Жуырда еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов бастаған бір топ делегат Иран Ислам Республикасына арнайы сапармен барып келді. Каспийдің ар жағында өткен сапарға Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Идият Бекболатұлы Әбдіхалықов та қатысты. Сапардың мақсат-міндетін, Иран елінің өзіндік ерекшеліктерін делегация құрамында болған жерлесіміздің өз аузынан естіп, білдік.
- Идият Бекболатұлы, алдымен, Иран еліне жасалған арнайы сапардың мақсаты жайында әңгімелеп берсеңіз...
- Қараша айының 13-17 аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шешімімен Президент Әкімшілігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Мәдениет министрлігі өкілдерінен, республикалық «Түркімен қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты және Шымкент облыстық Иран қоғамдық бірлестігінің төрағасынан құралған топ Иранға барып келдік. Бізді Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Камал Бұрханов бастап барды. Мақсатымыз Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісін ирандықтар назарына ұсыну болды. Сондай-ақ Иран елінде тұрып жатқан қазақтардың тыныс-тіршілігімен танысуды да көздедік. Бір сөзбен айтқанда, екі ел арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосуды мақсат еттік. Елімізде атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырдық. Сапарымыздың алғашқы күні Тегеран қаласында ҚР Елшілігінің ұсынысымен дөңгелек үстел шарасы өтті. Мұнда жеті мемлекеттің Ирандағы елшілері пікір алмасты. Еліміздің атынан К.Бұрханов және мен баяндама жасадық. Тәжірибемен бөлістік. Халық қалаулысы елдегі қоғамның жалпы құрылымы жөнінде кеңірек әңгімелеп берсе, өз басым Ассамблея жұмысы, ұлтаралық, конфессияаралық келісім турасында баяндадым. Әңгімемізді қатысушылар үлкен ықыласпен тыңдап, еліміздегі жұмыстарға оң баға берді. Негізі, Қазақстан мен Иран елдері арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнаған. Көп ұзамай елшіліктер де ашылған. ҚР-ның Ирандағы елшісінің міндетін атқарушы Мұрат Смайылов бізді арнайы қабылдады. Елшіліктегі қос ел арасындағы байланысты нығайту бағытында қолға алынған игілікті істермен таныстырды. Елшіліктегі қызметкерлермен пікір алмастық. Ондағы қызмет етіп жүрген өзіміздің азаматтарымыз жас болса да, жауапты іске бас болып отырғандарын аңғардық. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Бізбен қазақ тілінде сөйлессе, ирандықтармен парсы тілінде, өзгелермен ағылшынша тіл қатысып жатты. Осыған қарап, Қазақстанның сыртқы саясатын алға сүйреуде білікті мамандар жеткілікті екеніне қуандық. Иранның мәдениет және исламдық байланыстар ұйымы басшылығымен кездестік. Бізді Иранның рухани көшбасшылығында хатшылық қызмет атқаратын Аятолла Р.Хомейни қарсы алды. Оның міндеті - біздегі мемлекеттік хатшы қызметімен пара-пар. Ол да екі мемлекет арасында байланыстың нығайып келе жатқанын, лауазым иелерінің Қазақстанға жасаған кез келген іссапарлары нәтижелі болатынын қуанышпен жеткізді. Сондықтан да бізді үлкен ілтипатпен қабылдап отырғанын жасырмады. Ол «бұл жүздесуімізді Елбасы Н.Назарбаевқа деген құрметіміз деп есептеңіздер», деді. Шыны керек, дәл осы кездесуден ерекше әсер алып, бір марқайып қайттық.
- Бір сөзіңізде Ирандағы қандастарымызбен кездесуге тілек таныттық дедіңіз. Жүздесу қалай өтті?
- Сапарымыздың екінші күні Иран астанасы Тегераннан Горган қаласына жол тарттық. Ол жерде қазақ отбасыларымен кездестік. Бұл қалада қазақ отбасылары мол шоғырланған екен. Мұнда 500-ден астам қазақ отбасы өмір сүріп жатыр. Әсерлі кездесу болды. Оларға еліміздегі, аймағымыздағы достық, бейбітшілік жайында белгілерін сөз еттім. Екі жарым сағатқа созылған кездесуде еркін әңгімелестік. Қандастарымыз қонақасын беріп, құрмет көрсетті. Аталмыш кентте тіршілік етіп жатқан қандастарымыз 1932-33 жылдары ашаршылықта Түркіменстанға үдере көшкен Маңғыстау қазақтарының ұрпақтары екен. Кейін олар Иранға қоныс аударыпты. Көне көз қариялардың айтуынша, бейнет-қорлықты көп көріпті. Бүгінде бірқатар отбасылар тарихи отандарына оралып, Маңғыстауға тұрақтаған. Ал бірқатары сол елге үйреніп қалғандарын айтып, әзірше, көшуге бел бумағандарын жеткізді. Барлығы жұмыспен қамтамасыз етілген. Горган қаласындағы қазақтардың көбі апельсин, мандарин өсірумен айналысады екен. Қала сыртында арнайы жерлерде егін салады. Көпшілігі бизнеспен айналысатынын айтты. Мемлекеттік органдарда қызмет ететіндер де бар. Ұлтқа бөлу деген жоқ, көрші-қолаңдарымен тату-тәтті өмір сүріп жатқанын тілге тиек етті. Әрқайсысы екі-үш қабатты үйлерде тұрады екен. Мәселен, бізді қонақ қылған отбасының баспанасы үш қабатты. Бірінші қабаты көлік орны сияқты шаруашылыққа арналса, екінші қабатта қонақ қабылдайтын бөлмелер, ас бөлме, жуынатын орындар қарастырылыпты. Ал үшінші қабатта демалатын бөлмелер дайындалған. Барлығы үйлерін осындай тұрғыда салады екен. Асып кеткен бай болмаса да, алыстағы ағайынның жағдайы шүкіршілік деуге тұрарлық. Ирандық қазақтар бізді құшақтап: «Қазағым-ау, иісің-ай!» деп қарсы алды. Осы сәтте қазақтың қанына сіңген бауырмалдық иісі қатты сезілді. «Орамал тон болмайды, жол болады» демекші, облысымыздың атынан Әбсаттар Бәри есімді ақсақалға шапан жауып, Ассамблея жөнінде кітап табыс еткенімде, «қазағым келіп жатыр» деп көзіне жас алды. Бұл тарихи Отанды, қандастарды аңсағандықтың белгісі еді. Олар Иранда тұрақтап қалды. Алайда «Қазақстан - жатсақ та, тұрсақ та жадымызда», «Қазақстан жүрегіміздің түбінде», дейді ирандық қазақтар. ЕҚЫҰ-ға байланысты телеарналардан қазақ елін көргенде кеуделерін қуаныш кернейтінін де жасырмады. Елден жырақ жүрсе де, олар бізбен бірге екенін жарыса жеткізді. Бір айта кетерлігі, «қандасым» деп іздеп барғанымызға қатты қуанды, соны көрші-қолаңдарына мақтанышпен айтуға асықты. Олар Отанға оралуға бел буғандарды кеуделерінен қақпай, құшақ жая қарсы алып жатқан Елбасына, атамекен топырағына алғыстарын аямады.
- Ирандық қазақтар ана тілін қаншалықты деңгейде сақтапты?
- Негізінен, бұл елде мемлекеттік тіл – парсы тілі. Оған қоса әзірбайжан, күрд, араб, лур және белудж тілдері кең тарапты. Дегенмен, ана тілімізге келетін болсақ, ирандық қазақтардан бізге үлгі аларлық тұстар аз емес екен. Парсы тілінде білім алғанымен, ана тілімізде сәлемдесіп, шүйіркелескенде, еш мүдірген жоқ. Таза сөйлейтіндерін аңғардым. Тарихтан да хабардар екенін байқатты. Аға буын өкілдері салт-дәстүрді, тілді ұрпақтарының жадына сіңіруге көп көңіл бөледі. «Отбасында қазақ тілінен басқа тіл жоқ», дейді Иран қазақтары. Жастайынан баланың санасына ана тілді білу керектігін құйып тастаған. Киім киістерінде қазақилықтың иісі сезіледі. Өзге ұлтқа еліктеушілік байқалмайды. Құрбан айтты атап өту, діни мерекелерге көп көңіл бөлуде алдарына жан салмайтын көрінеді. Иран елінде жүргенімізбен, қазақ отбасында өз елімізде дастарқан басында отырғандай күй кештік. Дастарқан жасау, ас мәзірі, асты әкелу, үлкенге құрмет көрсету - бәрі-бәрі қаз-қалпында сақталған. Тек әйелдер мен ерлер дастарқан басында жеке отырады екен.
Горган қаласында қазақ қоғамдық бірлестігі бар. Оған Сләмбек есімді азамат төрағалық етуде. Дәл осы қалада бір жыл бұрын Қазақстан Республикасының Елшілігінің өкілдігі ашылыпты. Бізден біраз уақыт бұрын Маңғыстау әкімі Қырымбек Көшербаев басқарған делегация барып, Горган қаласымен өзара қарым-қатынас жөнінде шартқа отырған көрінеді. Ол жақта, бір жақсысы, инеден бастап, көлікке дейін өздерінде өндіреді. Осы орталықта Иранның мәдениет және исламдық байланыстар ұйымының хатшысы М.Резаи қарсы алды. Олар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нышаны ретінде Тегеранда – Қазақстан, ал Астанада Иран көше атауын беруді ұсынып отыр.
- Шет мемлекетте қандай ерекшеліктер көзге түсті?
- Тұрғындардың айтуынша, Иранда жалпы халықтың 20 пайызы - бай, 60 пайызы орташа отбасылар болса, қалған 20-сы кедейлік деңгейінде көрінеді. Алайда еңбек етсе, ел қатарлы күн көруге бар жағдай жасалыпты. Ерінбегендер тіпті мотоциклмен таксилік қызмет жасайды екен. Себебі Иран қалаларының ішінде көлік саны көп. Сондықтан автокөліктердің араларынан еркін өтіп, жолаушыны дер кезінде барар жеріне жеткізуде мотоцикл өте қолайлы саналады. Бір ғана Тегеран қаласы тұрғындарының саны 12 миллион, бұл - тек ресми мәлімет. Бейресми деректер бойынша олардың саны 16 миллионға жететін көрінеді. Жалпы халық еңбекқор екен. Ирандағы қазағы болсын, парсысы болсын тиыннан теңге құрауға бейім. Иран Ислам мемлекеті болғандықтан, халық дінді мықтап ұстанатыны бірден көзге түседі. Ол елде ішімдікке мүлдем рұқсат жоқ. Әйел адамдар қымтанып киініп жүреді. Ал ер азаматтар ақшыл түстен гөрі, көбіне қара түсті киімдер киюге тырысатыны байқалды. Бізде сенбі-жексенбі күндері демалыс болса, олар бейсенбі, жұма күндері демалады екен. Жұма күні барша жамағаттың мешітке баруы - қалыптасқан дәстүр. Содан соң Иранда жеке сауда нүктелері өте жақсы дамыған екен. Тұрғын үйлердің бірінші қабаттары тұтастай сауда нүктелеріне айналған. Халқының саны көп болғандықтан, көліктер де аз емес. Содан болар, көлік жөндеу орындары әрбір қадам сайын көзге түседі.
- Иран еліне сапардан қандай ой түйдіңіз?
- Қос елдің арасын Каспий теңізі ғана бөліп тұр. Демек, іргелес мемлекеттер үшін іскерлік, мәдени-рухани байланысты дамыту қай жағынан да тиімді. Бүгінде Қазақстан мен Иран арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та өз жемісін бере бастағанын халықтың өзі жиі айтты. Әрине, бәрінен де өзге мемлекетте өз еліміз жөнінде оң пікір, жоғары баға естігенде, еңсеміз бір көтеріліп қалғаны рас. Осы сапар барысында бүгінгі егемен елімізді төрткүл дүние танып жатқанына тағы бір көзім жеткендей болды.
Әңгімелескен – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

