Араға он бір жыл салып барып, тұңғыш рет құрамына әлемнің 56 мемлекеті кіретін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті Астана қаласында өтеді. ЕҚЫҰ үшін осыншама уақыттан кейін мұндай ауқымды шара өткізу - өз алдына бір төбе, үлкен жетістік. Осының арқасында ұйымның құрамына кіретін көптеген мемлекет басшыларының арасында диалогтық алаң қайта жанданып, болашаққа деген жүйелі жоспарларды бірлесіп құруға мүмкіндік туды.
Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі - тағдырдың елімізге жасаған тартуы деп білемін. Орталық Азия аумағындағы экономикалық саяси көшбасшылықты еңсерген бұрыңғы кеңестік Орталық Азиядағы белді республикалардың бірі саналатын Қазақстан Саммиттің ұйымдастырылуына бастамашылық жасап, ауқымды жиынды қазақ жерінде өткізуге мүмкіндік алды. Қазақстан сынды тәуелсіз дамыған мемлекет қазірдің өзінде Орталық Азиядағы саяси тұғыры биік басты елге айналып отыр. Еліміз ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің қауіпсіздігі үшін тұрақтылықтың берік іргетасы болды.
Бұл біздің жас мемлекетіміздің әлемдік деңгейдегі тұғырын нығайтудың оңтайлы мүмкіндігі ғана емес, ол - Қазақстанымыз зор сеніммен атқаратын үлкен жауапкершілік. ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның басшылық жасағандағы атқарған жұмыстары үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсан күндері ел ордасы Астанада өтетін Саммитте егжей-тегжейлі талқыланатын болады. Көптеген мамандар Астанада өтетін Саммит 1999 жылы Стамбұл қаласында ұйымдастырылған жиыннан әлдеқайда жоғары деңгейде өтеді деген болжам айтады. Білікті мамандардың пікірлері шындыққа айналары сөзсіз. Себебі, «Шығыс-Батыс» жаңа қарым-қатынас форматына байланысты қабылданатын шешімдер мен ұсыныстар, айтылатын пікірлер әлдеқайда салмақтырақ болады. Астанада өтетін Саммитте ЕҚЫҰ-ның құрамына кіретін барлық мемлекеттер ұйымның тұрақтылығын одан сайын берік етіп, нығайтып, оның әлемдік деңгейдегі орнын жан-жақты айқындайтын болады. Жаңарған әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастық өзара дамудың шырқау шыңына шығары сөзсіз. Бұл ретте мықты саясаттанушы, көреген басшы әрі еуроазиялық идеолог, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған ісі мен жүзеге асырған әр жұмысы, сарабдал қадамдары барша жұртты сүйсінтеді.
Әлем тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын ауқымды шарада ЕҚЫҰ-ға мүшелік ететін елдердің атқарған жұмыстарының қорытындысы шығарылады. Сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі белді ұйымның қауіпсіздік пен ынтымақтастық саласында жасайтын жүйелі жұмыстары талқыланып, ЕҚЫҰ-ның беделін биік белестерге шығарары сөзсіз. Мемлекетке қажет ресурстарды мобилизациялау, қазақстандық ұлттық әлеуетті тиімді пайдалану, сонымен қатар «Қазақстандық жол» қозғалысындағы тәжірибе мен шеберлікті алға қою және мемлекетаралық сенімнің қайта қалыптасуына қазақстандық мемлекеттік және дипломатиялық тұрғыдан алға ұмтылу ЕҚЫҰ-ның басты мақсаттарының бірі болмақ.
Бейбіт экономикалық құрылыстың, демократиялы мемлекет пен дамыған азаматтық қоғамның, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастағы беріктік Қазақстан Республикасының Орталық Азия аумағында ғана емес, еуроазиялық көлемде нәтижелі жұмысын одан әрі жалғастыруға көп жағдай туғызады.
Халықаралық бірлестік жаңа жемісті стратегияларға, нәтижелі саясат пен террорлық әрекеттер тудыратындарға жазалау жұмыстарын күшейтуге, дінаралық экстремизмнің жойылуына сусап отыр. Мұндай олқылықтардың орнын толтыруға ЕҚЫҰ құрамына кіретін мемлекеттер бірлесіп жұмыс істері даусыз. Терроризм жаңа қауіп-қатерлердің, этникааралық және дінаралық қарама-қайшылықтардың, наркотрафиктің, бірлескен қылмыстық топтардың, заңсыз сауда жасайтындардың жұмысын жандандыруға септігін тигізеді. Аталған келеңсіздіктердің алдын алуда ЕҚЫҰ нәтижелі істер атқарды.
Ел ордасы Астанада өтетін Саммит Қазақстан үшін, оның халқы үшін үлкен жетістік, зор абырой-мақтаныш болары анық. Саммитке қатысушылар Кавказдағы қанды қырғындардың түбіне балта шабылатынына, Ауғанстандағы келеңсіздіктер қалпына келетініне сенім білдіреді. Олай болса, Саммитте кездескенше!
Асқар БАХРАЛИНОВ,
заңгер, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты.

