Үстіміздегі жылдың маусым айының аяқ шені... Еліміздің жас, қонақжай астанасы әлемнің әрбір түкпірінен келген қонақтарды құшақ жая қарсы алуда. Олардың қатарында Ұлыбритания, Чехия, Голландия, Ресей, Белоруссия және тағы басқа көптеген елдердің өкілдері бар.
Астана көркейіп сала берді. Қазақстанда, ортақ шаңырақ астында тұрып жатқан халықтардың әні мен биіне, достық пен егемендіктің әуеніне бөленді. Әлемнің 53 мемлекетінен, жер бетінде өмір сүріп жатқан барлық халықтарға ынтымақ пен татулық тілей келген делегаттарға орталық саябақ алаңына тігілген киіз үйлердің есігі айқара ашылды. Маусым айының 28-29-ы аралығында Еуразияның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы күндері аясында ұйымдастырылған бұл мерекеге қатысу құрметіне Павлодардың «Беларусь» этно-мәдени бірлестігі ие болды.
Қазақстан халқы ассамблеясының шақыруымен және оның қорының қолдауымен біз Павлодардың Ертіс өңірінде тұратын беларус халқының жасаған қолданбалы қолөнер туындыларының көрмесін ұсындық. Ұлттық киімдерімізді, сал-дәстүрімізді көрсетіп, беларустық қонақжайлылығымызды паш етуге тырыстық. Оның ішінде қолөнер шеберлері Л.Михайленко, Л.Лопатюк, В.Золотарева кестелерін, сабаннан өрілген, тоқыма өнімдерін ұсынды. Ал мәдени орталықтың жастары салт-дәстүрімізден сыр шертетін шағын сахналық қойылымдар қойып, ұлттық киімдерімізді көрсетті.
«Беларусь» этномәдени бірлестігінің төрайымы Л.Богнат қонақтарды қарсы алып, оларды орталықтың тыныс-тіршілігімен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Қазақстан халқының бірлігі идеясын және бұл бағытта еңбек етіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен таныстырды.
Көрме үстелі үстіне Қазақстан және Беларусь мемлекеттерінің рәміздері, барлық қазақстандықтардың рухани бірлігінің нышанына айналған – Бәйтерек бейнесі, «Бір отбасында өмір сүреміз» атты кітап және Ақ Русьтің әулие қорғаушысы – Ефросиния Полоцкаяның иконасымен безендірілді. Сондай-ақ қонақтарды дәстүрлі түрде қолдарына кесек нан ұстаған ұлттық киімдегі қыздар қарсы алды.
Келгендердің көбін Қазақстандағы Беларусь елінің бірінші ресми өкілі Л.Пакуштың «Беларус-қазақ қатынастарының тарихынан», «Белоруссия мен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастығы: бүгінгі жағдайы, мәселелері, даму мүмкіндіктері» атты кітаптары және «Радзіма», «Достық дастарханы» оқу-әдістемелік оқулықтары қызықтырды.
Бір атап өтерлігі, Астана қаласындағы бұл айтулы шараның өту мерзімі Беларуссия елінің Тәуелсіздік күні мерекесімен сәйкес келді. Барлығымыз мұны жақсылыққа баладық. Аталмыш оқиғаға орай беларусь этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері Қазақстандағы Беларуссия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі В.Брылевтың қабылдауына шақырылды. Оған еліміздің Сыртқы істер министрлігінің, дипломатиялық корпусының өкілдері қатысты. Шара барысында екі елдің Әнұраны шырқалып, ресми құттықтау сөздер айтылды. Барлығы салтанатты, көтеріңкі мерекелік көңіл-күйде өрбіді.
Кездесу кезінде ресми түрде, павлодарлық «Беларусь» этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Л.Богнат Беларусь елінің мемлекеттік наградасы - «Беларуссия мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін» кеуде белгісімен марапатталды. Бұл - ол кісінің талай жылғы еңбегінің жемісі. Любовь Богнат аймағымыздың беларус этно-мәдени орталығын көп жылдан бері басқарып келеді. Қоғамымызда ынтымақ пен бірлікті нығайтуға, жастар арасында ұлтжандылықты дәріптеп, отансүйгіштікке тәрбиелеуге, екі елдің мәдениетін, өнерін және тілін дамытуға көп үлесін қосуда. Өзінің этникалық отанының тағайындаған үлкен наградасын Қазақстандағы ЕҚЫҰ күні қарсаңында алғандығы - барлығымызға қуаныш.
Астана қаласындағы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне арналған барлық шаралар біздің жарқын болашағымызға, ұлтаралық және конфессияаралық бірлігіміздің, достығымыздың нығая түсуіне бағытталды.
Алексей КРАВЕЦ,
«Беларусь» этно-мәдени бірлестігі
жастар қанатының жетекшісі.

