Осы аптаның сәрсенбісі күні облыс әкімі Бақыжтан Сағынтаев әлемдегі ірі сауда орталықтарының бірі - «Metro Cach & Carry» компаниясының бас директоры Стивен Кригермен кездесті. Бұл кездесуге Павлодарда салынатын ірі сауда орталығының құрылысы себеп болды.
Алып сауда орталығының құрылыс жұмыстары келесі жылға жоспарланып отыр. Оған 350 адам жұмылдырылады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны 12 миллион евроны құрайды.
«METRO Cach & Carry» 1996 жылы бірнеше ірі сауда компанияларының басын біріктірген МЕТРО Груптың негізгі құрылымы болып табылады. 2009 жылы компанияның сауда көлемі 31 миллиард евроны құрады. Әлемнің 31 мемлекетінде 670 көтерме сауда орындарына иелік ететін компания халықаралық көтерме сауда саласында көшбасшыға айналды. Компания жыл сайын жаңадан 40-қа жуық сауда орталығын ашады.
Компания Астана мен Алматы қалаларында гипермаркеттер салу арқылы қазақстандық нарыққа өзін ұсына алды. Бір ерекшелігі, мұндай сауда орындары тек қана заңды тұлғаларға арналған. Мұнда өнеркәсіптік және азық-түлік өнімдерінің жиырма бес мың атауы ұсынылады.
«METRO» ғимаратының біздің аймақта ашылуы облыс орталығына шетелдік инвесторлардың көптеп келуіне сауда кешені ауданындағы инфрақұрылымдарды жаңартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тұрғындардың тұрмысын жоғары деңгейге көтеруге, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу және жергілікті бюджетке келіп түсетін салықтардың көлемін ұлғайтуға тигізер септігі зор болмақ.
Облыс әкімі компания басшылығының бастамасын қолдап, жобаны жүзеге асыруға көмектесуге әзір екенін жеткізді.
Павлодар облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

