БІЛМЕСТІКТЕН БЕ, ӘЛДЕ...

 

       Бүгінде ешбір мемлекеттік мекеме қандай да бір мүлік сатып алғысы немесе ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құрылыс бастағысы келсе, мемлекеттік сатып алулар жөніндегі байқау өткізбей аттап баспайтындығы белгілі. Себебі бұл жұмыстарды атқаратын мердігер компанияны мұқият таңдау қажет. Талап сондай. Дұрыс-ақ. Алайда дәл осы байқау талай мемлекеттік мекеме өкілдерінің басына пәле болып тиюде. Мысалы, апта басында өткен облыстық тәртіптік кеңес отырысында қаралған істердің басым бөлігі аталмыш мемлекеттік сатып алулар рәсіміне байланысты болды.
      Жоғарыда атап өткен сөзімізге дәлел ретінде тәртіптік кеңес отырысында қаралған мына бір істі келтіруге болады. Ағымдағы жылдың сәуір айында Ертіс ауданының білім беру бөлімі аудан орталығындағы №1 жалпы білім беру мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы сомасы 33 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алулар жөнінде байқау жариялаған. Нәтижесінде аталмыш байқауды ешкімге беймәлім «Вулкан-ЛТД» ЖШС ұтып алыпты. Ең қызығы, алғашында бұл компания байқауға қатысуға ниет білдіріп, құжаттарын тапсырған 14 кәсіпорынның қатарында мүлде болмаған. Ал байқау өткізілген күні ол, қалай екендігі белгісіз, он бесінші үміткер кәсіпорын ретінде тіркеліпті. Ол-ол ма? Аталмыш «Вулкан ЛТД» серіктестігінің құжаттарында да шикіліктер болған. Бірақ, осылардың барлығына қарамастан, мердігер кәсіпорын жеңімпаз атанып, бүгінде жоғарыда аты аталған мектеп ғимаратында жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ал мемлекеттік сатып алулар рәсіміне қатысқан құрылыс саласында тәжірибелері мол, сенімді, аймағымызға белгілі қалған кәсіпорындардың үміткерлігі қанағаттандырылмаған. Бұл жемқорлық тәртіпбұзушылыққа жол берілгендік болып есептеледі. Соның салдарынан тәртіптік кеңес алдында Ертіс аудандық білім бөлімінің бастығы, комиссия төрағасы Ж.Иманжапарова бастап, аудандық қаржы бөлімінің бас маманы Ж.Сейітова, білім бөлімінің бас маманы Ж.Құдасова және аудандық №1 мектебінің директоры Ж.Махметов қостаған комиссия мүшелерінің барлығы жауап берді. Олардың айтуына қарағанда «Вулкан ЛТД» серіктестігінің алғашқыда тізімге енгізілмей қалғандығына комиссия хатшысы кінәлі көрінеді. Жалпы, жоғарыда жіберілген кемшіліктерге қатысты бірқатар себептер айтылды. Дегенмен олар байқау комиссиясы мүшелері үшін жауапкершіліктен жалтаруға көмек бола алмады. Нәтижесінде олардың барлығына сөгіс жарияланды.
       Бұдан басқа тәртіптік кеңес отырысы барысында Қашыр аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы К.Алетаеваның ісі қаралды. Ол өзіне жүктелген қызметтік міндетіне сәйкес аудандағы жұмыссыз азаматтарды тіркеумен айналысады. Өзге де жұмыстар сияқты бұл да - жауапкершілігі мол міндет. Алайда тәртіптік кеңестің ресми өкілі С.Қасымқановтың айтуына қарағанда, К.Алетаева міндетіне салғырт қараған. Ол бір күнде астаналық «Ақмоладорсервис» ЖШС-нің жұмыскерлері болып есептелетін 25 адамды жұмыссыздар ретінде тіркеуге алыпты. Артынша аталмыш серіктестік аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен әлеуметтік жұмыс орындарын құру туралы келісімшартқа отырған. Соның арқасында аталмыш компания әрбір жұмысшыға қазынадан 15 мың теңгеден үстеме қаржы алып отырған. Бір атап өтерлігі, бұл оқиға бойынша аудандық прокуратура қылмыстық істі қараудан бас тартыпты. Тәртіптік кеңес мүшелері мұндай айқын заң бұзушылыққа жол берілген жағдайда қылмыстық істің қозғалмауы қате екендігін айтты. Нәтижесінде К.Алетаеваның ісі қайта қарауға жіберілді. Енді бұл іс облыстық деңгейде қаралатын болады. Ал «Ақмоладорсервис» серіктестігі тексеру басталған кезде-ақ екі миллионға жуық қаржыны қайтарыпты.


Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 30 31