Мемлекеттік қызметші деген кім? Жалпы айтқанда, бұл кез келген мемлекеттің, оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік аппараты орналасқан іргетас болып табылады. Бүгінде әкімшілік қызметшілерден жоғары адамгершілік қасиеттермен қатар, кәсібилік міндеттерді де талап ету аса қажет. Олар бұл талаптарға сай ма? Еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің құрамы сапасының өз деңгейінде болуы үшін нендей жұмыстар атқарылуда?
Мемлекет тарапынан әкімшілік органдардағы жұмыстың тиісті қалыпта жүргізілуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Қызметке орналасу барысында байқау ұйымдастыру, жас мамандарды ұжымда тәрбиелеу, қайта даярлау мен оқытудың аймақтық орталығында басқарудың жаңа модельдерін оқыту - осының барлығы біздің мамандарымыздың кәсібилік қабілеттерін арттыруға бағытталған.
Алайда, кейбір шенеуніктер мемлекеттік қызметші әдебінен аттап, жалпыға бірдей адамгершілік құндылықтарды ескермейді. Осыдан түрлі құқық бұзушылыққа жол беру пайда болады. Жағымсыз факторлар мемлекеттік қызметшілердің имиджіне нұқсан келтіріп, тұрғындардың билік органдарына деген сенімін төмендетеді.
Мәселен, мемлекеттік қызметшілерге қатысты 2011 жылы құқық қорғау органдарымен 77 қылмыстық іс қозғалды. Олардың арасында қарауындағы мүлікті ысырап ету (18 іс), алаяқтық (8), пара алу (15), пара беру (5), қызмет бабында жалған құжат жасау (24) секілді фактілер тіркелген.
Соңғы кездері ауылдық округтер мен елді мекендер әкімдерінің, спорт және денешынықтыру, білім беру мекемелерінің, әлеуметтік қорғау органдары қызметкерлерінің сыбайлас қылмысқа жол беру оқиғалары жиілеп кетті.
Қазіргі шенеуніктің имиджіне кеңінен тоқталып өтсек. Өкінішке қарай, қуантарлық жайттар көп емес.
Жуырда өткен әлеуметтік сауалнаманың қорытындылары мені қатты алаңдатуда. Анық болғандай, облыс тұрғындарының мемлекеттік қызметтер сапасына қанағаттану деңгейі төменгі көрсеткіштердің саясында қалып отыр екен. Мысалы, облысымыздың тұрғындары денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамту, құқық қорғау салаларының және атқарушы, өкілетті органдардың қызметтеріне көңілдері толмайтындарын айтады. Аталған салалардың мамандары өздеріне жүктелген талаптарды тиісінше орындамай, жұртшылық наразылығына ұшыраса, сонда олар кімдерге қызмет етіп жүр?
Мұның барлығы мемлекеттік қызметшілер имиджінің төмендеуіне әкеледі. Себебі, олардың барлық жұмысы - халықтың назарында жүр, жұртшылық кімдердің жұмысқа білек сыбанып кіріскенін, кімдердің қызметке селқостық танытқанын көруде.
Өзге де тәртіпке қатысты мысалдар баршылық. Таяуда ғаламтор желісі мен бұқаралық ақпарат құралдарында Шарбақты ауданының бұрынғы әкімі С.Смағұловқа қатысты жарияланымдар шықты.
Мәселенің мәнісі неде? Аудандағы кәсіпкер М.Барсуковский әлемдік желі арқылы Шарбақты ауданының әкімі туралы атышулы бейнематериал таратып, әкімге қылмыстық топ құрды деп кінә тақты. Аталмыш бейнематериалда айтылатындай, аудан прокуроры, полиция бастығы, әкім көмекшілері мен басқа да лауазымды тұлғалар бір басқосуда болған көрінеді. Бұл жайт Бас прокуратураның, Президент әкімшілігі мен басқа да құрылымдардың назарына бірден ілінді.
С.Смағұлов қызметінен босату туралы өтініш беріп, жұмысынан кетті. Ауданның бұрынғы әкімі кінәлі ме, әлде кәсіпкер оған негізсіз айып тақты ма? Қазірде бұл мәселемен тергеу органдары айналысуда. Менің ойымша, аудан әкімінің кінәсі - саяси жетекші ретінде даудың алдын алуға тырыспағанында. Басшының міндеті кез келген қиын мәселеге жедел түрде көңіл аудару болып табылады.
Алайда, бұл жайт барлық басшылардың өз қызметтерінен айырылып қалудан қорқып, шағымданушы әлдекімдердің айтқанына еріп кетудің мысалы емес. Кез келген даулы мәселені шешуде тек заңға ғана жүгіну, арыз беруші адамды тұлға ретінде қабылдап, ортақ мәмілеге келу – білікті басшыны сипаттайтын қасиеттер. Бұл өз имиджіңді жақсарту ғана емес, тұрғындардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімінің артуына үлес қосар жұмыс болып табылады. Жуырда «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген Әлихан Бәйменовтің «Басты өлшем – кәсібилілік пен нәтижелілік» атты мақаласы көңілімнен шықты. Мұнда мемлекеттік аппараттағы арнайы өкілетті адамның барлық қызметкерлермен әңгімелесуі кезінде мүмкін болатын кикілжіңдердің «ошақтарын» айқындайтын американдық тәжірибе баяндалған. Біздің жағдайымызда аталмыш жүк саяси қызметші - аудан әкіміне артылуы қажет.
Адами капиталды басқару өнері кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл үшін арнайы білім қажет. Менің ойымша, аталған мақсатқа республикамыздағы мемлекеттік қызмет істері Агенттігі дайындаған және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мақұлданған Мемлекеттік қызметтің жаңа Тұжырымдамасы арқылы жетуге болады. Осыған сәйкес, бүгінде заңнамаға енгізілетін өзгертулер дайындалуда.
Онда көптеген жаңашылдықтар бар: үш тұғырлы мақсат төңірегінде бірігу. Біріншіден, мемлекеттік органдар жүйесіндегі тиімді кадрлық саясат пен адам капиталын басқару мәселелері. Екіншіден, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен мемлекеттік қызмет көрсетудің жоғары сапасына қол жеткізу. Үшіншіден, мемлекеттік қызметтің этикалық нормалары мен жағымды имиджін сақтау.
Мемлекеттік қызметшінің жағымды имиджі өз бетімен қалыптасатын дүние емес. Менің ойымша, ең бастысы, бұл – адамгершілік, белгілі бір азаматтың мәселесін түсіне білу, құқықтық заңнамаларды меңгеру және тәжірибені дамытуға тырысу. Қолында билігі бар адамдардың адамгершілігі туралы мысалдар келтірейін.
2010 жылдың сәуірінде өңірдің мемлекеттік қызметшілер құрамы Алматы облысы Қызылағаш ауылындағы табиғат апатынан зардап шеккен азаматтарды қолдау қорына көмек көрсетті. Ал 2011 жылдың мамырында Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына көмек қолын ұсынды.
Павлодар қаласындағы мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері жыл сайын Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрына С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бұрынғы ректоры Ерлан Арынның жеке қаражатынан төленіп ұйымдастырылатын тегін қойылымдарға барады. Бұл игі үрдіс жалғасын таба бермек.
Павлодар ауданының әкімі Төлеген Бастенов жұбайымен жылына бірнеше рет аталған ауданның жетім балаларына сыйлықтар табыстап, дастарқан жайып отырады. Қайырымдылық шаралары жыл сайын үздіксіз өткізіліп тұрады. Бұл өз-өзін жарнамалау үшін жасалған іс емес.
Жоғарыда атап өткендерім, үлгі аларлық істер емес пе?
Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі жергілікті басқармасының бастығы ретінде жұмыс барысында көптеген адамдардың тағдырымен танысуға тура келеді. Мәселелер сан алуан: мемлекеттік органдар жетекшілері мен қарапайым азаматтардың проблемаларын шешуде тиісті шешім қабылдау керек. Ал мен қабылдаған шешімдер әділдікке деген сенімнің зор болуына әсер етеді. Біз Тәртіптік кеңес мүшелерімен бірге белгілі бір мәселеге нүкте қоймас бұрын ойымызды саралап, талқылаймыз. Содан кейін ғана соңғы шешімімізді қабылдаймыз. Сөзім дәлелді болсын. 2010 жылы біз сегіз тәртіптік істі тоқтаттық, сол арқылы мемлекеттік қызмет-шілерді айыптаулардан қорғап қалдық. Өткен жылғы көрсеткіш – шешімін тапқан 35 іс.
Осы мысалдарды атап өтуімнің өзіндік себебі бар. Басты мақсат – мемлекеттік қызметшілерге халық алдындағы басты міндеттерін әділ әрі шынайы орындауларын түсіндіру.
Мемлекеттік қызметтің тиімділігі жоғары корпусын қалыптастыру мәселелері әрдайым Елбасымыздың басты назарында. Осы орайда мемлекеттік аппарат қызметін жетілдіру мақсатында жыл сайын шешімдер қабылданады.
Әлихан Бәйменовтің «Басты өлшем – кәсібилілік пен нәтижелілік» атты мақаласына тағы тоқталсам. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы мақалада «Жемқорлыққа апарар жол - қарапайым азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының бұзылуы. Сондықтан, әкімшілік этиканың сақталуын қадағалайтын бақылау жүйесі маңызды алдын алу ролін атқарады» деп атап өтті. Аталған жарияланымда автор осы саладағы мәселелер төңірегінде айтып, мақсат-міндеттерді бағдарлады. Сонымен қатар, ведомство мемлекеттік қызметтің жаңа тұжырымдамасын жасау жөніндегі тапсырманы орындайтынын баса айтты.
Осы тұжырымдамаға орай тұрғындардың мемлекеттік қызметке сенімділігін арттыру бойынша 2012-2015 жылдарға арналған облыстық бағдарлама жасалуда. Құжат «Мемлекеттік қызмет – ұлтқа қызмет ету» деп аталады. Тұжырымдамада мемлекеттік қызметшінің имиджін арттыру мәселесін шешудің нақты жолдарын ұсындық. Бұл мақсатқа сөзбен емес, әр мемлекеттік органмен және шенеунікпен әдістемелік жұмыстар жүргізу арқылы жетеміз.
Мысалы, мемлекеттік қызметшінің қызметтік іс-қимылы, этикалық іс-әрекеті, зияткерлік және жұмыс тәжірибесі талаптарын орындау, әріптестерінің баға беруі, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарының жиілігі, сондай-ақ азаматтар тарапынан айтылған пікірлер бақылауға алынады. Бұл – облыстағы қалалар мен аудандардың жалпы саны бес мыңдай әкімшілік қызметшілері үшін маңызды емтихан. Жуырда басқарма жанынан тәжірибелі журналистердің қатысуымен қоғамдық кеңес құрдық. Олардың көмегімен мемлекеттік мекемелер жұмысы тәжірибесі бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз әрі тиімді қарым-қатынас орнату жетілдіріле түспек.
Осындай «имидждік» саясат жылдам әрі тиімді сипатта болуы керек. Оның басты мақсаты – қоғамды мемлекеттік органдар және үздік мемлекеттік қызметшілердің жұмысы жөнінде жүйелі ақпараттандыру. Әрине, ең алдымен мамандардың кәсіби, рухани-адамгершілік және іскерлік қасиеттерін қалыптастыруға баса назар аударылады. Бұл – жұмысымыздың маңызды бөлігі. Бұған қол жеткізуге болатынына кәміл сенемін.
Мемлекеттік қызметшіні патриот ретінде, адам психологиясын терең меңгерген, әр азаматтың және мемлекеттің мүддесін қорғауға дайын маман ретінде тәрбиелеу – әр мемлекеттік орган жетекшісі жұмысының түпкі мәні.
Н.А.РАМАЗАНОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңес төрағасы.