САЯСАТКЕРЛЕР ЕҚЫҰ ФОРУМЫН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

 

56 мемлекеттің басшылары мен министрлері, әріптес елдердің, халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосқан Астана Саммитінде жұмыр жерді алаңдатқан түйткілді мәселелер қаузалды. Басқосуға қатысқан әр елдің өкілі өздерін толғандырған мәселелерді ортаға тастады.

 

Еуразия кіндігіндегі қазақтың бас қаласында елу алты елдің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жетінші Саммиті өз жұмысын аяқтады. Екі күнге созылған әлемдік құрылтайда сан түрлі мәселе талқыланып, бірталай пікірлер айтылды.

Саммиттің екінші күнінің жалпы отырысын ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқосудың қаншалықты маңызды екенін әрі бұл құрылтай мемлекет басшыларына үлкен міндет жүктейтінін айтты.

Жалпы отырыста сөз алған мәртебелі меймандар сан салалы тақырыптарды қозғады. Түркия Президенті Абдулла Гүл әлемдегі қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударды. «Бұл ретте алдымен Ауған еліндегі жағдайды тұрақтандыру қажет. Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесі туралы сөз қозғамай тұрып, Орталық Азиядағы қауіпсіздік жөнінде айтуға болмайды. Бұл ретте Ауған еліндегі жағдайды тұрақтандыру үшін ЕҚЫҰ-ның қандай мүмкіндіктері бар екенін мұқият қарастырған жөн. Сондай-ақ, Косова да ЕҚЫҰ қолдауына зәру болып отыр. Еуропалық ұйымның саяси-әскери шаралары барысындағы жетістіктері өте маңызды», - деді ол.

Италия Премьер-Министрі Сильвио Берлускони Қазақ елінің ядролық қарудан бас тартқанын үлкен ерлікке балап, дінаралық және ұлтаралық татулықтан үлгі алу керектігін айтты. «Қазақстан Саммитке өте жақсы дайындалған. Сондықтан ол жоғары деңгейде өтті. Бүгінгі жиынның Қазақстан мен осы елдің астанасында өтуі - Саммит үшін өте маңызды. Біз бүгін қазақтардың қаншалықты қонақжай екендігін көрдік. Мұнда келген қонақтар Астана атты ғажайыптың куәсі болып отыр. Мен үлкен саясатқа араласқанға дейін кәсіпкерлікпен айналыстым және жоқ жерден жүздеген ғимарат тұрғызып, қала салудың қаншалықты қиын шаруа екендігін жақсы білемін. Қазақстан басшысының бұл идеясы үлкен тәуекелді қажет ететін еді. Соған қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев осы тәуекелге бел буып, ойлаған мақсатына жетті, - деп атап көрсетті Италия Премьер-Министрі Сильвио Берлускони.

Саммитте жақында ғана үлкен жанжалға ұласа жаздаған қос Корея арасындағы текетірес те сөз болды. Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрі Ким Сон Хван «көршісінің қитұрқы әрекеттерін тоқтатуға ЕҚЫҰ да атсалысса» деген пікір айтты. «Әлемдік қоғамдастық бұл жағдайға атүсті қарамай, Солтүстік Кореяны жауапкершілікке тартып, ондай әрекеттерге бармауға шақыруы тиіс. Корея Үкіметі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан осы жанжалға қатысты өзінің нақты ұстанымын білдіруді сұрайды», - деді ол.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко ядролық қаруға қатысты мәселенің басын ашты. Оның пікірінше, атом бомбасы бар елдер мен ондай қаруы жоқ мемлекеттердің қауіпсіздігі бір деңгейде сақталуы тиіс. Беларусь Президенті Александр Лукашенко: «Біз ЕҚЫҰ аумағында бірегей қауіпсіздік жүйесін құруды қолдаймыз. Бұл ұйымның барлық мүшелеріне осы салада нақты әрі тең кепілдік беруге көмектесер еді. Сонымен қатар, қазіргі таңда ЕҚЫҰ-ның ядролық қаруға ие мемлекеттері ядролық қаруы жоқ мемлекеттердің қауіпсіздігіне, егемендігіне және территориялық тұтастығына кепілдік беруі керек», - деді.

Саммиттің жалпы отырысы аяқталар тұста сөз алған Ислам конференциясы ұйымының Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлы қос ұйымның арасына көпір салу керектігін, яғни, ынтымақтасу қажеттігін айтты. «Азаматтық, экономикалық және саяси құқықтар бойынша өзара түсіністік пен толеранттылықты құру мақсатында халықты бірлесе отырып жұмылдыру үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам конференциясы ұйымының күш-жігерлерін біріктіретін кез келді. Қос ұйымның арасында қауіпсіздікті дамыту тұрғысындағы басқа мәселелер бойынша да тізе қосуымыз керек», - деді мәртебелі мейман.

Осылайша, Еуропа ғана емес, күллі әлемдегі ең беделді ұйымның біріне Қазақ елінің төрағалығы аяқталды. Енді тізгінді Литва алады. Саммитке жиылған мемлекет басшылары мен сарапшылардың бәрі біздің төрағалыққа жоғары баға беріп отыр. Қазақстан төрелік еткен тұста ЕҚЫҰ-ның жұмысы жанданып, жаңа белестерге көтерілді. «Ал он бір жылдан бері бас қоспаған ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларын жинап Саммит өткізу Қазақ елінің әлемдегі беделін көрсетеді» дейді құрылтай қонақтары.

Интернет бойынша әзірлеген -

Асыл Әбішев.

 


 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31