АСТАНА САММИТІ

ӘЛЕМДІК ОРТАҚ МҮДДЕЛЕРДІҢ ТОҒЫСҚАН СҰХБАТ АЛАҢЫ

Тито СЫЗДЫҚОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тоқсаныншы жылдардың басынан бері елімізде өткен талай саяси оқиғалардың куәсі болып келемін. Мемлекетіміздің дербестігін айғақтайтын Егемендік туралы Декларацияның, Ата Заңымыз - Конституцияның алғаш қабылданған сәтін бастан кешірдім. Енді саяси мәні жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі - ерекше жағдай. Әлемнің 28 мемлекетінің президенттері Қазақстанның төрі – Астанада бас қосуда. Мұндай оқиғаның өзі – бір бақыт, мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын.

Шын мәнінде, біздің қазіргі кезде өркениетті елдер қатарына жеткенімізді әлі барлық елдер біле бермейді. Былтыр Мәскеу мемлекеттік университетінің бір ғалымы маған: «Сіздер әлі киіз үйде тұрып жатырсыздар ма?» деп сауал қойғаны бар. Ендігі жерде Қазақстанның бүгінгі зор табыстарына Саммитке келген Солтүстік Америка, Азия, Еуропа континенттерінің көш бастаушы елдері бәрі көз жеткізеді. Саммитке қатысушылар тәуелсіз еліміздің ордасы - Астанамыздың сәулеті мен салтанатына тәнті болады. Олар Астанамыздың көркейгенін, еліміздің байлығын, ілгері дамығанын көреді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон секілді Саммит қатысушылары өз мемлекеттеріне Қазақстанның жетістіктерін айтып баратын болады. Оның өзі – бізге зор мақтаныш. Әр мемлекеттің басшылары музейлерде болып, қазақтың ежелден келе жатқан бай салт-дәстүрін танып біледі. Сондықтан Астанада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Саммитінің өтуі бізге үлкен абырой әкеледі, сонымен бірге, жас мемлекетіміздің әлемге танылуына ықпал етеді. Біздің төрімізде өтіп жатқан Саммитті үлкен дәрежелі оқиға деп білуіміз қажет.

 

 

Зара ҚОЖАХМЕТОВА,

Облыстық мұсылман әйелдер лигасының төрайымы:

- Тәуелсіздік алғанымызға небары 20 жыл ғана толғалы отырған жас мемлекетіміздің биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, әлемнің алпауыт мемлекеттерінің басын қосып, осындай шара өткізуі - бүкіл қазақстандықтар үшін зор қуаныш, үлкен абырой. Береке-бірлік пен татулықты ту еткен мемлекетіміздің бүгінгі бейбіт өмірі, игі қадамы өзгеге үлгі болмақ. Сайып келгенде, осының бәрі - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі.

Аз уақытта біздің елді бүкіл әлем таныды. Қасиетті қазақ даласының төрінде әлем мемлекеттерінің президенттері мен саясаткерлері бас қосып, әлем қауіпсіздігін сақтау жөніндегі күрделі мәселелерді талқылауы - Қазақстан үшін шексіз бақыт. Адамзат баласы үшін әрқашан бейбіт өмір қымбат. Ал жер бетіндегі миллиондаған халыққа ашық аспан, бейбіт күн сыйлау мақсатында осындай ерлік іске бел шеше кіріскен туған Отанымнан айналып кетейін.

Мен Астана қаласында өтіп жатқан Саммитті теледидар арқылы тамашалап отырмын. Бұл үлкен науқан ойдағыдай өтіп, нәтижелі болатынына сенемін!

 

 

Қайырқанат БОЛАТҰЛЫ,

Ақ мешіттің Бас имамы:

- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету - егеменді еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылатын оқиға. Тәуелсіздіктің туын ту биікке көтерген уақыттан бастап қазақ елінің қол жеткізген басты жетістіктерінің бірі осы белді ұйымға басшылық жасау. Екі күн бойы ел ордасы Астанада әлемнің елуден аса мемлекетінің басшылары бас босып, төрткүл дүниедегі қанды қақтығыстардың, тыныштықты бұзған келеңсіздіктердің алдын алудың амалдарын қарастыруда. Жүзден аса ұлттың өкілдері мекен ететін Қазақстанның әлемде болып жатқан неше түрлі ұрыс-жанжалдың ауылынан алыс болғанына шүкіршілік етуіміз керек. Бұл - алдымен Жаратушы иеміздің, сосын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы. Кеше көгілдір экраннан көз алмай, Астанада өтіп жатқан Саммитті тамашаладық. Жалпы, қозғалған жағдайлар мен көтерілген мәселелер өте орынды. Әсіресе, Саммитке қатысушылардың мұсылман елдері - Ауғанстан мен Қырғызстандағы келеңсіздіктерді бір қалыпқа келтіру керек деген ұсыныс-шешімдерін қолдаймын. Өте жоғары деңгейдегі Саммит ел мерейін асқақтатып қана қоймай, барша әлемге қазақ деген қайсар халықтың бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. ТМД елдерінен бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен Қазақстан әрбір адамзат баласының жүрегіндегі ұлтжандылық сезімін одан әрі нығайта түсті деп ойлаймын.

 

 

Айгүл НҰРКИНА,

«Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық

филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

 

- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінің еліміз үшін Ұлы мереке - Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып отырғандығы да тектен-тек болмаса керек. Себебі Тәуелсіздік – бұл қазақстандықтардың ұлы жетістігі. Егеменді ел атанғаннан бері саяси және экономикалық өзгерістерге толы көптеген мәселелер оң шешімін тауып, нарықтық экономикасы бар демократиялық мемлекетті құру жолында айтарлықтай табыстарға қол жеткізгеніміз рас. Бұған Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясатты жүргізуде, сондай-ақ алға қойылған мақсаттарға жетуде белгілеп берген бірізді басымдылықтары себепші болып отыр. Еліміздегі экономикалық реформалар демократиялық өзгерістердің басында тұрды. Мемлекетті құруда мұндай қадам дәлелді болып, оң нәтижелерін бергеніне қазір көзіміз жетіп отыр. Қазақ елі тек Орталық Азияға ғана танылмай, бүкіл дүние жүзіне мәлім болды. Бұған Қазақстанның беделді халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі дәлел. Бұл ұйым еуроатлантикалық кеңістіктегі маңызды саяси сұхбат алаңы болып табылады.

Биыл барлық әлемдік қауымдастықтардың назары ЕҚЫҰ-ға басшылық етіп отырған Қазақстанға ауды. Бүкіл дүниежүзі осы ұйымның қызметін, мәлімдемелері мен әрекеттерін көз жазбай бағып отыр. Халықаралық қауымдастық Қазақстанды көпконфессиялы әрі көпұлтты қоғамда тұрақтылық пен толеранттылықты сақтай білетін мемлекет ретінде таниды.

Қазақстанның үдемелі дамуында «Нұр Отан» партиясы маңызды рөл атқарды. Алғаш құрылғаннан бері он бір жылдың ішінде мықты, бұқаралық, тиімді, заманға сай партия атанып, елдегі игі өзгерістерге мұрындық болып, өзекті әлеуметтік тапсырмаларды шешуде сенімді сүйеу бола білді.

ЕҚЫҰ-ның кезекті жиыны халықаралық қауымдастықтың аса бір күрделі кезеңімен тұспа-тұс келгендігін атап өткен жөн. Себебі дүниежүзі әлі де әлемдік сипат алған экономикалық дағдарыстан толыққанды оңала алған жоқ. Экологиялық түйткілдер де жыл өткен сайын ушығып тұр. «Жығылғанға - жұдырық» дегендей, Ирак пен Ауғанстандағы соғыс, кең көлемді есірткі тасымалы, жер-жердегі лаңкестік әрекеттер қосылып, бүкіл адамзат алаңдаушылық көңіл-күйінен арылмауда. Демек, осындай ғаламдық сипат алған қауіпке қарсы мүдделі тараптардың күшін біріктіру қажет. Осыны жақсы түсінген еуропалық саясатшылар Қазақстанда бас қосып, мәселелерді кең көлемде талқылауда. Саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік байланыстарды нығайтудан барлық халықтың да ұтары көп. Астана Саммитінде қабылданатын қорытынды құжаттардың тек еліміз бен Еуропа құрлығы үшін ғана емес, бүкіл әлем мемлекеттерінің ортақ мүдделеріне сәйкес келетіні сөзсіз.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31