Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен актив жиыны өтті. Мұнда облыстағы бірқатар кадрлық өзгерістер мәлім болды.
Облыс әкімі Б.Сағынтаев бірқатар лауазымды тұлғалар қызметтерінен босатылып, өзге жауапты орындарға тағайындалғанын айтты. Мәселен, облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Вербняк басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Сондай-ақ облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Төлеген Закарьянов өз өтініші бойынша қызметінен босатылды. Б.Сағынтаев оған бірқатар лауазымды орындар ұсынылғанын жеткізді. Алайда Т.Закарьянов денсаулығына байланысты бас тартқаны мәлім болды. Аймақ басшысы қос орынбасарымен екі жыл ішінде талай игілікті іс атқарылып, бірлескен жұмыстар жүзеге асқанын бөле-жара атады. Олардың адамгершілік қасиеттерін де тілге тиек етті. Облыс әкімі аймағымыздың дамуына қосқан үлесін ескере отырып, Төлеген Закарьяновқа облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Қызметтік өзге де ауыс-түйістерге келетін болсақ, аймақ басшысының өкімімен, Президент Әкімшілігінің келісімімен Роман Скляр облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сонымен қатар Ақтоғай ауданының әкімі Манап Көбенов және облыс әкімі аппаратының басшысы Марат Оспанов қызметтерінен босатылып, облыс әкімінің орынбасарлары болып тағайындалды. Олардың қай бағытта қызмет ететіндері алдағы уақытта айқындалатын болады. Аймақ басшысы Манап Көбеновтің Ақтоғай ауданына сіңірген еңбегін айрықша атады. Оның еңбегін өткен сенбі күні Ақтоғайда болған актив отырысында аудан жұртшылығы да жарыса жеткізгенін жасырмады. Ал Ақтоғай ауданының әкімі болып облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Жұмагелді Қожанов тағайындалды. Б.Сағынтаев облыс әкімі аппаратының басшысы Марат Оспановтың да қызметтегі ұқыптылығын, біліктілігін атады. Аймақ басшысы бүгінге дейін Павлодар облысы әкімінің аппараты Президент Әкімшілігінде лайықты орынға ие екенін, құжат айналымы өзгеге үлгі әрі сапалы деңгейде болғанын мәлімдеді. Енді осы деңгейден түспеу сенімі аппараттың жаңа басшысы, облыстық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және байланыс басқармасының бұрынғы бастығы Арслан Әбдіхалықовқа артылды. Тағайындаулармен таныстырған аймақ басшысы ат үстіндегі азаматтардың жаңа қызметте біліктіліктерін, осы күнге дейін жинаған тәжірибелерін барынша қолданып, облыс дамуы үшін күш салатындарына сенім білдірді.
Жаңа қызметке тағайындалған лауазымды азаматтар облыс әкімінің артқан сенімін орындауға бар күш-жігерлерін аямайтындарын уәде етті.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

