Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің отырысын ашты.
Саммит жұмысына ЕҚЫҰ-ға мүше және серіктес елдерден 73 ресми делегация, сондай-ақ ірі халықаралық және аймақтық ұйымдар – БҰҰ, ЕО, ТМД, ЕурАзЭС, ШЫҰ, ҰҚШҰ және т.б. қатысты.
Саммитке қатысушылар алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
Саммитте сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Петрос Эфтимиу және ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрена де Бришамбо, сондай-ақ тағы да басқа мәртебелі меймандар сөз сөйледі.
Маңызы мен мәні аса зор Саммитті ашқан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы форумда ұсынылып отырған Астана декларациясы мен іс-жоспарларының жобалары Ұйымның барлық мүшелері тарапынан қолдау табатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы байырғы қазақ жерінде, Қазақстанның елордасы - Астанада, Еуразияның жүрегінде, мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың диалогы басталғанын айта келе: «Самитте ұсынылып отырған Астана декларациясы мен іс-жоспарларының жобалары Ұйымның барлық мүшелері тарапынан қолдау табады деп сенемін. Бұл біздің халықтарымыздың қауіпсіздігі мен гүлдену ісіне қосылған үлкен үлес болар еді. Алып Еуразия құрлығын «Сенім. Дәстүр. Ашықтық және Төзімділік» сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру - өз қолымызда. Біздің Саммитің тарихи маңызы мен атқарар жүгі де осында деп білемін», - деді.
Сонымен қатар Н.Назарбаев ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде Қазақстанға сенім білдіргендері үшін Саммитке қатысушыларға алғыс айтты. «Құрметті мемлекет басшылары, үкімет пен делегация басшылары! Қазақстан тұңғыш рет осы маңызды халықаралық форумды ұйымдастырып отыр. Мен біздің елімізге сенім білдіргендеріңіз үшін барша әріптестеріме, Сіздерге зор алғысымды айтамын», - деді Елбасы.
Қазіргі таңда ЕҚЫҰ дамуының жаңа кезеңі басталып келеді. ЕҚЫҰ Саммитінің пленарлық отырысында ҚР Президенті осылай мәлім етті. Астана Саммитінде халықтардың болашақтағы қауіпсіздігі үшін бас қосылғанын айтқан Елбасы ЕҚЫҰ-ның қалыптасу кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі жолына тоқталып өтті.
«Қазір Еуропалық қауіпсіздік қағидаттары Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аумақты қамтып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі күні Ұйым дамуының үшінші кезеңі басталуда. Біз ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің жаңа деңгейіне көтеріліп, мұхиттан мұхитқа дейінгі аумақтағы ауқымды координаттарды қамтымақпыз. Мұндағы мәселе төрт мұхит шекарасындағы - Атлант мұхитынан Тынық мұхитына, Солтүстік мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейінгі аумақтағы бірегей кеңістіктік қауіпсіздікті қалыптастыру туралы болып отыр», - деді Елбасы Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ бойынша әріптестерді ядролық қарусыз жалпы декларацияны қабылдаудағы Қазақстан бастамасын қолдауға шақырды.
«Бүгін ЕҚЫҰ бойынша әріптестерді Ядролық қарусыз жалпы декларацияны қабылдауда біздің бастаманы қолдауға шақырамыз»,- деп атап өтті Елбасы.
«Біздің Саммит Еуразия орталығында өтіп жатқандықтан, өзіндік бірегейлігімен ерекшеленіп отыр, яғни Еуропаның географиялық шекараларының мыңдаған шақырымдарынан алшақ жерде өтіп жатыр. Біздің көзқарасымыз бәрінен бұрын Еуропалық қауіпсіздіктің өзгерген парадигмасын айқындайды. Жиырма бірінші ғасырдың басында өте қауіпті қатерлердің бастауы, Еуропалық құрлықтың тұрақтылығы оның аумағынан тыс жерде пайда болды»,- деді Президент.
Осы орайда Елбасы Ауғанстанның проблемалық түйініне ЕҚЫҰ-ға қатысушы 43 мемлекет жұмылдырылғанын жеткізді. «Біз Ауғанстандағы ахуалды реттеу, экономика мен бейбіт өмірді қалпына келтіру үшін кешендік стратегияны әзірлеу бастамасын көтеріп отырмыз»,-деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы Қырғызстандағы өткір саяси дағдарыс Орталық Азиядағы жаңа қақтығыстардың катализаторы болуы қаупін тудырғанын атап өтті.
«Біз АҚШ-тың және Ресейдің лидерлерімен және басқа әріптестермен осы елдегі қақтығыстарға тосқауыл қою және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ЕҚЫҰ-ның барлық тиімді тетіктерін пайдаландық»,- деді Н.Назарбаев.
Елбасы өз сөзінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның себеттері мен институттарының санын ұлғайтуды ұсынатынын мәлімдеді. «Бірнеше аптадан кейін Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде миссиясын аяқтайды. Біз алға ұйымды дағдарыстан алып шығу міндетін қойдық. Біздің күш-жігеріміз әріптестер тарапынан лайықты бағасын алады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Елбасы ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің барлығының алдындағы Ұйымды жаңарту үрдісі ұзақ мерзімді перспективаға арналған ортақ міндеті екендігін баса айтты. Бұл орайда Н.Назарбаев болашақта ЕҚЫҰ-ны басқару міндеті тұрған мемлекеттерді белсенділікті төмендетпеуге шақырды.
ЕҚЫҰ жұмысының басымдықтары гуманитарлық өлшемдер, демократиялық институттарды дамыту, Тәуелсіз БАҚ, адам құқығы мен бостандығын қорғау екендігін тілге тиек еткен ҚР Президенті: «Бұл - біздің дамуымыздың маңызды шарты. Сонымен қатар, заманауи қауіп-қатерлерге лайықты жауап беру үшін ЕҚЫҰ-ның даму үрдісінде мазмұнды құрылымдық өзгертулер қажеттігі туындауда. Біз Ұйымның себеті мен институттарының санын ұлғайтуды ұсынамыз», - деді.
Елбасы Н.Назарбаев Астана Саммиті 11 жылғы үзілістен кейін жоғары деңгейде кездесулер өткізу дәстүрін жалғайтынын атап көрсетті.
«Бүгінгі Саммит алғаш рет көп жағдайда Хельсинки қорытынды актісінің ережелері мен қағидаттары арқасында Тәуелсіз болған жаңа мемлекетте өтіп отыр. Мен бұл ретте мемлекет пен халықтардың еркін таңдау мен даму жолдары, егемендігі мен территориялық тұтастық құқығына қатысты айтып отырмын. Біз әлемнің бір бөлігіндегі ешқашан демократия болмаған жерде оны орнаттық», - деді Елбасы Н.Назарбаев.
«Еуразиялық қауіпсіздік - метафора емес, ол нақты геосаяси факт. Сондықтан Астана Саммиті біз үшін жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысындағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының перспективаларын талқылау үшін жақсы мүмкіндік», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының сөзінше, Еуропаның экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігінің көптеген аспектілері әлемнің аймақтарында болып жатқан түрлі оқиғаларға байланысты. Мұны жаһандық экономикалық дағдарыс та көрсетті. «Біздіңше, ЕҚЫҰ-ның алдағы онжылдықтағы басты міндеті - халықаралық мемлекетаралық бірлестіктер негізінде қарама-қайшылықтарды жоспарлы түрде шешіп, өзара сенімді нығайтып, ықпалдасуға күш салуда жатыр», - деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзінде, сондай-ақ, «Шығыс-Батыс» желісі бойынша, бір жағынан Еуропалық Одақ пен НАТО-ның, екінші жағынан ЕурАзЭҚ пен ҰҚШҰ арасындағы ықпалдастықты арттырудың да маңызы зор екендігін атап көрсетті. «Осы жол арқылы өткен ғасырда қалыптасқан трансатлантикалық ықпалдастықты трансеуразиялық ықпалдастықпен толықтыруға болады. Осы орайда Қазақстан Ресей мен НАТО арасындағы бастамаларды барынша қолдайды. Сонымен бірге Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің Еуропалық қауіпсіздікке қатысты жаңа келісім жасау жөніндегі ұсынысы да қолдауға тұрарлық», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Солтүстік-Оңтүстік» желісі бойынша, ЕҚЫҰ-ның бірқатар азиялық ықпалдасушы бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас орнатуы маңызды.
«Бұл ретте бірінші кезекте Қазақстанның бастамасымен құрылған және бүгінде 22 Азия елінің басын біріктіретін Азиядағы сенім шаралары кеңесімен байланысты нығайту қажет. Қазақстан бұл ретте Еуразиялық қауіпсіздіктің байланыс құралы рөлін атқаруға дайын. Біз келесі жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеміз. Осы қызмет барысында біз Еуразия кеңістігіндегі сенімді нығайту ісіне күш саламыз», - деді Н.Назарбаев.
Астанада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік институтын құруды ұсынды.
«ЕҚЫҰ-ға қауіпсіздіктің түрлі проблемаларын болжау бойынша жұмысты жолға қою пайдалы болар еді деп есептеймін. Алғашқы қадам ретінде ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік институтын құруды ұсынамын, оны осында, Астанада орналастыруға болады», - деді Н.Назарбаев Саммитке қатысушыларға қаратып айтқан сөзінде.
«ҚазАқпарат» материалдары
бойынша әзірленді.


