eМіне, тәуелсіздігіміздің он тоғызыншы жылы да өз мәресіне жетуге таяу қалды. Толағай табыстар мен іргелі істерге толы, қиындығы мен ауыртпалығы қатар жүретін әр жылымыз, қорытындылап айтқанда, тарих жылнамасына таңбадай басылып тіркелуде. Әрбір қазақстандық азаматтың ой-өрісі кеңейіп, ізгілікті іс-қимылы заман талабына сай ілгерілей отырып, өркениетке бағытталған тынымсыз тіршілік жылдары ретінде өтіп жатқанына куә болып отырмыз.
2010 жыл қандай сәттермен ерекшеленді?
Бірінші, – егемен еліміз аман, жұртымыз тыныш. Бұл – біздің басты байлығымыз.
Екінші, – осыдан 10 ай бұрын жарияланған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы көрсетілген бағыттар, ауқымды стратегиялық даму мақсаттары, кең-байтақ қазақ даласындағы әрбір елді мекеннің өзекті мәселелерін шешуге арналған бағдарламалар кезегімен жүзеге асуда.
Үшінші, – Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының, ішкі тұрақтылық пен келісімнің, әлемдік дамудың көкейкесті мәселелерін дер кезінде алға тарту шараларының нәтижесінде 2,7 миллион шаршы шақырым жерінің 4 пайызы ғана Европа құрлығында орналасқанына, мемлекетіміздің жастығына қарамастан, әлемдегі Еуроатлантика және Еуразия аумағындағы мемлекеттердің басын қосқан беделді халықаралық ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі біздің егемен елімізді кәрі құрлықтың – Еуропаның төрінен орын алу мәртебесіне ие етті.
Мұны қазақстандықтар үлкен сенім, құрмет және зор жауапкершілік деп қабылдады. Осы тұрғыда мейлінше адал, ашық, тынымсыз жұмыстар жүргізілді. Әлемдік қоғамдастық Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне өте жоғары баға беріп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық формуласын мазмұны мен маңызы жөнінен өлшем мөлшеріне сыймайтын латынның төрт “Т” әрпімен басталатын сөздермен анықтады. Ол: траст, традишн, транспаренси, толеранс – қазақшасы: сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік.
Осы бір төрт аталы сөздер қазақтың кеңпейілділігін, қонақжайлылығын, бауырмалдығын көрсетіп тұрған жоқ па? Көптен бері түйінделген, ұзаққа созылған шиеленістерге ерекше көңіл бөлу, екіжақты кездесулерге көпір болу, көршілес елдердің ортақ мәмілеге келуіне ықпал ету және тағы басқа да шаралар Қазақстанның абыройын асқақтатып, ұлтымыздың ұлылығын әлемге паш етті. Бұған әлемге әйгілі саясаткерлер мен Германия, Түркия, Франция және басқа да елдердің бұрынғы және қазіргі басшыларының Қазақстанның төрағалық етуіне өте жоғары баға беруі дәлел бола алады.
Бұл – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделі, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталған тапжылмас табандылық пен тағатсыз күн-түндерінің толағай табысы.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында АҚШ-та өткен ядролық қауіпсіздік мәселелеріне арналған Мемлекет басшыларының саммитінде Қазақстан Президентінің баяндамасынан кейін “Қазақстандық жол”, “Қазақстандық үлгі”, “Қазақстандық таңдау” сияқты сөз тіркестері сол саммиттің лейтмотиві болғаны ешқашан ұмытылмайды.
Жиырма жыл бұрын географиялық картадан Қазақстанды іздеп әуреге түсетін шетелдіктер бүгінде оны үлгі тұтып, төрінен орын беріп жатса, ол бізге аспаннан салбырап түсе қалған бақ пен құрмет емес. Мұны тәуелсіздік алғаннан бергі жердегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жүргізіп отырған салиқалы, сарабдал саясаты мен мәуелі мақсаттарының жемісі деп ұққанымыз абзал. Мұны қадірлей білу - әрбір көкірегі ояу, көзі ашық азаматтың борышы деп білемін.
Таяуда мен Мексикада халықаралық конференцияға қатысып, еліміздегі ұлтаралық татулық туралы сөз сөйледім. Соңынан көптеген конференцияға қатысушылар Қазақстандағы жағдайға қызығушылық танытып, “О, Қазақстан!” “О, Назарбаев!” деп мені құттықтап, қолымды қысып жатты. Бұдан артық Қазақстанды, Елбасының ерен еңбегін мойындаудың қандай үлгісі бар?!
Таяу күндері, 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне 55 мүше мемлекет пен 12 серіктес елдердің мемлекет және үкімет басшылары, 69 халықаралық ұйым жетекшілері, 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым өкілдері мен 1000-нан астам журналист қатыспақшы. Бұл халықаралық Ұйым өміріндегі соңғы 11 жылдағы елеулі оқиға болғалы отыр.
Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісі, бұл – егемен еліміздің, қаһарман халқымыздың жеңісі.
Бұл – ел болуға ұмтылған, бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың асыл арманы.
Бұл – 50 жылда бір айналып келетін маңызды шара.
Осынау айтулы оқиға біздің заманымызда, біздің сүйікті Отанымызда өтуі халқымыз үшін қазынаның қайнар көзі, әрі теңдесі жоқ қуаныш, әрі мәртебе екені даусыз. Сондықтан, осы шараны абыроймен атқару, оның өз деңгейінде өтуіне атсалысу – бәріміздің міндетіміз. Тіпті, үйіңе қонақ келерде де аулаңды, үйіңнің ішін тазалап, бар дәмді тағамыңды даярлап, қонағыңның риза болғанын қалайсың ғой.
Астана қаласының басшылары көптеген абаттандыру жұмыстарын орындауда. Осы сәтте елордалықтар үшін де үлкен ұйымшылдықпен қаланың тазалығын сақтап, көшелер мен аулалардың ажарын енгізіп, ұлтымызға тән қонақжайлық пен сабырлылық үлгісін көрсетіп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, мыңжылдық мәдениеті, ата салт дәстүрі сақталған еңселі ел екенімізді паш ететін сын сағаты келді.
Олай болса, іске сәт, ағайын!
Мұхамбет КӨПЕЕВ, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары.


