Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап осы заманғы құқықтық жүйені қалыптастыруға бағытталған ауқымды іс-шаралар қолға алына бастады. Әсіресе, Ата Заңымызда анық көрсетілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне баса мән берілді. Осы қағидаларды мүлтіксіз орындау мақсатында қылмыстық іс жүргізу кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына, қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға қарсы конвенция міндеттемелерін орындауға мемлекеттік деңгейде қатал талап қойылды. Мәселен, еркіндікте жүрген азаматтардың ар-ожданын айтпағанда, түзеу мекемелері мен тергеу абақтыларында отырған айыпталушылар мен сотталғандардың конституциялық құқықтарының дұрыс сақталуын қадағалау үшін қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелер мен органдарда республикалық деңгейде арнайы тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде, заң бұзушылықтар анықталып, жауапты адамдар қатаң сөгіс алған екен. Мұндай шаралар азаматтардың құқықтарын қорғауға, құқық қорғау органдарының талапқа сай қызмет етуіне мүмкіндік береді. Атап өтерлігі, қазіргі уақытта елімізде Конституциямен қатар ұлттық заңнамалар да жетілдірілуде. Айталық, қылмыстық кодекске біздің мемлекетте өлім жазасын іс жүзінде жою туралы өзгертулер енгізілді. Бұл - елімізде құқықтық қоғам құру үрдісінің үлкен мәнге ие болып отырғандығының көрсеткіші. Осы ретте Елбасының биылғы халыққа Жолдауында да Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі жетілдірудегі құқықтық реформаға айрықша назар аударып отырғандығын атап өткен орынды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың 17-ші тамызында қол қойған «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қоғам мен мемлекет мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік беретіні белгілі. Сонымен қатар ол құқық қорғау органдарының сыбайластығын азайтуға, оларға деген сенімді арттыруға жол ашады. Жаңа Жарлықтың жария болуына орай өткізген кеңесінде Елбасы елдегі құқық қорғау органдарының басшыларына азаматтардың құқықтарын әділ және шынайы қорғауды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік сот қызметінің беделі артып, халықаралық стандарттарға сай келетін құқық тәртібінің жаңа жүйесін қалыптастырып, ең бастысы азаматтарға адал қызмет көрсетуді қамтамасыз ететініне еш күмән жоқ. Сол үшін тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуы және барлық даулы істердің сот арқылы әділ шешімін таба бастауы - халық үшін үлкен маңызға ие.
Қазақстан Республикасы–зайырлы, құқықтық демократиялық мемлекет болғандықтан мемлекеттік сот қызметінің адал да абыройлы жұмыс істеуі–өзге жұртқа үлгі болмақ.
Нұржайна ШОДЫР.

