облыс орталығында Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті
Кеше Павлодар қаласының Естай атындағы мәдениет сарайында ұлы мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді ел атанғанымызға биыл 19 жыл толып отыр. Осыған орай облыс орталығында ұйымдастырылған салтанатты жиналысқа аймағымыздың мемлекеттік органдарының басшылары, соғыс, еңбек ардагерлері, қоғамдық және жастар ұйымдарының, діни бірлестіктердің, қалалар мен аудандардың өкілдері қатысты. Шара барысында сөз алған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жиналғандарды қасиетті де қастерлі тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, игі тілегін білдірді. «Дербестікке ие болғаннан бері Қазақстан мемлекеті ғасырға бергісіз жолдан өтті, ауқымы жағынан орасан табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіздігіміздің тұғыры жылдан-жылға нығайып, жаңа да жас мемлекетімізді бүкіл әлем танып, мойындады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төріне шығып, төрағалық тағына отыру құрметіне ие болу, ұйымның Саммитін жоғары деңгейде өткізу - соның айғағы. Мұндай ірі табысқа, керемет жетістікке Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері аумағында Қазақстаннан басқа ешқайсысы қол жеткізе қойған жоқ. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында мүмкін болған ұлттық табыс!» - деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, облыс әкімі бұл жетістіктерге еліміз бірлік пен келісімнің, ұлтаралық ынтымақтастықтың арқасында жетіп отырғанын ерекше атап өтті. Қазақстандағы этносаралық және дінаралық келісім тәуелсіздіктің берік тірегіне айналды. Этносаралық татулық, толеранттықты нығайтуда, мемлекттік тілді жетілдіруде Елбасының көреген ұстанымдарының мәні мен мағынасы жоғары тұр. Өз сөзінде аймақ басшысы облысымызда бүгінгі күні атқарылып жатқан игі істерге, қол жеткізген жетістіктерге тоқталып өтті. «Бүгінде біз еліміздің ұлттық идеясы - жедел индустрияландыру бағдарламасы мен Қазақстанды 2020 жылға дейін дамыту стратегиялық жоспарының жаңа міндеттерін жүзеге асырудамыз. Алдағы кезеңдегі басты міндетіміз - Қазақстанды серпінді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарламаны орындау. Ел тәуелсіздігінің осы бір ұлық мерекесін павлодарлықтар толағай табыстармен қарсы алуда. Аймағымызда инвестицияның жалпы көлемі 766,5 миллиард теңгені құрап, 55 жоба іске асырылуда», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев. Сөзінің соңында аймақ басшысы жұртшылықты ел игілігі мен оның дамуы жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Салтанатты шара барысында Тәуелсіздік күні құрметіне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мемлекет Басшысының атынан наградаларды облыс әкімі Б.Сағынтаев табыс етті. Сондай-ақ «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның президенті А.Ибрагимовке облыстың Құрметті азаматы атағы берілді. Ал облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан кәсіпорындар мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

