бастаманы барша жұрт қолдауда

Айгүл НҰРКИНА, «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты:

 

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастаманы барлық қазақстандықтардың қолдайтындығына сенімдімін. Бұл ұсынысты жүзеге асыру үшін еліміздің әр аймағында бастамашыл топтардың құрылғандығы белгілі. Бір атап өтерлігі, аталмыш топтың құрамында азаматтардың түрлі санаттарының өкілдері шоғырланған. Еліміздің көптеген саяси құрылымдары, оның ішінде «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл» сияқты партиялар қосылып отыр. Өз басым, осы топтың құрамына енгеніме қуаныштымын. Бұл - мен үшін зор мақтаныш.

Қазақстан жиырма жылдың ішінде елеулі жетістіктерге жетті. Саяси-экономикалық тұрғыда көршілес мемлекеттерден басып озып, батыстың дамыған елдерімен терезе теңестірді. ЕҚЫҰ төрағалығына сайланып, төрткүл дүниеге төрелік етті. Мұның бәрі - ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мығым саясатының арқасы.

Өскемен қаласында өткен жиындағы Қазақстан халқына үндеуде: «Бүгінгі күні еліміздегі жалғыз шынайы жалпыұлттық Көшбасшы - Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол біздің жоспарымыздың, мемлекеттің тұрақты ілгерілеуінің, біздің ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен ынтымақтастықтың кепілі», - деп жазылған. Шынымен, біз бірлік, табыс, ынтымақ сөздерін тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз. Елбасымыздың сөзсіз Ұлт көшбасшысы екендігіне ешқандай күмән жоқ. Аталмыш референдумда айтылған ой тек сол жиынға қатысушылардың ғана емес, барша қазақстандықтардың көкейінде жүрген ой екендігіне сеніміміз кәміл.

 

Ерлан АРЫН,

экономика ғылымдарының докторы, профессор, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты:

 

- Референдум - бұл елімізде тұрып жатқан барша халықтың ой-пікірін біліп, есепке алуды ұйымдастырудың нормативтік-құқықтық формасы. Ол кез-келген демократиялық елде бар тәсіл. Еліміздің Конституциясына, сайлау жөніндегі заңнамаға сәйкес бастамашыл топтардың мұндай референдумды ұйымдастыруға толық құқы бар. Негізінен, бұл шара үлкен маңызға ие. Және ол уақытылы ұйымдастырылған деп ойлаймын.

Тәуелсіз мемлекет атанғалы бері талай асулардан асып, биік белестерді бағындырғанымызға әлем куә. Енді бұл бағытымыздан талмай, жеткен жетістігімізге тоқмейілсімей, бір орында тұрып қалмай ілгерінді жылжудың жолын қарастыруымыз керек. Бұл ретте, алдағы он жылдық аса жауапты, ел өмірі үшін маңызды кезең болмақ. Қазақстан жаңа өмірге аяқ басқалы отыр. Сондықтан, алға қойған мақсаттарымыз орындалып, барлық бастамаларымыз сәтті жүзеге ассын десек, біз, Қазақстан халқы тағы бір мәрте бірлігімізді паш етіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасына шоғырлана білуіміз керек. Осының барлығын ескерсек, 2012 жылы өтуі тиіс сайлау қажет пе деген заңды сауал туындайды. Онда Президенттің жеңіп шығатынына ешкімнің күмәні жоқ. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлының рейтингісі барлық жағынан жоғары. Әсіресе, ЕҚЫҰ ел басшылары Астана саммитінен кейін Қазақстан бүкіл әлемді аузына қаратып, үлкен халықаралық беделге ие болды. Ендеше нәтижесі алдын-ала белгілі болса, сайлауалды саяси науқанның түрлі машақатымен елді дүрліктіріп, миллиондаған АҚШ долларын жұмсап, шығынға батудың не қажеті бар. Демек, референдум арқылы-ақ Президент өкілеттігін ұзарту саяси жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді.

 

Роза ИГІБАЕВА,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:

- Өскеменде өткен алқалы жиыннан ерекше бір сезіммен оралдым. Мұнда шығысқазақстандық ынталы топтың ұсыныстарын тыңдап, өткенге көз жүгірттік. Әріптестерімізбен бірге Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерімізге терең үңілуге мүмкіндік алдық. Шынымен де, айтылған ойларға, жасалған істерге қарап, бүгінгі күнге шүкіршілік ететін жағдайда өмір сүріп жатқанымызға тағы бір мәрте көзім жетті. Аймағымыздың атынан ынталы топ құрамына енгеніме де қуаныштымын. Себебі мен еліміздің патриоты ретінде Елбасының сындарлы саясатына тәнтімін. Жиырма жылда талай белестерді бағындырғанымызды ешкім жоққа шығара алмас. Өз басым 2000 жылы тікелей кездесу кезінде Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың биік тұлға екеніне куә болдым. Бойында ерекше энергияның барын сезіндім. Бұл құр сөз еместігін айтқым келеді. Жан-жағымызға қарап, қазіргі таңда еліміздің ілгері басқанын әр саладан аңғаруға болады. Көрші елдердегі көрсеткіштермен салыстыра отырып, қарыштап дамып келе жатқанымыз қуантады. Ең бастысы – елімізде тұрақтылық бар. Бірлігі мен достығы жарасқан елге айналдық. Отандастарымыз кейбір мемлекеттердің тұрғындары сияқты өзге елге табыс табуға кетіп жатқан жоқ. Өз елінен нәпақасын тауып отыр. Еңбек етемін деген жанға мүмкіндік жоқ емес. Жыл сайын жаңа зауыттар ашылып, тың жобалар іске қосылуда. Бұл дегеніміз, халықтың әл-ауқатына оң ықпал етеді. Еңселі ЕҚЫҰ-на Қазақстан абыройлы төрағалық етті. Ұйымның 11 жыл өтпеген Саммитін жандандырды. Елбасымыз осылайша, төрткүл дүниеге шығыс даналығын паш етті, қазақ елін әлемге әйгіледі. Жағымды жаңалықтарды тізбектей берсек, аз емес. Сондықтан Елбасымыздың өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту ұсынысын қолдаймын. Өйткені басталған істер жалғасын тауып, ел игілігі, жарқын болашақ үшін жүзеге асуы тиіс. Президент халқымыз үшін ойындағы озық идеяларды іс жүзіне асыруға әлі де қауқарлы екені сөзсіз.

 

Жұмабек Қамзин, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ вице-президенті, облыстық мәслихаттың депутаты:

- Бүгінде бүкіл Түркі әлемі біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты түркі халықтарының арасынан шыққан жарқын көшбасшы тұлға ретінде мойындайды. Сондықтан түркі қауымдастығы Елбасының ұзақ мерзімге дейін ел тізгініне ие болып қала беруіне тілектес болуда. Осы арада біз биылғы желтоқсанның басында болған саяси оқиғаны еске алайық. Қазақ елінің тарихында тұңғыш рет әлемнің ірі дерважа-мемлекеттерінің басшылары Астанада өткен Еуропаның Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитіне қатысты. Шын мәнінде, бұл тәуелсіз еліміздің бүгінде жеткен табыстарын әлем елдері алдында танытуы еді. Сыртымыздан ғана білетін елдер Қазақстанның көркейіп, өркениетке қол жеткізгенін көрді. Біз бұны армандап па едік?!

Елімізді осындай биік белеске көтерген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін алдағы он жылға ұзартуды қолдаймын. Осы жылдар ішінде экономикамызды индустрияландыру бастамасы жүзеге асырылады. Бұл – Елбасының тапсырмасымен қолға алынған ауқымды шара, сондықтан оның Президентіміздің тікелей басқаруымен іске табысты асырылуы заңдылық деп білемін.

 

Виталий СВИНЦИЦКИЙ, Павлодар облыстық поляк этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:

- Елбасының өкілеттігін ұзартуға қатысты ұсыныс-пікірлер бірінші рет айтылып отырған жоқ. Естеріңізде болса, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясында бұл мәселені республикамыздың этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері де көтерген болатын. Себебі біздің, елімізде тұрып жатқан жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа деген алғысымыз шексіз.

Меніңше, 2012 жылы Елбасы сайлауға қатысқанымен, оған теңеспек түгілі, жақын тұрған адам жоқ. Қалай болса да, сайлаудың нәтижесі айқын. Егер қазіргі кезде елімізде орын алып отырған бейбітшілік, ынтымақ, саяси тұрақтылық пен экономикалық табысты қадамдарымыз ары қарай жалғаса берсін десек, онда алдағы он жылдықта бүгінгі күнге дейін бізді ұшар шыңның басына жетелеп келе жатқан Елбасына сенім білдіріп, жанынан табылғанымыз жөн. Әрине, солай болатындығына еш күмән жоқ.

Ойлап қарасақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі ол әлем мемлекеттерінің еліміздің демократиялық қоғам құрудағы жетістіктерін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық және конфессияаралық келісімді, саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткен ішкі саясатына беріктігін мойындау болып табылады. Қазақстан әлемнің ең көпұлтты мемлекеттерінің бірі бола отырып, көптеген қиын кезеңдерге қарамастан қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді ұстап қала білді. Бұл ретте, еліміздің конфессияаралық келісімді сақтау және дамыту жөніндегі кешенді тәжірибесі барша ЕҚЫҰ қауымдастығы үшін үлкен қызығушылық тудырғандығы сөзсіз. Себебі Қазақстанның моделі әртүрлі діндер мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүру мүмкіндігінің жарқын мысалы болып табылады. Демек, еліміз бірлік, келісім, бейбітшілік, ынтымақтың арқасында әлемге танылып отыр. Бұл - біздің басты ерекшелігіміз, байлығымыз. Осы байлығымызды қадірлеп, сақтай білуіміз қажет.

 

Теміржан ҚҰЛАТАЙ, зейнеткер:

Жуырда Өскемен қаласында еліміздің қоғам қайраткерлері Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті сайлауы туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Белгілі ақын, саяси қайраткер Олжас Сүлейменов: «2012 жылғы Президент сайлауына қыруар қаржы бөліп керек емес. Халық ішінде референдум жүргізіп, онда Елбасымызды 2020 жылға дейін Президент етіп қалдырғанды қолдаймын», - деді.

Білім беру орындары мен мемлекеттік мекемелер өкілдері бұл ұсынысты толықтай қолдауда. Елбасымыз егемендік құруға өзі басшылық жасап, еліміздің еңсесін көтеруде сүбелі үлесін қосты. Мемлекетіміздің экономикалық-әлеуметтік және саяси өркендеуіне еңбегі сіңді. Республикамызда мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырып, өзінің салиқалы саясатынының арқасында бірлік пен татулықта өмір кешудеміз. Бұған Елбасының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды мен де қолдаймын. Бұл - менің ғана емес, бүтіндей ел қалауы.

* * *

Елбасының өкілеттілігін ұзарту жөніндегі ұсынысты қолдау мақсатында облыстың студенттік жастары, ғылым және білім қызметкерлерінің кәсіподақ активінің жиналысы болды.

Шараға Өскеменде өткен жиында аймағымыздың делегациясы құрамында болған облыстық мәслихаттың депутаттары Нариман Әбілшайықов пен Роза Игібаева қатысып, бүкілхалықтық референдумның қажеттілігі туралы ойларын жеткізді. «Облыстық ғылым және білім қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық ұйымының төрайымы Н.Никитина өз сөзінде Ұлт көшбасшысы, Елбасы Н.Назарбаевтың өкілеттігінің 2020 жылға дейін ұзартылуына тілектестігін білдірді.

- Бүгінгі жиынға өңіріміздің білім және ғылым саласының қызметкерлері қатысып отыр. Сонымен қатар, кәсіподақтың жастар құрамы да келіп, студенттік жастар атынан өз ой-пікірлерін ортаға салуда. Баршаның атынан Президентіміздің 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін Мемлекет басшысы болуына толықтай қолдау білдіремін, - деді ол өз сөзінде.

 

А.ЕСІМХАНОВА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 29 30 31