Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының православ қауымдастығына жаңадан тағайындалған епископ Варнава басшылық ететін болады. Оны аймақ басшылығына Қазақстандағы Орыс православ шіркеуі метрополиттік округінің басшысы Метрополит Астанайский және Қазақстандық Александр таныстырды. Діни қызметшілермен облыс әкімінің бірінші орынбасары Роман Скляр кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың шілде айында орыс православ шіркеуінің қасиетті синоды Қазақстанда өзінің метрополиттік округін құрған болатын. Ал өткен айда оның ішінен үш епархия бой көтерді. Соның бірі - құрамында Павлодар және Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік аймағы бар Павлодар және Өскемен епархиясы. Аталмыш епархияның орталығы ретінде Павлодар қаласы танылып отыр. Оған епископ Варнава (өмірде – Василий Алексеевич Сафонов) басшылық жасамақ. Ол - Ресейдің Волгоград облысының тумасы. 1991 жылдан бастап Темников қаласындағы (Молдовия Республикасы) Саранск епархиясының Санаксарлық Рождество-Богородин ерлер шіркеуінің намангері (наместник) болған.
Діни қызметшілермен кездесуге жергілікті атқарушы билік тарапынан облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, жақында ғана құрылған діни істер жөніндегі департамент бастығы Дәулет Закарьянов та қатысты.
Шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Р.Скляр Павлодар және Өскемен епархиясының құрылуы дін басылар мен облыс әкімшілігінің арақатынасына жақсы әсерін тигізетіндігін жеткізді. Және аймақ басшылығы қашанда шіркеумен әріптестік қатынастарға даяр екендігін баса айтты. Ал Метрополит Александр аймағымыздағы православ қауымдастығының бірқатар мәселелері бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Ә.Ғалымовамен болған кездесуде сөз болғандығын атап өтті. «Епископ Варнава - өмірлік тәжірибесі бай, ұйымдастырушылық қабілеті зор адам. Жергілікті атқарушы билік басшыларының қолдауына сүйене отырып, ол өзінің бұл қабілеттерін тиімді пайдаланатындығына сенімдімін», - деді Метрополит Александр.
Өз тілшіміз.

