Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Парламент депутаттары ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша ҚР Президентінің республикалық референдум тағайындауы туралы Мемлекет басшысы атына Үндеу жолдады.
«ҚР Парламенті ҚР Конституциясының 24-бабы, 2-тармағы, 3-тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстанды құру мен нығайту ісіне баға жетпес үлес қосқан, Отанымызды прогресс пен гүлдену жолына бастап келе жатқан, тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы әрі оны құрушы ретінде Сізге - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасына республикалық референдум тағайындау бастамасымен Үндеу жолдайды және оған «Сіз республикалық референдумда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігін ұзарту мерзімін көздейтін ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу туралы заңды қабылдайсыз ба?» - деген мәселені шығаруды өтінеді. ҚР Парламенті депутаттары Қазақстан халқы секілді еліміздің жарқын болашағын тек Сізбен және Сіздің есіміңізбен байланыстырады», - делінген Үндеуде.
Естеріңізге сала кетейік, Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша бас құжаттың мәтініне «Тұңғыш Президент - Елбасы» деген сөздер қосылады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша ҚР Президентінің республикалық референдум тағайындауы туралы» мәселені талқылау барысында депутат Кенжеғали Сағадиев референдум бастамашылдығын қолдай келе, Н.Назарбаев бастаған реформалардың ары қарай жалғасуына тиісті жағдайды қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
«Президент Н.Назарбаев әлемде беделді, оның пікірімен үлкен-кіші санасатын қайраткер екеніне біздің де көзіміз жетті. Елбасының сындарлы саясаты әлем елдерінен көптеген қолдау тауып, өз ішіндегі реформалар тоқтамай, оны ешнәрсеге алаңдамай жүргізуге мүмкіндік берді. Оның жемісті нәтижесі баршаңызға белгілі», - деді К.Сағадиев.
Сонымен қатар жұрт алдында өте күрделі онжылдықтың тұрғанын атап айтқан депутат, осы мерзім ішінде елдің әлеуметтік-экономикалық саласын барынша жарақтандырып, жоғары деңгейге жеткізу қажеттігін атап өтті. «Білетін адамға бұл - жарыс, бәсеке. Оны жеңу үшін осындай ұлы іске тәжірибесі мол, барынша шыңдалған қайраткер басшы қажет. Ол - өткен һәм болашақ реформалардың архитекторы Н.Назарбаев. Жарыс үстінде арғымағын айырбастамас болар. Біз де әлем таныған қайраткерімізді алдағы әлемдік деңгейдегі бәйгеге қосайық. Ел тізгінін Н.Назарбаевқа тапсырайық. Сонда жүлделі болатынымызға күмән жоқ», - деді К.Сағадиев.
Депутат Розақұл Халмұрадов: «Ғасырлар бойы арман болып келген Тәуелсіздікке бір оқ атпай, қан төкпей жеткеніміз, Қазақстанда тұратын 140-тай этнос өкілдерін қазақтың қасиетті де берекелі шаңырағының астында ынтымақ пен бірлікте топтасуы, мемлекет құруда еуропалық стандарттарға сай келіп, оның төріне шығуымыз, әлем саясаткерлері «Қазақстан триумфі» деп атаған ЕҚЫҰ Саммиті, тағы да басқа жетістіктеріміз Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының, көрегендігінің, даналығының арқасында болды. Н.Назарбаев - бүкіләлемдік деңгейге көтерілген, өзге мемлекет басшылары мойындаған, саңлақ саясаткер, ірі қайраткер»,- деді.
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Бауыржан Смаилов өз сөзінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастаманы қызу қолдайтынын атап көрсетті.
- Бұл - біздің, тәуелсіз Қазақстанда өзінің білімі мен қабілетін жан-жақты ашуға мол мүмкіндік берілген мыңдаған жастардың қалауы, экономикасы нығайып дәулеттенген, рухани көркейген барша халықтың таңдауы! Ата-бабаларымыз «Ырыс алды - ынтымақ» деген. Бүгінгі таңда Қазақстан - ынтымағы жарасқан, ұлтаралық татулықты сақтауды және бейбітшілікті қорғауды әлемге таныта білген тәуелсіз мемлекет. Елдің осындай ұстанымы Елбасымыздың саясатының нәтижесінде қалыптасып отыр. Қазақстанның гүлденуі барша тұрғындарымыздың бойына күш-жігер құйып, атқарып жатқан жұмыстарына серпіліс берді. Ұлтына, тегіне қарамай, еліміздің әрбір азаматы бүгінгі таңда «Бұл - менің Қазақстаным!» деп зор мақтанышпен айта алатын күнге жеттік! Бауырлас елдердің саясаткерлері, қоғам және өнер қайраткерлері Нұрсұлтан Назарбаевты түркі халықтарының кемеңгері, ақылшысы деп атап жүр. Осындай пікірді осы Парламент үйінде сөз сөйлеген Түркия Президенті Абдолла Гүл мырза да келтіргені есімізде! Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке толы өлшеусіз еңбегін бүгінде тек қана қазақстандықтар емес, бүкіл әлем бағалап, мойындап отыр. Жаңа онжылдықтың міндетін жоғары деңгейде орындау Елбасының басшылығына тікелей байланысты. Ендеше, барша азаматты Отанымыз бүгіннен де сәулетті, еліміз қазіргіден де дәулетті болуы үшін, халқымыздың бақытты болашағы үшін осы таңдауды қуаттауға, ауызбірлік танытуға шақырамын!» - деді депутат Б.Смаилов.
ҚазАқпарат

