СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Тәуелсіздіктің қадірі мен қасиеті неде және оны қалай ұғынып жүрміз?

 

Ғабит ИРЕНОВ,

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің аймақтық саяси зерттеулер Орталығының директоры, саяси ғылымдарының докторы, «Саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының профессоры:

 

- Республикамыздың тарихи жолындағы аса маңызды әрі қастерлі құндылықсөз жоқ, еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізуі. Осыдан он тоғыз жыл бұрын халқымыз қуаныштан көзге жас алып, тәуба деді. Содан бергі он тоғыз жылда тәуелсіздіктің тұғырын нығайтып, болашағын берік етіп, халықтың келешегін кемелдендіру жолында талай маңызды істер атқарылды. Күні кеше Қазақстан деген елді, қазақ деген жұртты әлемнің көптеген елдері білмей келсе, қазіргі күні мемлекетіміз күллі дүниежүзіне танылды. Жай ғана емес, бейбітшіл, берекешіл ел, болашағы зор мемлекет ретінде танып-білді. Осының барлығымәртебелі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тындырымды әрі тағайынды қызметімен келген игіліктер, ірі табыстар. Бүгінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық табысы еселенген, дамуы қарқын алған мемлекетке айналды. Әлемге өзін мойындатты. Өзінің адамгершілік пен азаматтық құқықтарға негізделген ұстанымдарын паш етті. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың және көптеген халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесіне айналды. 1992 жылы БҰҰ-ға мүше болып, 120-дан астам мемлекетпен мойындалды және олармен дипломатиялық қатынастар орнатты. Әлемнің ірі мемлекеттерімен саяси-экономикалық, сауда-саттық қатынастар жолға қойылып, әріптестіктің, ынтымақтастықтың даңғыл жолдарын ашты. Үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, он бір жылдан бері ұйымдастырылмаған Саммитті өткізуіҚазақстанның жаңа мыңжылдықтағы аса ірі табысы. Әсем Астана төрінде тарихи миссия өтіп, Декларация қабылданды. Елімізге келген мыңдаған қонақтар қазақ елін, жұртын, дәстүрін, менталитетін жақыннан танып-білуге мүмкіндік алды. Халықаралық сарапшылар атап көрсеткендей, Қазақстан Азия мемлекеттері арасында көшбасшылық деңгейге бет алды. Мұның бәрі Тәуелсіздік таңымен бірге келген тамаша мүмкіндіктер, жағымды істер, халқымыздың көңіліне қуаныш ұялатқан, көкірегіне сенім сыйдырған үрдістер болып табылады. Баршамыз үшін басты мақсатосы Тәуелсіздігімізді баянды ету, тұғырын бекіте түсу. Осы жолда бірлікшіл халқымыз табандылықпен еңбек етуде. Күллі әлемге үлгі болып отырған ұлтаралық түсіністік, сенім мен төзімділік Қазақстанның ғана қолынан келген, нақты іспен дәлелденген бағыттар саналады. Біз осының бәріне қуануымыз керек. Жастарымызға, жеткіншектерімізге сіңіруіміз қажет. Әрине, алмағайып кезеңде жер бетінде түрлі оқиғалар орын алып жатқаны да естен шықпауға тиіс. Біз жағымсыздықтан жиреніп, өзгелерге тек жақсы қырларымызды сабақ етуіміз қажет. Қазақ елі солай жасап та келе жатыр. Еліміздегі тұрғындардың барлығы дерлік тәуелсіздіктің қадірі мен қасиетін тереңнен біледі деу артық болар деп санаймын. Мұндай қастерлі ұғымды жете түсінбей жүргендер де табылып қалары даусыз. Сондықтан ондайларға қасиетті тәуелсіздіктің парқын тереңнен ұғындыруға тиістіміз. Бұл қоғамдық ортақ міндет, ортақ бағыт саналады деп ойлаймын.

Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

 

Мейрам НҰҒЫМАНОВ,

Павлодар қалалық тілдерді дамыту секторының меңгерушісі:

 

- Бүгін Тәуелсіздік таңының атқанына тура 19 жыл толды. Азаттық пен еркіндіктің қадір-қасиетін халқымыз уақыт алға басқан сайын тереңдей сезіне түсуде деп айтсам, артық болмас. Тәуелсіздіктің мемлекетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін бастауыштағы балаға дейін ұғынатындай болды. Дербестіктің арқасында Қазақстан әлемдік ауқымдағы ірі іс-шараларға белсене қатысып келеді. Қатысып қана қоймай, көшбасшылық деңгейге дейін көтерілді. Оған дәлелЕҚЫҰ секілді беделді ұйымға төрағалық етуіміз. Ұйымның Саммитін Астана төрінде өткізуіміз. Мұндай мәртебе мен сенім бұрынғы кеңестік жүйе құрамында болған елдердің ешқайсысына да бұйырмаған. Тек қазақ елі ғана тұңғыш рет осындай деңгейге иек артты. 56 мемлекеттің ресми делегациялары Астана төріне жиналып, жаһандық қауіпсіздік мәселелерін талқылап, ортақ мәмілеге келді. Еуропа мен Азияның арасын жақындатқан мұндай оқиға Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың қайраткерлігінің арқасында қол жеткізілген ірі табыс болып саналады. Мұны халқымыз айқын түсініп, мақтаныш сезіміне бой алдырып отыр. Төрткүл дүниенің әр жерінде қақтығыстар мен кикілжіңдер, ұлтаралық жанжалдар мен діни экстремизм, лаңкестік әрекеттер тұтанып жатқан бүгінгідей кезеңде қаймана қазақ халқы бірлігі мен тірлігін бекем ұстап, жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін ортақ мақсатқа, ортақ ұстанымдарға жұмылдырып, бейбітшілік пен ұлтаралық қатынастардың тамаша үлгісін паш етіп отыр. Баянды болашаққа бет бұрған, кемел келешекке қадам басқан мемлекетте ғана тәуелсіздіктің тұғыры мықты саналған. Қазақстан Республикасы осындай биік өрені нақты іспен айқын дәлелдеуде. Бұл ретте көреген Басшы, сарабдал саясаткер, әлемдік деңгейдегі қайраткер Елбасымыздың жеті өлшеп, бір кескен ұстанымдары мемлекетімізді биік белестерге шығарып келеді. Мемлекеттік саясатымыз «Бөлінгенді бөрі жейді» дегенді әсте естен шығарған жоқ. Тамырын тереңге жіберген татулық пен тыныштықтың арқасында көршілес елдермен мемлекеттік шекарамызды мәңгіге белгілеп алдық және олар оны мойындап, мақұлдады. ХХ ғасыр қазақ халқына қандай аса ауыр болса, ХХІ ғасыр халқымыз үшін жақсылықтармен басталғанына куәміз. Бүгінде тәуелсіздігіміздің бойтұмарына, елдігіміздің рәмізіне айналған асқақ Астанамыз уақыт өткен сайын жаңарып, жасарып келеді. Жаңа Елордамыз - бұл тұғырлы тарихымызға, елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекет-тігімізге арналған мәңгілік белгі. Берекелі бірлігі мерекелі тірлігімен ұштасқан Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті.

Әлемнің азулы елдерінің басшылары Арқа төсінде бас қосып, әлемдік деңгейдегі мәселелер талқылайды деп осыдан 5-10 жыл бұрын ойладық па? Мұндай мәртебе алдымен еліміздің өзінде, сосын Орталық Азия аумағында тыныштық пен бейбітшілікті сақтауға бағытталған салиқалы саясатымыздың, қала берді, елімізді әлемге танытқан Елбасымыздың ерен еңбегі деп бағалауға болады. Тәуелсіздігін алған талай елдің таңы атқанымен, тағдыры талайлы болып жатқанын бүгінгі дүние дүмпуінен көріп отырмыз. Алған тәуелсіздігі баянсыз болып, басынан бағы тайған елдер де баршылық.

Тәуелсіздіктің бергенінен берері әлі алда. Ал бергенін айтар болсақ, халқымыз басынан өткерген тарихи кезеңдердің, дүрбелеңге толы дәуірлердің әсері мен ықпалын кейінге ысырып, ұлттық болмысымыз жарқырай түсті, ұлттық қадірқасиетіміздің жаңа қырлары жанданып қайта түледі, айтылмайтын, аттары аталмай қалған Алаш арыстары халқымен қайта қауышты, тамыры тереңге кеткен ата тарихымыздың шаңы қағылып, тұншыққан таланттардың тынысы ашылып, еркін ойға қанат біткен қарымды шақ туды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Енді оны дамытып, әлемдік бәсекеге қабілетті ету мұраты алдағы күндердің жұмысы болып отыр. Осының бәрі - біздің ата-бабаларымыз армандап кеткен азаттықтың арқасында жүзеге асуының жарқын көрінісі. Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Кешегімізге көрсетілген құрмет келешегіміздің жарқын болуына жол ашады. Сондықтан, өскелең ұрпақ өткенін танып, болашағын бағамдау үшін аянбай еңбектену аса қажет. Тәуелсіздіктің осыншалық қадірі мен қасиетін, қастерлі тұстарын бүгінгі қоғамымыз түсініп, біліп отыр деп айта аламын. Бірақ Тәуелсіздік деген бәсі биік ұғымды ұрпақ санасына одан әрі тереңдей сіңіре беруге тиіспіз. Қазақстан тәуелсіздігі деген тіркес сөз етілсе, ұлттар бірлігі, достығы, тұрақтылық сөздері де қатар айтылады. Біз осы деңгейден тайқымауымыз керек. Келер ұрпаққа осыларды аманат етуіміз керек. Оның негізі әлдеқашан салынған. Тек лайықты жалғастыра білсек, ұтарымыз аз болмас.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі болсын!

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31