Қазақстан Республикасы биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Құрамына Солтүстік Америка, Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерінің 56 мемлекеті кіретін ең беделді ұйымға басшылық жасау ел абыройын асқақтатты. ЕҚЫҰ қауіпсіздік, экономика, адам құқығы мәселелерін әлемдік деңгейде жан-жақты қамтитын ұйым болып табылады. Ұлттық намысымызға сын болатын ұйымның жұмыстарын жетілдіру мақсатында республиканың барлық аймақтарында әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Осы орайда Павлодар қаласында ақпараттық-насихаттық топ құрылды. Олар қала активімен, Ленин кентінің еңбекші ұжымдарымен және Мойылды ауылында «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі» тақырыбында кездесулер өткізді. Белсенді топ мүшелері халықпен пікір алысып, жиналғандарға «Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төраға» атты видеожурнал ұсынылды.
Кездесу барысында сөз алған Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің бастығы Роза Шамкенова ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанның әлемдік деңгейде жеткен жетістіктерінің әрі еліміздегі саяси тұрақтылықтың, халықаралық және этникааралық үндестіктің, демократиялы қоғамның айқын көрінісі екенін атап өтті. Әлемнің белді ұйымына төрағалық ету кезеңінде Қазақстан «саяси менеджер» ретінде сенімді әрі белсенді қызмет атқаруда. Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ ұстанған үш бағыт, яғни әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық жүйедегі жұмыстарға ерекше көңіл бөлді. Біздің мемлекетіміз ұйымның жандана түсуіне ерекше септігін тигізді. Ұйымның беріктігі үшін елімізде пікірталастар өткізілді, жаңа бастамалар көтеріліп, құрылым жұмысы жаңаша қарқынмен алға басты.
Үстіміздегі жылдың қараша айының соңына дейін қаладағы басқа да еңбекші ұжымдармен кездесулер өткізу - ақпараттық-насихаттық топтың алға қойған басты мақсаттарының бірі.
Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі.

