бастаманы барша жұрт қолдауда
Кеше Қазақстанның электролиз зауытында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдумды өткізуді қолдауға байланысты митинг ұйымдастырылды. Оған «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның президенті Алмаз Ибрагимов, қос кәсіпорынның басшылық буыны және жұмыскерлер қатысты. Шараға жалпы саны үш мыңнан аса адам жиналды.
Халықаралық деңгейде лайықты орынға шығып, құрметке ие бола бастаған Қазақстан секілді жас мемлекеттің бүгінгі жетістіктері Елбасының есімімен тікелей байланысты. Елімізді талай тығырық пен қиындықтан алып шығып, қазіргі дамыған қоғамды қалыптастыруға еселі еңбек сіңірген Ұлт көшбасшысының салиқалы саясаты мемлекеттің келешек өсу бағыттарын да белгілеп берген. Асқан көрегенділікпен жасалған «Қазақстан-2030» Стратегиясындағы мақсаттар қазірде толығымен орындалуда. Мемлекет басшысы халыққа берген уәделерін орындап, талай мәрте сенім үдесінен шықты. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың көтерілуіне ықпал етті. «Алдымен экономика» деген қағиданы берік ұстаған Елбасының берген тапсырмалары мен ойлары, идеялары діттген жерін дөп басып, нәтижелі болды. Осы ретте елдегі бастамашыл топтардың Президент Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейінгі ұзартуды ұсынуы дұрыс әрі сенімді қадам болғаны анық.
А.Ибрагимов қос зауыттың ұжымы Мемлекет басшысы атына үндеу әзірлеп, Президент өкілеттігін ұзартуды бірауыздан құптайтынын атап өтті. Қанатты металл өндіретін іргелі кәсіпорынның алғашқы және екінші кезегін іске қосуға мәртебелі Елбасы арнайы қатысып, тұсауын кескен. Тіпті, зауыттың бастан-аяқ құрылысына Мемлекет басшысы Н.Назарбаев тікелей қолдау жасады. Елімізде металлургия саласын дамытуға айрықша назар бөлінуде, бұл салада жыл санап ірі өндіріс нысандары ашылуда.
Митинг соңында Елбасы атына жолданатын үндеуге жиынға қатысқан зауыт жұмыскерлерінің барлығы қол қойды.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.


