Дүйсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Екібастұз қаласының мәселелері және алдағы уақытта дамуы жөнінде көмірлі қаланың әкімі Нұрлан Нәбиевтің есебін тыңдады.
Нұрлан Абзалұлының баяндамасы ауылдық аймақтардың бүгінгі тыныс-тіршілігін көбірек қамтыды. Әкім Екібастұз қаласына қарасты ауылдарды тұрмысына қарап, екі топқа бөліпті. Барлығы 6 ауылдың тұрғындары өнеркәсіп орындарында жұмыс істесе, қалғандары мал шаруашылығына арқа сүйеп, күндерін көруде. Әрине, алғашқы топқа жататын ауылдар сәл де болса ауқаттылау. Мәселен, Солнечный және Шідерті кенттерінде орталық су жүйесі тартылған.
Екібастұзда ет бағытындағы шаруашылықтар дамуда. «Табыс», «Екібастұз ет өңдеу кешені» секілді серіктестіктер әулиекөл тұқымды ірі қараны, қазақтың ақ бас малын, жабы жылқысын, қазақтың құйрықты қойын көбейтуге мән бере бастаған. Әкімнің сөзіне қарағанда, көп ұзамай барлық елді мекенде қасапханалар жұмыс істейді. Осы жерде қырдағы ауылдардың соңғы кезде мал шаруашылығын кеңейтуге кіріскенін атап өткен жөн. Бұған соңғы екі жыл бойы Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды каналынан мол су жіберіле бастағаны оң ықпал жасаған.
Шаруашылықтарды дамытуға мемлекеттік қолдау бар. Бір ғана «Табысқа» 12 млн. теңге субсидия берілді. Шаруалар «Жайлау» атты бағдарлама негізінде өсімге қой алуға ынталы. Келер жылы Солнечный, Төртқұдық, Марғұлан ауылдарында сүт, тері секілді мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар құрылады деп жоспарланған. Жалпы алғанда, Екібастұзда білім беру жағдайы жаман емес. Бүгінде балабақшамен қамтылу деңгейі 86 пайызды құрайды. Қазір қалада жаңа балабақша салынуда, сондай-ақ қосмыша топтар ашылады. Соның нәтижесінде кезекте тұрған бүлдіршіндер жақын уақытта оқу-тәрбие мекемелерімен толық қамтылады деген сенім бар. Үш жылдық жоспарда мектептерге биология-химия пәндерінің құрал-жабдықтарын сатып алу көзделген.
Әрине, Екібастұз қаласында мәселелер де жоқ емес. Соның бірі - ауыз су мәселесі. Төртқұдық құбырларын қалпына келтіруді қолға алған «Қазақмыстың» бастамасы белгісіз себептермен тоқтап қалды. Екінші мәселе – блок-модуль кешендерін жөндеу. Монополист фирма жыл сайын жөндеу құнын өсіреді. Мәселен, Сарықамыс ауылындағы құрылғыны жөндеуге 2 млн. теңге жұмсалды. Бүгінде ауылдарда 8 құрылғы орнатылған, егер істен шығып жатса, олардың барлығына қанша қаржы шығындалатынын есептей беріңіз.
Облыс әкімі Төртқұдық құбырларын жөндеуге байланысты жұмысты тоқтау себебі анықталатынын айтып, су тазалайтын құрылғыларды жөндеу бағасына байланысты мәселе ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігіне жолданатынын жеткізді.
Айтпақшы, Екібастұз аймағында жұмыссыздық мәселесі тиісті деңгейде шешілмей тұр. Бақытжан Әбдірұлы ірі өнеркәсіпті ошақтары бола тұра, жұмыссыздықпен күрестің алға баспай тұрғанына түсінбестік білдірді. Осыған байланысты қала әкімі Н.Нәбиевке тапсырма берілді. Сондай-ақ әкімдік ірі кәсіпорындардағы айлық еңбекақының мөлшері жөнінде мәлімет беруге тиіс. Бір кездері кеншілердің айлығы жоғары болып келсе, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы сол мөлшерге тақап қалды.
Облыс басшысының тағы бір сынға алғаны – Екібастұзда тұрғындар айлық алған күні дүкендердегі тауарлардың бағасы оқыстан өсіп кететіндігі. Бұл жөнінде қойылған сұраққа қала әкімінің орынбасары жарытымды жауап айта алмады. Мәселені ерекше назарға алу тапсырылды. Кеншілер қаласында демалыс күндері қылмыстық оқиғалар да жиі орын алатын көрінеді. Б.Сағынтаев полицейлердің бақылауын күшейтуді жүктеді.
Кеңесте Екібастұз қаласын дамыту жөнінде облыстық басқармалардың басшылары өз ой-пікірлерін ортаға салды. Ауылдарда қымыз өндірісін ашуға мүмкіндік бар. Спорт саласына да баса мән беру керек.
Жиынды қорыта келе, облыс әкімі еліміздің индустрияландыру картасына енген елеулі жобалар іске асатын Екібастұз өңірінде жұмыссыздықпен күресті лайықты түде жүргізу жөнінде тапсырма берді.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

