ПАЙЫМ ЖӘНЕ ПАРАСАТ

Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болып сайлануы отандастарымызды қуантып, өз еліне деген мақтаныш сезімін еселеп арттырған, тарихта алтын әріптермен жазылып қалатын мәні мен маңызы зор оқиға болғаны анық. Мұның өзі осыдан он тоғыз жылдай бұрын отаршылдық бұғаудан босанып, өз алдына жеке, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан егемен еліміздің дұрыс бағытта даму жолына түсіп, аз уақытта бүкіл әлемге жақсы қырларымен танылғанын, болашағы зор екендігін көрсетеді.

 

Біз ата-бабамыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қазақстан атты жаңа, жас мемлекетті құру бақытына ие болдық. Осындай қиын да жауапты тарихи кезеңде еліне, халқына басшылық етіп, дамудың даңғыл жолына бастаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1997 жылы «Қазақстан-2030» деген атақты стратегиялық жоспарын жолдағанда бұрынғы кеңестік өкімет тұсындағы шаруашылық байланыстары үзіліп, еліміз нарықтық экономикалық қатынастар жолына енді түскен кез. Өтпелі кезеңнің дағдарысы дендеген кезеңінде Елбасының өз халқының бақытын армандап, біз әлемге танылған іргелі де қуатты мемлекет боламыз деп жасампаздық істерге шақырғаны керемет батылдық, үлкен ерлік еді. Қиындыққа мойымай, бұл қиындықтың өткінші екені, саналуан ұлттардың өкілдері тұрып жатқан елдегі бірлік, тату-тәтті өмір арқасында, ортақ мақсатҚазақстанды гүлдендіруге бір кісідей болып жұмылса, қазақстандықтар алар асу, шығар шың биік болатынына Елбасы кәміл сенді. Осы сенімді қазақстандықтардың бойына ұялатты.

«Мен сіздерге, Қазақстан халқына, қоғамымыздың болашағы мен мемлекетіміздің мұраты хақындағы өзімнің пайымдауымды жолдап отырмын. Мен сіздерге осынау болашаққа қол жеткізіп, өз мұратымызды іске асыруға жәрдемдесе алады-ау деген сенім ұялататын стратегияны ұсынғым келеді» деп жазған болатын Қазақстанның тұңғыш Президенті.

Осы стратегиялық жоспардағы: «Егер біз өз ниетімізді байсалды ұсынсақ және пайымды да парасатты болсақ, өз дамуымыздың ішкі және сыртқы факторларын бүкпесіз талдап-таразылауға қабілетті болсақ, онда біздің жалпы топтасуымыз, өз тарихымыз бен ерекше жағдайларымыз негізінде дұрыс жолды таңдап алу мүмкіндігіміз бар» деген сөздер қазақстандықтар жүрегіне жол тауып, бойына шабыт бітіріп, ел көркеюі жолындағы ұлан-қайыр істерге бастаушы болды.

Президент ұзақ мерзімдік жоспарында Азияның ең кедей елдерінің кейбірінің отыз жыл ішінде қайыршылықтан оңалып, индустриялы мемлекеттерге айналғанын мысалға келтіргені мәлім. Оңтүстік Корея, Тайвань және Сингапур алғашқылар болып жағдайын түзесе, олардың қатарына Малайзия, Индонезия және Таиланд қосылды. Ұлы көрші Қытай жоғары қарқын танытып отыр. Индия мен Бразилия қуатын еселей түссе, бізге достас Ресей де жуық арада ұлы елдің келбетіне ие болады деп сенім білдірді.

Міне, осындай елдерден үлгі-өнеге алып, экономиканы қарыштап өркендету арқылы әлеуметтік мәселелерді оң шешуге, халықтың тұрмысын жақсартуға болатындығына кәміл сенген ел аталған салаларда ауқымды реформаларды жүзеге асыруға батыл кіріскен болатын. «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарында алдағы 33 жылда біз үшін маңызды, басымдық берілетін бағыттар қандай, оларды қалай іске асыруға болады деген сұрақтар төңірегінде пайымдаулар мен парасатты ойлар нәтижесінде нақты тапсырмалар берілді.

Біз тек қана шикізат шығарумен шектелдік, табиғи байлық шексіз емес, ендеше озық технологияларды ойлап табу, оны елді гүлдендіруге арнау қажет деген сөздерді Елбасы әр жиында, әр кездесуде жиі айтып, халық санасына жеткізуге асыққан болатын.

Ескі жүйенің шырмауынан құтылып, жаңа шаруашылық байланыстарын қалыптастыру, экономикалық саясатты пәрменді жүзеге асыру айтуға ғана оңай еді. Реформалар қиындықпен жүргенімен еңбегіміз еш кетпей, үнемі алға бастық. Қазақстан реформалар жағынан бұрынғы КСРО-ның елдерінен көп озған, жаңашыл ел деген жақсы атаққа ие болды.

Тоқсаныншы жылдардың қиындықтарға толы, тар жол, тайғақ кешулерін артқа қалдырған Қазақстан бірте-бірте жағдайын жақсартып, тұрақтылыққа қол жеткізе бастады. Мұның бір мысалы, екі мыңыншы жылдардың басында ішкі жалпы өнімнің өсуі сияқты әр қазақстандықты қуантып, жігерін жанитын жетістіктердің куәсі болдық. Тіпті ішкі жалпы өнім өсімі бойынша бүкіл әлемде алдыңғы қатардан табылып, бірқатар озық елдермен үзеңгілес болуымыз Қазақстандағы стратегиялық жоспардың дұрыс ойластырылып жасалғанын, ең бастысы ақжарқын да байсалды, білікті де іскер халқымыздың нарықтық экономикалық қатынастарға тез бейімделіп, Елбасы сенімін ақтағанын байқатқан. Елдің қай өңірін алсаңыз да осы заманғы өндіріс орындары құрылып, кәсіпкерліктің қанат жая бастады, Елбасы мақсатына айналған қоғамның орташа табын қалыптастыруда сәтті қадамдар жасалды.

«Бәрін айт та бірін айт» дегендей, экономика мен әлеуметтік салаларда алға басу көптеген ұлт өкілдерінің басын қосқан, бақытты өмір мекеніне айналған Қазақстандағы тату-тәтті өмір, ұлтаралық келісім нәтижесінде мүмкін болды. Елбасы бастамасымен 1995 жылы құрылған, биыл ғана өзінің 15 жылдығын атап өткен әлемде бірегей Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын құру өзін-өзі ақтағанын, бұл ұйымның құрылуы дүние жүзі жұртшылығын сүйсіндірген өнегелі іс болғанын айту керек. Қазақстаннан ұлт өкілдері достығы тәжірибесін үйренгісі келетін елдер қатары артты. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген халқымыздың дана қағидасын басшылыққа алған күн сәулелі Қазақстанымызда бір ұлтты артық санап, екіншіні кемсіту, ұлт өкілдері арасында дүрдараздық, қырғиқабақтық жоқ. Қазақстан – Отаным, Қазақстан – ортақ үйіміз, онда тұру бақыт! деген ұғым қалыптасты. Мұндай бірлігі жарасқан елді жарқын болашақ күтіп тұр.

Біз жиырма бірінші ғасырда өмір сүрудеміз, адамзаттың кемелденген тұсында тұрып жатырмыз десек те әлемде орын алып отырған дау-дамай, қарулы қақтығыс бар, діндер арасындағы келіспеушіліктен, араздықтан туған жанжал көп. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстандағы ұлттар бірлігі сияқты әртүрлі діндер арасындағы бір-бірін түсініп, келісімге келудің тәжірибесі бар екендігін мақтаныш етеміз. Мұндай жетістігіміз әлемдегі аса ірі діни конфессиялар өкілдерін түсінісуге, бір-бірін құрметтеушілікке, бейбіт өмір сақтауға болатынын дәлелдеді. Қазақстан өз тәжірибесін алға тартып, әлемдегі діни конфессиялар арасындағы түсінісу, бір-бірін құрметтеуді қалыптастыру мақсатын көздеген алқалы жиындарды өткізуді дәстүрге айналдырды.

Алдағы жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекеленеді десек, тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын кезең ішінде Елбасымыздың басшылығымен әлемге танылған қуатты да бейбіт ірі мемлекет болдық. Арман-мақсатқа толы «Қазақстан-2030» жоспары - алдағы өмірге оптимистік тұрғыдан қараудың тамаша үлгісі.

«Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарының ойдағыдай жүзеге асуы бүкіл әлемде Қазақстанның беделін арттырып, игі істерімен, тамаша жетістіктерімен танымал етті. Мұның бір мысалы – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Қазақстанды өз ұйымына төраға етіп сайлап, зор сенім көрсетті.

Мұндай сенім Қазақстанның демократиялық қоғамда және нарықтық экономиканы құрудағы үлкен табыстарын ескерудің нәтижесі. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер Президент Н.Назарбаевтың қазақстандық қоғамдағы этникааралық және конфессияаралық келісімді, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ішкі саясатқа деген адалдығын мойындады. Қазақстанның конфессияаралық келісімді сақтау және дамыту жөніндегі мол тәжірибесі ЕҚЫҰ қауымдастығы үшін қызықты болуда. Бұл 2009 жылы Ұйымға төрағалық ету жөніндегі өтініш берудің себептерінің бірі болғаны анық.

ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөнінде өтініш берген Қазақстан демократиялық және экономикалық өзгерістерді тереңдете түсті. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» формуласын пайдалана отырып, толағай табыстарға ие болған Қазақстан өзінің аса ірі халықаралық ұйымға төраға болуға лайықты екенін дәлелдей білді.

Қазақстан шикізаттық бағыттан экономиканы диверсификациялау бойынша күш-жігерін жұмсауда. 2015 жылға дейінгі индустриалды-инновациялық даму, «30 корпоративтік көшбасшы», «Алматы аймақтық-қаржы орталығы» сияқты тағы басқа бағдарламалар қабылданды.

2006 жылы Қазақстан 2015 жылға дейін 50 неғұрлым бәсекелестікке қабілетті елдері қатарына кіргісі келетіні туралы мәлімдеді.

Халқымызда «он үште отау иесі» деген ұлағатты сөздер бар. Мұның өзі жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру, кішкентайынан қиындықты жеңіп, ауқатты тұрмыс құруға баулу, баланы жасынан отбасылық өмірге даярлау деп ұққанымыз жөн. Он үште бала емессің, үлкен кісісің деген ұғымды бала құлағына құйып, санасына сіңіруде, баланы ерте есейтуде үлкен мән-мағына жатқаны анық. Ерте есейіп, жауапкершілікті түсінген бала отбасының, Отанының қамын ойлап, бұлардың қорғаны болады. Қамшының қысқа сабындай ғана адам өмірін бос жібермей, уақытын бағалай біліп, өмірде іздерін қалдырады.

Мұны мысалға келтіру себебі, «Қазақстан-2030» стратегиясының әр қазақстандық үйінің төрінен табылып, жария болғанына биыл 13 жыл толып отыр. Кезінде 2030 жылға дейін 33 жыл бар деп есептесек, отыз үш жылдың тең жарымына жақындаппыз, он үш жылда еліміз отау иесі болып, шаңырағын биік көтергені қандай жақсы! Бұл жылдар жемісті болғаны рас. «Айды аспаннан шығарды» деген осы ғой. Осы күндері Канададағы Ванкуверден Ресейдегі Владивосток аралығындағы 56 мемлекет басшылары қонақжай, ақжарқын еліміздің құрметті қонақтары болуда. Әлемнің 56 мемлекетінің саналуан түсті тулары біздің мақтанышымызға айналған бас қаламыз, ел ордасы сұлу да сәулетті Астана көгінде желбіреді. «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп халқымыз қуанып, шаттанған кезін білдіретін кез келді.

Мұның бәрі - біздің даму бағытымыздың дұрыстығы, «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарындағы биік межелерге қол жеткеннің көрінісі.

 

Өскенбай ТАСТЕМХАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31