Кеше Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдумның бастамашылық тобын, сондай-ақ оның республикалық референдумға ұсынылып отырған мәселесін тіркеу туралы Қаулы қабылдады.
Сондай-ақ ОСК бастамашалық тобы өкілдеріне тиісті куәлік пен азаматтардың қолын жинау үшін қол қою парақтарын берді. Бастамашылық топты тіркеу үшін қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына 2010 жылы 23 желтоқсанда ұсынылған болатын. Ұсынылған құжаттарға сәйкес 320 адамнан тұратын бастамашылық топ референдумға қатысу құқы бар және шамамен алғанда әр облыстан, Қазақстан Республикасының астанасы мен Алматы қаласынан тең өкілдік ететін 850 азамат қатысқан жиналыста құрылған. Бас прокуратураның ақпараты бойынша жиналыс пен бастамашылық топты құру «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң талаптарына толықтай сәйкес өткен.
Осыған орай, бастамашыл топ кешеден бастап қол жинауға кірісу мүмкіндігіне ие болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, референдумды тағайындау туралы мәселеге бастамашылық ету үшін референдум бастамашылары барлық облыстарды, Қазақстан Республикасының астанасы мен Алматы қаласын тең мөлшерде білдіретін кемінде 200 мың азаматтың қолын, яғни әрбір өңірден 12,5 мыңнан кем емес қол жинауы тиіс. ОСК отырысы барысында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бастамашыл топтың жетекшісі ретінде белгіленіп, оған арнайы куәлік пен қол қою парақтары табыс етілді.
«Бастамашыл топ қолдарды жинауды ұйымдастыруға Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен, яғни бүгіннен бастап кірісуге құқылы. Оларға куәлік табыс етілген сәттен бастап, барлық өкілеттікке ие», - деді ОСК Төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.
Референдумға қатысты бұдан былайғы іс-қимылдар қол жинау үдерісінің қалай аяқталатынына байланысты болады. ҚР Орталық сайлау комиссиясының арнайы отырысында Қ.Тұрғанқұлов осылай мәлім етті.
Оның айтуынша, азаматтардың қолын жинау үшін бастамашыл топ өңірлерде белсенді сайлау құқығы бар азаматтар қатарынан арнайы топтар құруға құқылы. Мұндай топтардың саны және оларда жұмыс істеуге қамтылған азаматтардың саны шектелмейді. Қол жинайтын адам азаматтарға бастамашыл топты және оның референдумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы куәліктің көшірмесін көрсетеді. Әрбір азамат қол қою парағына тек бір рет қана қолын қоюға хақылы.
«Бұдан бөлек, референдум туралы заңнамаға сәйкес, қол жинау аяқталғаннан кейін үш күн мерзімде толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылуы тиіс. Олар өз кезегінде аумақтық әділет органдарының қызметшілерін қатыстыра отырып, қол қою парақтарындағы азаматтардың қолының дұрыстығын тексереді. Заңнамамен белгіленген мөлшерден артық қол қойылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына толтырылуына қарай қайта тапсырыла алады. Сонымен қатар, қолдарды жинау мерзімі конституциялық заңда белгіленіп, көрсетілмегендіктен, бұл үдерістің ұзақтығы бірінші кезекте республика азаматтарының бастамашылықты қолдауына және бастамашылардың өздерінің ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне байланысты», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
ҚазАқпарат.

