білімді болуға лайық!
Егемен елімізде жүз қырықтан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Атап өтерлігі, қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша ұлттың құқықтары мен бостандықтары заңды түрде сақталып, олардың өз қалауларынша бақытты өмір сүрулеріне зор мүмкіндік жасалған.
Бүгінгідей бейбіт күнде бір шаңырақтың астында достығы жарасқан сан түрлі халықтың басты арманы – ұрпағының жарқын болашағы екені хақ. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз Қазақстан Республикасында ел ертеңі үшін көптеген игілікті істер қолға алынуда. Соның бірі – ұлтына, дініне қарамастан жас ұрпақтың жан-жақты білім алуына жағдай жасау. Қазақстан Республикасының Конституциясының 30-бабында да: «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бұл – елдегі өрендердің әрқайсысының заман талабына сай білім алуға ерікті екендіктерінің дәлелі екені ләзім.
Қазіргі таңда елдегі барлық оқушылар жаппай орта біліммен тегін қамтамасыз етілген. Тіпті, мемлекеттік «100 мектеп» бағдарламасы аясында жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде бой көтерген білім ордалары да соның бір дәлеліндей. Сонымен қатар көпұлтты елімізде өзге тілде білім беретін арнайы ұлттық мектептер де біртіндеп ашылуда. Бүгінде республика көлемінде 186 ұлттық мектеп Қазақстан Республикасының жас азаматтарына сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Тілі басқа болса да тілегі бір, ұлты басқа болса да жүрегі бір отандастарымыздың игілігі үшін жасалған бұл ізгі ісі елдің барлық өңірлерінде жүзеге асуда. Мәселен, Жамбыл облысында-1, Ақтөбе облысында-12, Оңтүстік Қазақстан облысында-120, Шығыс Қазақстан облысында-1 ұлтық мектеп өз оқушыларына лайықты білім беруде. Өткен оқу жылында ұлттық мектептерді тәмамдаған 1511 түлектің 82-і «Алтын белгі» иегері атанса, 46 пайызы мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алған.
Деректерге сүйенсек, жыл сайын аталған ұлттық мектептерде білім алатын оқушылар қатары артуда. Бұл - елдегі балалар үшін мемлекет жасаған мүмкіндіктің табысты болғандығының айғағы екені анық. Сондай-ақ, сан түрлі ұлттың ұлы мекені болған Қазақстан Республикасындағы аралас (орысша-қазақша) және мемлекеттік тілде білім беретін мектептерде де бірқатар өзге ұлт өкілдерінің балалары өз еркімен білім алып жатқанын атап өткен орынды. Бір ғана мысал келтірер болсақ, Павлодар қаласында осыдан төрт жыл бұрын қабырғасы қаланған №25 қазақ орта мектебінде оннан астам өзге ұлт өкілдерінің балалары мемлекеттік тілде білім алуда. Аталмыш мектептің бір артықшылығы - мұнда ағылшын тілі сабағы екінші сыныптан бастап оқытылады, ал 3-8 сыныптың оқушылары үшін қытай және араб тілдері үйірмесі жұмыс істейді. Қуантарлығы, жеткіншектерге өзге ұлттың тілін, мәдениеті мен әдебиетін үйрететін мұндай үйірмелер елімізде көптеп саналады. Барлығының да көздеген мақсаты бір, ол - мемлекет ұландарының жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті болуы. Осындай ортақ мақсатты негізге алған елдегі білім беру мекемелері әрдайым ұрпақ қамы үшін ұлағатты істердің жаршысы болып, өзгеге үлгі-өнеге көрсетуде. Сайып келгенде, мұның бәрі – жарқын болашақ, кемел келешек үшін елдегі тұрақтылық пен береке-бірліктің мәңгі сақталуына апарар сара жолдың бастауы.
Елдің ертеңгі тізгінін ұстар жас ұрпақтың білімді болуы – баянды да бақытты болашақ кепілі. Ал тәуелсіз ел балғындарының өнер-білімге құштар, ой-өрісі кең, абыройлы азамат болып өсуі үшін жағдай жасау – мемлекет міндеті. Бұл ретте біздің мемлекетте тұратын барша ұлттың ұл-қыздары үшін қолжетімді шаралар жасалып, айтарлықтай игі жетістіктер орын алуда. Ал мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай құрметке лайық болу-әр азаматтың Отан алдындағы абыройлы борышы болып қала бермек.
САНАЛЫ ЖАСТАРҒА ӘРДАЙЫМ ЖОЛ АШЫҚ
Әрбір тәуелсіз мемлекеттің алға қойған басты мақсаты - ел экономикасының дамып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруы екені анық. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақстан» сынды жарқын болашаққа үміт артқан жас мемлекет үшін ондағы ұлттар достығын сақтаумен қатар ұрпақ бойындағы білімді білікті ету саясатын дұрыс жүзеге асырудың маңызы зор. Бұл талап тәуелсіз Қазақстан Республикасында тұратын барлық ұлт өкілдеріне ортақ. Сондықтан да кең байтақ елімізді өркениет дамуына ілестіріп, жаңа заман технологияларын меңгеру үшін білімді, білікті мамандар ауадай қажет. Біздің елімізде азаматтардың сапалы білімге қол жеткізіп, ғылым жолымен айналысулары үшін еркіндік берілген. Әсіресе, басқа ұлттың балаларының құқықтары да заңды түрде бірдей қорғалып, олардың өз деңгейлеріне сәйкес ғылыммен айналысуларына мүмкіндік жасалуы - қуантарлық жәйт. Мәселен, бір ғана мысал келтірер болсақ, Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразиялық университетінің электр энергетикасы және жылу энергетикасы факультетінің биылғы түлегі Ринат Ярулин Афины технологиялық институтында тәжірибеден өтіп, ғылым саласында үлкен жаңалық ашқанын облыс тұрғындары мақтан тұтады.
Береке-бірлігі жарасқан қазақ елінде білім алып, кейін бойындағы білімін жетілдіру мақсатында шет мемлекеттерге барып, ғылым саласында жаңадан жаңалық ашып жүрген осындай ұлты басқа, бірақ Отаны ортақ жерлестеріміз жетерлік. Ең бастысы, олардың қай-қайсысының да мұндай жетістікке жетуіне мемлекет барынша ықпал жасауда. Жыл сайын қазақстандық жастардың мұхит асып, өзге мемлекеттерде болып, тәжірибе алмасып жататыны да соның дәлеліндей.
Қазіргі күні елімізде Елбасының тапсырмасына орай халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген қазақстандық білім беру жүйесіндегі реформалар ойдағыдай жүзеге аса бастады. Осыған орай жоғары білім алып қана қойма, ғылыммен айналысқысы келетін барша жастар үшін бакалавриат, магистратура, докторантура PhD сынды білім беру жүйесінің жаңа басқару үрдісі қалыптасты. Қазақстанның көптеген азаматтары осы игіліктің жемісін көріп, жаңа өмірге жолдама алуда.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да: «Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты» деп білім беру саласын дамытудың маңызды екендігін айтқан болатын.
Жалпы, білім мен ғылымды дамытпай, мемлекетті алға сүйреу мүмкін емес. Осы ойды дұрыс түсініп, ел іргесінің мықты, достығының ұзақ болуын мақсат еткен елімізде барлық ұлт өкілдерінің ғылыммен айналысуларына мемлекет тарапынан барынша мүмкіндік жасалуда. Ал оны орынды пайдалану – ел азаматтарына сын.
МЕМЛЕКЕТ МОЛ МҮМКІНДІК ЖАСАУДА
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының басты байлығы – халқы. Ал елдегі халықтың денсаулығы зор әрі білімді болуы үшін мемлекетімізде көптеген игілікті істер қолға алынуда. Әсіресе, ақпараттық технология саласы күн сайын қарыштап дамыған қазіргі кезеңде елдегі білім беру, соның ішінде жоғары білім алу мәселесіне баса мән берілуде. Атап өтерлігі, көпұлтты мемлекетімізді мекен етіп, Қазақстан Республикасының азаматы атанған барша халықтың баласы өз еріктері бойынша таңдаған университеттер мен институттарға оқуға түсіп, жоғары білім алуда. Жалпы, елде тұратын халықтың қай-қайсысының да заман талабына сай жақсы білім алулары үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Оған жыл сайын мемлекеттік оқу гранттарының иегері атанған мыңдаған мектеп бітіруші түлектер мен Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің дамыған елдеріндегі ең таңдаулы жоғары оқу орындарында білімін шыңдаған қазақстандық жастар куә. Аталмыш бағдарлама аясында елде тұратын орыс, татар, неміс, корей, ұйғыр, белорус, шешен, поляк, басқа да ұлт өкілдерінің білімпаз, саналы жастары шет мемлекеттерде халықаралық стандартқа сай білім алуда. Олардың қай-қайсысының да бәсекеге қабілетті, сапалы білім алулары үшін жұмсалатын материалдық шығынды мемлекет толығымен өз мойнына алуда. Дарынды жастарға көрсетілген бұл құрмет – олардың ел ертеңіне деген сенімін арттырады. Сондықтан да, егемен елімізде өмір сүретін барша ұл-қыздың ұлтына, нәсіліне, түріне қарамастан олардың жан-жақты жоғары білім алып, белгілі бір маман иесі атанулары үшін үлкен мүмкіндік жасалуда деп мақтанышпен айтуға әркімнің қақысы бар.
Ел жастарының жоғары білімді болуымен қатар оларды жұмыспен қамтамасыз етіп, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал жасау мәселесі де мемлекет назарынан тыс қалмағанын атап өткен орынды. Бұл ретте елде бірқатар маңызды бағдарламалар қабылданып, соның арқасында жас мамандардың аяғынан тік тұрып кетулері үшін мол мүмкіндіктер жасалуда. Мәселен, жас мамандардың қол жетімді тұрғын үй алулары үшін және басқа да қажеттіліктері үшін қаржылай материалдық көмектер ұсынылуда. Міне, осы аталғандардың барлығы - қазақстандық жастардың жақсы өмір сүріп, өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең болуын көздеген айқын мақсаттардың бірі.
Ендеше, қашанда халықтар арасындағы мызғымас достықты жалау еткен көпұлтты еліміздің ел сенген жастары туған Отаны-Қазақстан Республикасына қалтқысыз адал қызмет етуге міндетті. Себебі, «ел ертеңі – бүгінгі жастардың қолында!» деген қағиданы ұстанған Қазақстанда болашақ үшін мазмұнды да мақсатты іс-шаралар көптеп атқарылуда. Ал жақсылыққа жақсылықпен жауап беру – адамзат үшін қашанда абыройлы іс.
Нұржайна ШОДЫР.

