Павлодар қалалық әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Айым Қанафинаның төрағалығымен отбасы-демографиялық саясат және әйелдер ісі жөніндегі қалалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Аталмыш басқосудың күн тәртібіне маңызды мәселелер қойылды. Атап айтсақ, тұрғындарды жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлаудағы гендерлік саясаттың рөлі, негізгі гендерлік көрсеткіштер бойынша ортақ ақпараттық базаны құру мәселелері бойынша тұшымды пікірлер айтылды. Сонымен қатар Павлодар қаласы бойынша гендерлік саясатты жүзеге асырудың 2011 жылға арналған бағдарлама жобасы талқыға салынды.
Шара барысында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Мархаба Қаратаева бүгінгі күнге дейін бөлім көмегіне жүгінген әйелер саны 4 775 екенін атап өтті. Бөлім бастығы көмекке келген әйелдердің 2 648-іне жұмысқа орналасу бойынша тиісті көмек көретілгенін тілге тиек етті. Бұл жұмыссыз әйелдер қауымының 55,4 пайызын құрайды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнайы жүргізген сараптамасы нәтижесінде мүгедек әйелдер, денсаулығына байланысты дәрігерлік анықтама негізінде еңбек ету қабілеті төмен, бес жасқа дейін балалары бар және 50 жастан асқан нәзік жандылар жұмысқа орналасу бойынша қиындыққа тап болатыны анықталды. Аталмыш топтарда жұмыссыздықпен күресу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Әйелдер арасындағы жұмыссыздықпен күресу мақсатында мамандарды кәсіби дайындау, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және оларды қоғамдық жұмыстарға тарту шаралары кеңінен қолданылуда. Жалпы, еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеген. Бағдарлама жобасы жөнінде қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Роза Шәмкенова баяндама жасады. Баяндамашының сөзінше, жобада отбасылық құндылықтар мен отбасының статусын жоғарылату, сондай-ақ әйелдердің саяси және экономикалық потенциалын дамыту да көзделген. Роза Шәмкенова өз баяндамасында мемлекеттік органдардың әйелдер және жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмысы азаматтық сектор өкілдеріне өте маңызды екенін баса айтты.
Кәсіпкерлік саласындағы әйелдер қауымын қолдау мақсатында «Әйелдер кәсіпкерлік ісін шағын несиелеу үшін екінші деңгейлі банкілер көмегін шартты түрде жүзеге асыру бағдарламасы» бойынша тиісті шаралар ұйымдастырылуда. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Серік Базарбаев отырыста әйелдер басқаратын кәсіпкерліктер туралы сөз қозғады. Облыстық әділет басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, Павлодар қаласында 4 918 орта және кіші кәсіпорын тіркелген екен, оның 70 пайызы - әйел адам басқаруында.
Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі.

