АСТАНА – МАХАББАТЫМ МЕНІҢ!

«Келгенше қонақ, келгесін үй иесі ұялады» дейді дана халқымыз. Ауылдың сыртынан кетіп бара жатқан бейтаныс жолаушыны алдынан шығып, үйінің төріне отырғызып, дастарқанын жайып, қонақ қылып күтпесе, көңілі көншімейтін меймандос халқымыз биылғы желтоқсанның алғашқы күндері ғасырлар бойы атадан балаға ауысып келе жатқан тамаша дәстүріне адалдығын тағы да дәлелдеді. Атап айтқанда, сонау мұхиттың ар жағындағы Канада елінің Ванкувер қаласы мен көршіміз Ресейдің Владивостогына дейінгі орасан зор аумақта орналасқан 56 елдің басшылары қатысқан мәртебелі жиынды – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Саммитін – қазаққа тән зор меймандостығы жағдайында бүгінгі биік талап деңгейінде ойдағыдай өткізді. Бұған дәлел – көп елдің көзқарастары әртүрлі қайраткерлері күн тәртібіндегі басты мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келіп, қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың баянды болуын көздеген Астана декларациясын қабылдады. Мұның өзі осы үлкен саяси ұйымға биыл төрағалық еткен Қазақстанның жыл бойы белсенді қызмет жүргізуінің жемісі екені анық.

Түн ортасы ауып, Саммиттің жұмысы қорытындыланғаннан кейін, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз мәслихатында жиналған жұртқа өзінің қуанышымен бөлісуге асықты. Саммиттің ойдағыдай өткенін, оның мақсатына жеткенін атап айта келе, осы жетістік көп ұлттың өкілдері тұратын, бірлігі жарасқан Қазақстан азаматтарының қолдауы арқасында мүмкін болғанын жеткізді. Әсіресе, еліміздің мақтанышына айналған Астана тұрғындарына деген жылы лебізін білдірген.

Сол баспасөз мәслихатында журналист қауымның Елбасымызға қойған саналуан сұрақтарының ішінде Астанаға деген көзқарасы туралы сұраған өтініш те бар болатын.

Нұрсұлтан Әбішұлы бұл сұрақтың қойылғанына риза болғанын жасырмай, өзінің айтқысы келіп жүретін ойын білдіруге асығулы:

- Астана – махаббатым менің! деп айдай әлемге жария еткен.

Президенттің бұл қаланы сүйетіні, оның әр жетістігіне қуанатыны бұдан бұрын да талай-талай айтылып жүрсе де, Саммит соңында Астанаға деген махаббатын білдіру ерекше салтанатты естілген. Бұл керемет әсерлі естіліп, бұған куә болған халайықты тебіренткені рас...

Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында астана Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшеді деген хабарды алғаш естігенде бұл шешімге таң қалмаған қазақстандық кемде-кем болар. Біз ақ бас Алатаудың баурайында орын тепкен бау-бақшасы жайқалған сұлу да ару қала Алматыдан басқаны астана болады деп ойлаған да, көз алдымызға елестеткен де емес едік. Қазақтың ұлы даласының төріндегі бұл қала келешекте Алматы сияқты әр қазақстандық жүрегінен орын алады деп кәміл сенген Елбасы мұндай шешімді қабылдау себептерін халқымызға жете түсіндірді. Халқымыздың қалаулылары – Парламент депутаттары алдындағы бұл саяси шешімнің дұрыстығына көз жеткізіп сөйлеген Президенттің шешімі депутаттардың қолдауына ие болған салтанатты сәт те есімізде қалып, әлі күнге дейін көкірегімізде сайрап тұр.

«Көз қорқақ, қол батыр» дейді халқымыз. Сол тоқсаныншы жылдары бұрынғы кеңес одағына кірген барлық елдер бастан кешкен экономикалық дағдарыс әлі дендеп тұрған кезде астананы басқа қалаға көшіріп, жаңа астана салу үлкен тәуекелге бел байлаған жанның ісі екендігіне күмән жоқ.

«Тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де кетесің». 1999 жылы «Сарыарқа самалы» газетінде «Редактор бағанасы» айдарымен мақалам осындай тақырыппен берілген еді. Астанаға байланысты мына пікірімді жазыппын:

«Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді халқымыз. «Көз жұмбай, дария кешпейді» дейді екінші бір мақал. «Шешінген судан тайынбас» деген сөз де бар. «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де кетесің» деген мақалда терең сыр жатыр.

Осы өткен айда ғана Ақмола қаласының Астана деп аталып, тұсауы кесілгенінің бір жылдығын атап өттік. Шыңдарын ақ шалған асқақ Алатау баурайында қоныс тепкен, әлемнің ең әсем қалаларының бірі – бәріміздің сүйікті аруымыз Алматыны мәңгілік астанамыз деп ойлап келдік қой. Солай болса да, елорда елдің ортасында орныққаны жөн деген Елбасының ұйғарымын жан-тәнімізбен түсініп қолдадық. Осындай өтпелі кезеңде қаржы тапшылығында ел астанасын көшіру қолдан келер ме екен деп күмәнданғандар да табылды. Бұл жаңсақ пікір еді. Құдайға шүкір, Астана Қазақстанның елордасы болып әлемге танылды. Болашағы жарқын. Қандай қиындық болса да, ел болашағы жолында осындай қиын қадамға барған Елбасының әрекеті - тәуекелге бел байлағандық. Жай емес, нар тәуекел еді!».

Кейінірек жаңа астана қалай салынғаны, қандай қиындықтарға кез болғаны туралы Президенттің «Еуразия жүрегінде» деген кітабынан оқып-білдік. Осыған адамды еліктіріп, сүйсіндіретін бұл шығармадан Елбасының күнбе-күн астана салудың түйінді мәселелерін өзінің сенімді көмекшілерімен бірге шешіп отырғанын білдік. Астана салудың айтуға ғана оңай екенін, шын мәнінде керемет ұйымдастырушылықты, табандылықты, іскерлікті қажет ететінін аңғардық. Сенімді көмекшілердің жарғақ құлақтары жастыққа тимей, Елбасы тапсырмаларын абыройлы орындағанына тәнті болдық. Осындай білімді де білікті азаматтар тұрғанда елімізді өрлету, әлемдегі өркениетті қауымдастық қатарынан лайықты орнымызды алу қолымыздан келетіні, Қазақстан – менің елім! деп мақтанатын күнге де жететініміз сияқты үкілі үміт бойымызға ұялаған. Әріптесім, бас редакторымыз Мұхит Омаровтың тапсырмасымен газетіміздің көп нөмірінде бұл шығармадан үзінді жарияланды. Мұндағы ойымыз кітап әркімнің қолына тие бермес, газеттен оқысын дегендік еді.

Елбасымыздың арманын жаңа Астананы жиырма бірінші ғасырдың бірегей де сұлу шаһарына айналдыру жөніндегі шешім-жоспарын бұқаралық ақпарат құралдары өз тарапынан қолдап, Елордадағы жаңалықтарды оқырмандарына, тыңдармандары мен көрермендеріне жеткізе білді. «Астана күн санап өзгереді» деген ұғым қалыптасты. Бұл құрылыстың шапшаң қарқынмен жүргізіліп, қанат жайғанын, оның барысында күн сайын жаңалықтар болып жатқанын айғақтайды. Өткенді еске түсірсек, 1998 жылы көктемде, жаңа астананың құрылысы енді басталған кезде, «Сарыарқа самалы» газетінің арнаулы тілшілері Астанаға іссапарға алғаш барған. Кешегі облыс орталығы, Ақмола қаласы бүгін қандай екен деп, көңіліміз алабұртып, көргенше асық болып келеміз. Жол апшысын қуырған жүрдек «Волгамыз» қалаға жақындай бергенде қаланың әр тұсынан аспанға өрлеген құрылыс крандары бар биік-биік үйлер мен мұндалап көрінген. Қала ішіне кіре бергенде жол салған, үйлердің сыртын әшекейлеген, әйтеуір мотор үні басылмаған, қолынан құралы түспеген жүздеген еңбеккерлерді көріп, нағыз қайнаған еңбек осында екен деген ойға келдік. Аз уақытта бұрынғы облыс орталығында көп өзгеріс болыпты. Бұл - үлкен істің бастамасы ғана. Одан зоры алда екенін кейін білдік. Есіл өзенінің сол жағалауына әзірге құрылысшы қолы тие қоймаған кез. Бірнеше жыл өткен соң сол жағалаудағы аспанмен таласқан ерекше сәулет өнерінің жемісі болып табылатын ғимараттар бой көтеретінін болжау қиын болатын.

Міне, содан бері он екі жыл өтіпті. Астана мәртебесіне ие болған қаланың орталығына жеткен едік. Бұрынғы ғимараттарға Үкіметтің министрліктері орналасқан. Әр үйдің үстінде Көк байрағымыз Сарыарқаның самал желімен толқып, желбіреп тұрған-ды. Олар Қазақстанның астанасымын, белгісімін! деп тұрғандай. Қазақстанды Отаным! деп, жүрегіне сүйіспеншілік отын маздатқан әр жан үшін көзқуанышы Көк байрақтардың көп болып, самал желмен желбіреуі ғой!

Астанаға келімді-кетімді кісі көп. Өз елімізден де, шетелден де ат басын тіреген әр жан Астананың он жылдан астам уақыт ішінде әлемге танылған көрікті де келбетті шаһарға айналғанына қайран қалады. Шетелдің есімі әлемге әйгілі көптеген сәулетшілерін қатыстырып, салған сұлу ғимараттары көп елордасы жиырма бірінші ғасырдың қаласы екеніне күмән жоқ. Астана – қазақстандықтардың мақтанышы, Қазақстанның символы...

Саммит сәтті аяқталуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында Елбасы Астананың әлемге танылуын атап айтып, «жақсыны көрмек үшін» дегендей, келемін деушілерді Астана әрқашан құшағын жая қарсы алатынын мақтаныш сезіммен айтқан.

Он шақты жылдың дересінде Астана салу, оны бүкіл әлемге әйгілі ету – Қазақстанның жарқын болашаққа сеніммен қарышты қадам жасап отырғанының көрінісі. Бұл – Тәуелсіздігіміздің арқасында алған асуымыз, шыққан шыңымыз. Елбасымызбен бірге тәуелсіздігімізді баянды етіп, бүгінде дүние жүзіне бірлігі, ынтымағы жарасқан, дарынды перзенттерімен өркениеттің биігінен табылуға талпынған өскелең елімізді жаңа жеңістер мен жетістіктер күтіп тұр!

 

Өскенбай ТАСТЕМХАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31