Астанада Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қамқорлығымен тұрмыстық зорлық-зомбылық және адам саудасы құрбандарын сауықтыру жөніндегі әлеуметтік қызметтердің даму мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» шарасы өткізілді.
Іс-шара ЕҚЫҰ-ның қолдауына ие болып отырған адам саудасымен байланысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және қылмыс құрбандарына медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетудің институциялық және заңнамалық негіздерін нығайту жөніндегі жоба аясында ұйымдастырылды.
Форумға ҚР Үкімет басшысы кеңсесінің, Әділет министрлігінің, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету, соның ішінде үкіметтік құрылымдар мен азаматтық қоғамның бірлесе жұмыс істеуін дамыту мәселелерін талқылады.
«Дөңгелек үстел» Астана қаласындағы ЕҚЫҰ Орталығы, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі мен демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның ұйытқы болуымен өтті.
Жоғары баға
«Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу беделді ұйымға қазақстандық төрағалықтың аса жемісті болғанын мойындауды білдіреді». ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездесуі барысында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы Николай Бордюжа осылай мәлімдеді.
«11 жылдық үзілістен кейін, дәл Қазақстанда мемлекет басшылары деңгейіндегі ЕҚЫҰ Саммитінің өткізілуі - Қазақстанның аталған ұйымға төрағалығының жемісті жүргізілгенін мойындауды білдіреді. Бұл - расында да Қазақстан басшылығының аталмыш ұйымға жетекшілік етудегі жасаған салмақты қадамы. Және оның нәтижесі де зор. Қазақстан көптеген мәселелер бойынша әртүрлі көзқарас ұстанып отырған барлық әріптестерін бір шаңыраққа жиналып, өз ұстанымдарын талқылауға көндіре және сендіре алды. Мен сондықтан да Қазақстан төрағалығын көптеген жылдардан бергі ең жемісті төрағалық болды деп санаймын», - деді Н.Бордюжа.
ЕҚЫҰ: Шолу конференциясы өтті
Ағымдағы жылғы 9-10 қараша күндері Гармиш-Партенкирхенде (Германия) ЕҚЫҰ-ның бастамасы бойынша ұйымдастырылған Кишинев пен Тирасполь арасындағы сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары жөніндегі Шолу конференциясы болып өтті.
Конференцияда ынтымақтастықтың әртүрлі бағыттары бойынша бірлескен жұмыс топтары аясындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы талқыланды.
Молдова және Приднестровский тарапынан қатысқан бірлескен жұмыс топтарының мүшелері мен жетекшілерінен басқа, конференцияға Приднестровский шиеленісін реттеу мәселелерімен айналысатын «3+2» форматының өкілдері қатысты.
ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасының ұзаққа созылған шиеленістер жөніндегі арнайы өкілі Болат Нұрғалиев отырысты аша отырып, Ресей, Украина, АҚШ пен Еуроодақтың бұлжымайтын қолдауының арқасында ағымдағы жыл аймақтағы сенім шараларын нығайтуға жасалған маңызды қадамдармен есте қалатындығын атап өтті.
Алайда басты міндет «5+2» форматына ресми дәреже беру мәселесі болып табылады. Кишинев сияқты Тирасполь мүдделеріне сай пәрменді, мәселелерді түгел қамтитын саяси шешімді шығарумен айналысу керек екендігі аталып өтілді. Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің алдында күш-жігерді нығайтудың маңыздылығы да айтылды.
Б.Нұрғалиев конференцияға қатысушыларды тіршілік әрекетіне, тұрақтылыққа және қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешуде байланыстарын одан әрі нығайту үшін Гармиш-Партенкирхендегі жиынды пайдалануға шақырды.
Интернет бойынша әзірлеген - Асыл ӘБІШЕВ.

