жылдық мерейтойына орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – университеттің ғылыми-технологиялық паркінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өңірлік филиалы ашылып, салтанатты түрде тұсауы кесілді. Сондай-ақ екі жақ өзара әріптестік меморандумға қол қойды. Атап өтерлігі, Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдау орталығының мұндай бөлімшесі республика бойынша тұңғыш рет Павлодар облысында ашылып отыр. Оған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ректоры Ерлан Арынның қолдау көрсеткенін атап өткен орынды. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Болат Мұқышевтың айтуынша, университет жанынан ашылып отырған бұл мекеме аймақтың кәсіпкерлеріне және белгілі бір кәсіппен айналысқысы келетін кез-келген тұлғаға қызмет көрсетеді. Айталық, бизнесті құру және жұмыс істеп тұрған бизнесті оңтайлы жүргізу бойынша, сондай-ақ қаржылық және заңгерлік мәселелер жөнінде кеңестер беріледі. Сонымен қатар маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер мен бизнес құруға талпынып отырған жандардың біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту курстары, тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылып тұрады. Мамандардың пікірінше, қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істеп жүрген және өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер тарапынан ақпараттық-кеңестік және оқыту қызметтеріне деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан да, жекелеген аймақтарда ашылған осындай орталықтардың тұрғындар үшін тигізер пайдасы зор болмақ.  Елімізде кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсететін құрылымдар, бизнес орталықтар мен бизнес қауымдастықтар бар. Алайда, олардың көбі жекелеген қызмет түрлерін ғана ұсынады әрі қызмет сапасы да әрқилы. Оның үстіне қызмет төлемақысы кәсіпкерлер мен өз ісін ашуға ынталы тұрғындардың көпшілігі үшін қол жетімді емес. Ал «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры акционерлік қоғамының көмегімен бизнес бірлігін арттырған кәсіпкерлер мен тұрғындардың одан әрі аталмыш қордың қаржылық бағдарламалары шеңберінде қаржылай қолдауға ие болу мүмкіндігі бар. Өңіріміздегі бірден-бір белді оқу орнының жанынан ашылып отырған осынау бөлімшенің халық үшін берері мол. 
    Жоғары оқу орнының мерейтойына арнайы келген қонақтар жаңадан тұсауы кесілген «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының филиалының жұмыс істеу бағдарламаларымен таныс болды. Бұдан соң қонақтар университет ішінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен тұсауы кесілген халықаралық нанотехнология орталығының жұмысын тамашалады.
 
БІРЛЕСКЕН ЖОБА БИІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
    

Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» «Сібір ашық университеті» білім беру және ғылыми орталығы қауымдастығы өкілдерінің бірлескен ауқымды жиыны өтті. Қауымдастықтың  бірлескен жобасы біздің елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Жарты ғасырлық тарихы бар С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бастамасымен өткізілген шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, Ресей Федерациясы мен еліміздегі жоғары оқу орындарының және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қатысты.
    «Сібір ашық университеті» қауымдастығы 1998 жылдан бастап өз жұмысын жемісті атқарып келеді. Қауымдастық қатарында Сібір, Орал, Қазақстан және Қиыр шығыс аймақтарының 42 ғылыми қауымдастығы мен білім беру мекемелері жұмыс жасайды. Оның құрамына  университеттер, ғылыми-тәжірибелік институттар, бастауыш және орта білім беру мекемелері кіреді. Қауымдастық арқасында мыңдаған студенттер қашықтықтан оқыту бағдарламасы бойынша білім алады. Сонымен қатар ақпараттық- телекоммуникациялық жүйе мен интерактивті технологиялардың дамуын қадағалайтын «Сібір ашық университеті» Ассоциациясы біліктілігі жоғары ІТ-мамандарын даярлайды. Ассоциация 2001 жылдан бастап «Ашық және қашықтықтан оқыту» ғылыми-әдістемелік журналын өз оқырмандарына ұсынып келеді. «Сібір ашық университеті» Ассоциа-циясының құрамына еліміз бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты және  Инновациялық еуразиялық университеті кіреді. 
    Бірлескен жиналыс барысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова: «Сібір ашық университеті» қауымдастығы- еліміздегі білім беру саласының ілгерілеуіне көп мүмкіндіктер беретін ауқымды жоба. Соның ішінде  Павлодар облысының білім беру және ғылым саласының қарқынды дамуына ерекше үлес қосып отыр. Бұл ретте отандық ғалымдар шетелдің білім ордаларындағы ғылыми жаңалықтарды бір-бірімен бөлісе алады. Павлодар облысына Ресей Федерациясының  жоғары білім ордаларының келуі екі ел арасындағы татулықты беріктендіре түскендей»,- деді өз сөзінде. Әлия Қайратқызы 50 жылдық мерейтойын өткізіп жатқан С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универ-ситетінің ұжымына алғыс білдіріп, келешектегі жұмыстарына табыс тіледі. 
    Отырыста сөз алған С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ректоры, э.ғ.д., профессор Ерлан Арын құрамына Ресейдің белді білім ордалары кіретін «Сібір ашық университеті» қауымдастығына мүшелік ету С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің алға жылжып, әлемдік деңгейге шыға бастағанының айқын белгісі  екенін атап өтті. Сондай-ақ  ол қауымдастық жұмысы Қазақстандағы білім саласындағы реформалардың жандана түсуіне көп мүмкіндік  жасап отырғандығын алға тартты. 
Ауқымды жиналыста «Сібір ашық университеті» қауымдас-тығының президенті, Томск мемлекеттік университетінің ректоры Георгий Майер, қауымдастықтың вице-президенті, Алтай мемлекеттік университетінің ректоры Юрий Криюшин, қауымдастықтың атқарушы директоры, Томск мемлекеттік университетінің информати-зациялау проректоры Владимир Демкин баяндама жасады. 
    Басқосуға Түркістан қаласынан арнайы келген Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми институтының директоры Досай Кенжетаев та қауымдастық жұмысы ел ғылымының дамуына серпін берер маңызды жоба екенін атап өтті. Ол: «Еліміз тәуелсіздік алғалы бері білім беру жүйесінде көптеген өзгерістер болып жатыр. Жаңа заманғы өркениеттік аспектілер қолданылуда. Жалпы Қазақстан білім беру жүйесінде әлемнің алпауыт елдерімен бірлесіп, тәжірибе алмасып жатқаны болашағымыздың жарқын болуына себепкер бола алады.  Әлемдік тәжірибелердің барлығы өсіп келе жатқан Қазақстанның пайдасына шешілетіні анық»,- деді өз сөзінде. 
    «Сібір ашық университеті» қауымдастығы халықаралық білімнің қарыштап дамуына тың қарқын қосып отыр. Ендігі кезекте қауымдастық аясында павлодарлық ғалымдар да ғылыми жаңалықтары мен жаңаша ізденістерін әлемдік деңгейде көрсете алатын болады.
 
Нұржайна ШОДЫР,
Фархат ӘМІРЕНОВ.
Суреттерді түсірген Т.НҰРҒАЗЫ.
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30