«Достық» үйінің үлкен концерттік залында «Замандас» ардагерлер клубының ашылғанына бір жыл толуына орай мерекелік шара ұйымдастырылды. 2009 жылы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мұрындық болуымен есігін айқара ашқан мекемеге келушілер саны күннен күнге көбеюде.
«Замандас» ардагерлер клубының директоры Қабидолла Шәкәрімов ардагерлерді ортақ мерекемен құттықтап, клубтың бір жыл ішінде атқарған игі шаралары туралы таныстырып өтті. Ол өз сөзінде: «Ардагерлер өмірінің жақсаруына көмек көрсетіп, қамқорлық жасағаны үшін облыс басшысына алғысымыз шексіз. Бүгінгі аға ұрпақ - бақытты» – деді.
Қабидолла Шәкәрімов ардагерлер қауымын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастаманы қолдауға үндеді. Ардагерлер клубын бір жылдықпен құттықтаған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Клавдия Арынғазина да клуб мүшелерін бастаманы қолдауға шақырды. Мерекелік шараға жиналғандар бірауыздан «Елбасымызды қолдаймыз!» деген ниеттерін білдіріп, үндеуге қол қоятындарын жеткізді. Шара «Замандас» клубының мүшелері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
А.ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ.

