дейді облыстың ынталы топ өкілдері
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы ұсынысты Павлодар облысының ынталы топ өкілдері де қолдайды. Бұл туралы кеше баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Нұркина, облыстық мәслихат депутаттары - С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, экономика ғылымдарының докторы Ерлан Арын, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ вице-президенті Жұмабек Қамзин, облыстық поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Свинцицкий және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері мәлімдеді.
Айта кетелік, бейсенбі күні Өскемен қаласында өткен республикалық жиында Елбасының өкілеттігін он жылға, дәлірек айтқанда, 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі ұсыныс айтылған еді. Айгүл Нұркинаның айтуынша, аталған ұсынысты облысымыздан делегат ретінде барған барлық азаматтар қолдады. Делегация құрамында білім беру, денсаулық сақтау, экономика секілді түрлі салаларда еңбек ететін азаматтар болды.
- Барлығымыз да Президенттің бастамасымен іске асып жатқан игіліктерге куәміз. Сондықтан аталған мәселе бойынша халыққа үндеу қабылдадық. Сондай-ақ өкілеттікті ұзарту жөнінде референдум өткізуге дайындық жүргізетін республикалық ынталы топ та құрылды. Оған еліміздің әр аймағынан өкілдер енді, - деді өз сөзінде «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Ерлан Арынның пікірінше, алдағы он жыл еліміздің тарихы үшін түбегейлі өзгеріс әкелетін оқиғаларға толы болмақ. Жүріп өткен он тоғыз жыл ішінде іргелі мемлекет ретінде танылсақ, таяудағы он жыл ішінде талай биік белестерге жету жоспарланған. Осы ретте Ұлт көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тізгініне иелік етіп қала беруі - заңдылық.
- Референдум әлем елдерінде жиі өткізіледі. Осылайша, жалпы халықтың пікірі есепке алынады. Бір нәрсе анық болса, ол - Елбасы халықтың мол сеніміне ие. Оның көш бастауымен Қазақстан талай асуларды бағындырып келеді, - деді Ерлан Мұхтарұлы.
Ал В.Свинцицкийдің айтуынша, Президент өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастама ең алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы өткен съезінде көтерілген еді. Елімізді әлем алдында әйгілеп, халықаралық деңгейде мойындатқан Президентіміздің мәртебесін асыру артық емес.
Ынталы топ өкілдерінің мәлімдеуінше, Конституциямызға және сайлау туралы заң талаптарына сәйкес, алдағы уақытта референдум өткізу үшін жаппай қол жинау шаралары жүргізіледі. Бұл ретте арнайы штаб құрылады. Жалпы, сайлауға қарағанда, референдум өткізудің шығыны көп емес. Халыққа тек «Президент өкілеттігін ұзартуға келісім бере ме, жоқ па?» деген сауалдар қойылады. Қазірде ынталы топ өкілдері референдумды өткізуді қолдайтын қолдарды екі ай дересінде жинаса, әрі қарай Орталық сайлау комитеті референдум өтетін күнді де белгілейтін болады.
А.Нұркинаның баяндауынша, Президент өкілеттігін ұзарту ұсынысын қолдайтын республикалық ынталы топтың құрамында «Нұр Отанмен» қатар «Ауыл», «Ақжол» партияларының өкілдері бар. Бұл жолғы референдумда халық өзінің азаматтық үнін танытатын болады.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

