Бүгінде ел назарындағы басты оқиғалардың бірі үстіміздегі жылдың желтоқсан айының басында Астана қаласында өтетін Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті екендігі сөзсіз. Бұл - еліміздің Еуропа төріндегі төбебилігі кезеңіндегі тағы бір үлкен жетістігі. Барша Қазақстан жұртшылығы үшін жоғары маңызға ие бұл шараны өз деңгейінде өткізу - елге сын. Мұндайда жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білу аса маңызды. Бұл ретте еліміздің әр аймағында осынау айтулы оқиғаға арналған шаралар өткізілуде. Саммиттің мән-мағынасын, мақсатын түсіндіріп, насихаттауға бағытталған осындай шаралардың бірі Павлодар қаласында басталды. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Қазақстан және ЕҚЫҰ» атты кітап көрмесінің тұсауы кесілді.
Кітапхана төрінен аталмыш еуропалық ұйымның қызметі, мақсат-мүддесі, еліміздің өткені мен бүгіні, сыртқы саясатының қалыптасуы, яғни шет елдермен байланыс, тәуелсіздіктен кейінгі ел дамуының қарқыны, Елордамыз - асқақ Астана жайында кітаптар орын алған. Көрмеге сондай-ақ ел Президенті, ЕҚЫҰ төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары, Ата Заң хақындағы әдебиеттер қойылған. Бір атап өтерлігі, сөреден тек қазақ, орыс тіліндегі ғана емес, ағылшын тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдарды көруге болады. Бұл ретте, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі, еліміздің бүгінгі даму деңгейі, Елбасы, оның кемел саясаты туралы әлемдік сарапшылардың мақалалары жарық көрген белгілі шетелдік газет, журналдар ұсынылған. Онымен қоса, ұлттар достығы тақырыбына да ерекше мән берілген. Елімізде тұрып жатқан жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің мәдениетінен, салт-дәстүрінен сыр шертетін, Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды бірегей ұйымның тыныс-тіршілігі жайындағы материалдар ерекше назар аударарлықтай. Жалпы, ЕҚЫҰ сынды беделді халықаралық ұйымға төрағалық етіп отырған мемлекетіміздің бүгінгі кескін-келбетін айқын көрсететін құнды дүниелер жиналған.
Көрменің ашылу салтанатына жиналған жұртшылық мұндай шараның маңыздылығын ерекше атап өтті. «ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, яғни ХХІ ғасырдағы Мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы саммиті Қазақстан төрағалығы тұсында өтетіндігі тектен-тек емес. Еліміздің қысқа уақыт аралығында жеткен жетістіктеріне көз жүгіртсек, мұндай беделге әбден лайық екендігін түсінеміз. Ал бүгінгідей шара мемлекетіміздің осы жетістігін халыққа, әсіресе жас ұрпаққа насихаттауда үлкен маңызға ие», - дейді Павлодар облысы бойынша ҚР Орталық сайлау комиссиясының өкілі Сансызбай Әкімбеков.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

