Қашыр ауданында тойланды
Жуырда Қашыр ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының күні аталып өтті. Қашыр ауданы 2004 жылдың ақпан айында облысымызда алғашқы болып Қазақстан халқы Ассамблеясының филиалын ашқанын атап кеткен жөн. Мереке аясында «Нұр Отан» ХДП Қашыр аудандық филиалы мекемесінде аудан әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен дөңгелек үстел шарасы өтті. Оған Достық үйінің ұлттық мәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері және аудандық ұлттық орталықтар өкілдері қатысты. Олардың қатарында Павлодар облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары, армян ұлттық мәдени бірлестігінің төрағасы Камо Бадоян, «Мұсылман әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының төрайымы Зара Қожахметова, Павлодар облыстық шешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдурашид Абубакаров, «Эльбрус» қарашай-черкес және кабардин-балкар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мария Байрамкулова, «Қазақстан корейлер қауымдастығы» облыстық филиалының төрайымы Адалаида Пак, Т.Шевченко атындағы украин мәдениеті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Михаил Парипса, «Ватан» әзірбайжан ұлттық бірлестігінің төрайымы Эльмира Зейнулова және «Беларусь» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Любовь Богнат болды.
- Қашыр ауданында 20-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ауданымызды өзінің Отаны деп есептейтін ұлт өкілдерінің ынта-ықыласымен жеті ұлттық мәдени бірлестік жұмыс істеуде. Славян, беларусь, неміс, украин, шешен-ингуш, болгар және әзірбайжан мәдени орталықтарының өкілдері ауданымыздың мәдени өміріне белсенді қатысады, - деді аудан әкімі Б.Бақауов.
Дөңгелек үстел барысында аудандық және облыстық ұлттық қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қазақстандық отаншылдықты қалыптастыру мен нығайту және рухани-мәдени әрекеттестік пен этносаралық қатынастарды үйлестіру мақсатында атқарылған жүйелі жұмыстар туралы сөз қозғады. Этномәдени бірлестіктерінің басшылары аудан әкіміне ата-бабаларының мәдениетін, дәстүрлері мен тілдерін сақтау үшін қандай жұмыстар жүргізіп жатқандары туралы айтып берді. Қашыр ауданы Песчан ауылыдағы «Rosa Kleid» неміс орталығының төрайымы Виталина Мишкаускас дөңгелек үстел қатысушыларды орталықтың жұмысымен таныстырып, бүгінгі күнге дейін атқарылған істер туралы хабардар етті. Сондай-ақ кездесу барысында қазіргі қоғамдық өмірде жастар маңызды орын алатыны тілге тиек етілді. Қатысушылар өз сөздерінде қоғамдық дамудың қарқыны мен сипаты көбінде жастарға байланысты болатынын, әр уақытта кез-келген идеяның іске асыру күші, әр бастаманың бастамашысы болатынын айта келе, қоғамдық өмірге жастардың қатысуы өте маңызды екенін бас айтты. Сондықтан қоғамдық жұмыстарға әсіресе Қазақстан халқының достығын нығайту ісіне оларды көптеп тарту қажет, - деген ортақ байламға келді.
Жиыннан соң облыстық ұлттық мәдени бірлестіктерінің өкілдері аудан орталығы Тереңкөл ауылының ұлттық мәдени орталықтарының жұмыстарымен танысты. Аудандық №11 кәсіби лицейде орналасқан балгар этно-мәдени орталығына Алла Волкова төрағалық етеді. Қонақтарға болгар мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы сыр шертетін әдебиеттер мен ұлттық тағамдар ұсынылды. Ал Ағзам Текенов атындағы №2 орта мектепте шешен-ингуш орталығы өз жұмысын ойдағыдай атқаруда. Бұл білім ордасына ат басын тіреген облыстық ұлттық мәдени орталық басшылары да вайнахтардың орталығы қызметімен кеңінен танысып қайтты. Тереңкөл ауылында бүгінде 80 шешен-ингуш ұлтының отбасылары түтін түтетіп отыр екен. Мектеп жанынан ашылған шағын орталық осы отбасылардың балалары сұранысымен құрылған.
Қызықты әрі танымдық маңызы зор кездесу аудандық мәдениет үйінде жеті ұлттық бірлестіктің көрмесіне ұласты. Аудан тұрғындары назарына славян, беларусь, неміс, украин, шешен-ингуш, болгар және әзірбайжан ұлттарының ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары қойылды. Қашыр жерінде ұйымдастырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының күні мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА,
Қашыр ауданы.

