Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топтың ұсынысы елді елең еткізді. Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген ой болатын. Соның дәлелі ретінде, қазіргі кезде халық, қоғамымыздың әр өкілі өздерінің қалтқысыз сенетін көшбасшысына шын ықыластарымен қолдау көрсетуде. Павлодар мұнай-химия зауытында өткен жиынның күн тәртібі де нақ осы тақырыпқа арналды.
Шараға зауыт басшылығы мен жүзден аса қызметкерлері жиналды. Олардың айтуына қарағанда, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында бүгінде елімізді әлем таниды. Өзге мемлекеттер үшін Қазақстан - берік іргелі, тұрақты, қарқынды даму жолына түскен, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел. Оған дәлел, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі бүгінде әлемдегі ең табысты үлгілердің бірі ретінде мойындалып отыр. «Кемеңгер Көшбасшымыздың сындарлы саясатының нәтижесінде Қазақстанды бүкіл әлем мойындап қана қоймай, жақсы дос, стратегиялық әріптес, тату көрші, қарқынды дамушы, ішкі және сыртқы саясатта тұрақтылықты қолдаушы мемлекет ретінде бағалап отыр. Осындай үлкен істерге басшы болған Елбасымыз биылғы Жолдауында стратегиялық мақсатқа жетудің жаңа кезеңі басталғанын жариялағанын білеміз. Оның мәні 2010-2020 жылдардағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында көзделген. Бұл ретте, біздің зауытымыздың алдында да үлкен мақсаттар тұр. 2015 жылға дейін кәсіпорын толығымен модернизациялаудан өтуі тиіс. Ал егер осынау жауапты кезеңде алдымызға қойған барлық мақсат-міндеттеріміз табысты жүзеге ассын десек, онда мемлекетті басқару ісі Елбасының қолында қалуы тиіс», - деді «ПМХЗ» АҚ-ның бас директоры Шухрат Данбай.
Шараға жиналған зауыт қызметкерлерінің де пікірі бір жерден шықты. Мұнайшылар өз болашағына деген ортақ жауапкершілікті және береке-бірлік, өркендеу жолындағы ұмтылысты таныта отырып, республикалық үндеуге бірауыздан қол қойып, бастамаға тілектестіктерін білдірді.
Виталий ДЕМЧУК,
Павлодар мұнай-химия зауытының газ компрессорлық цехының бастығы:
- Мен Қазақстан азаматы болғаныма мақтанамын. Себебі, еліміз өз тарихында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерсе де, елдігін сақтап қала білді. Ал мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері, бағындырған асулары ешкімді де тамсандырмай, таң қалдырмай қоймайды. Осының барлығы Елбасының ақасы екендігіне ешкім шүбә келтірмейді. Еліміздің алға қойып отырған талай стратегиялық жоспарларын сәтті жүзеге асыру ісі де тек Мемлекет басшысының қолынан келеді. Біз өз Президентімізге қалтқысыз сенеміз.
Марат БӘЙТЕНОВ,
Павлодар мұнай-химия зауыты №3 цехының бастығы:
- Меніңше, Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін арттыру туралы референдум өткізу жөніндегі бастама өте дұрыс қолға алынған. Және бұл ұсыныстың халық арасында қолдау табатындығына еш күмән жоқ. Аталмыш бастамаға тек жалқау, ел болашағына бей-жай қарайтын адам ғана атсалыспауы мүмкін. Мемлекет басшысының Қазақстанның аяғынан тік тұрып дамуы, өсіп-өркендеуі жолында сіңірген орасан зор еңбегін айтып жату артықтық болар. Оған біз түгіл, әлем жұртшылығының көзі жетіп отыр. Сондықтан референдумның өткізіліп, Елбасының жеңіске жететіндігіне еш күмәнім жоқ. Бұл шешім біздің болашаққа деген сенімімізді нығайтып, халқымызды біріктіре түседі.
Владимир ДОГИЛЕВ,
Павлодар мұнай-химия зауытының №4 цех бастығының орынбасары:
- Біз бақытты халықпыз. Жері кең, байтақ, бірлігі жарасқан мемлекетте баршылықта өмір сүріп жатырмыз. Білім алам, еңбек етем деген адамға барлық жағдай жасалған. Ұрпақ тәрбиесі басты назарда. Өзгелер бізден үлгі алатындай дәрежеге жеттік. Одан артық не керек. Шынына келетін болсақ, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары еліміздің осыншалықты қысқа уақыттың ішінде мұндай жетістіктерге қол жеткізеді дегенге ешкім сенбеген еді. Ал Елбасымыз армандардың орындалатындығын дәлелдеді. Күні кешегі Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға болып, Астанада Саммит өткізуі, Астана Декларациясын қабылдауы – ел беделінің адам айтқысыз деңгейге көтерілуінің айғағы. Бұл – Ұлт көшбасшысының теңдессіз жеңісі. Мен отбасымның атынан референдумды өткізуді қолдаймын.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.
* * *
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум жөніндегі ұсынысты қолдау мақсатында еліміздің әр түкпірінде митингілер мен акциялар ұйымдастырылуда. Елбасына деген елдің зор сенімін паш еткен маңызды шараға павлодарлық патриот жастар да үн қосты. Соның дәлеліндей, бұрнағы күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Президентке, Қазақстанға, өзімізге сенеміз!» деген ұранмен акция өтті. Оған университет оқытушылары, студенттер және «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қатысты.
Шараға жиналғандар алдында сөз алған С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік мәселелер және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мейрам Бегентаев: «Тәуелсіз Қазақстанның күннен-күнге гүлденіп, өсіп-өркендегенін көру - әрқайсымыз үшін үлкен мақтаныш. Аз ғана уақыт ішінде жас мемлекетіміздің осындай жетістікке жетуі - Елбасының кемеңгерлігінің белгісі. Сол үшін біз әрдайым Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін қолдауға тиіспіз!» - деді. Бұдан соң биотехнология кафедрасының доценті Құралай Исаева сөйлеп, еліміз егемендік алғаннан бері бағындырған белестері толағай екенін және Елбасының сындарлы саясатының арқасында бүгінгі күні Қазақстанды әлем танып отырғанын жеткізді.
Игі шара барысында жастар мен студенттер де ортаға шығып, өз ой-пікірлерін бөлісті. «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының атынан Өскемен қаласында өткен Қазақстан Республикасы азаматтар жиналысына қатысып келген Әділ Жұмекенов: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі жиынға облыстан аттанған 35 адамның қатарында мен де болдым. Қуантарлығы, онда жиналғандардың көбі жастар екен. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы - жастар, яғни, мына біздер десек, осындай маңызды шараға шын ниетімізбен бір ауыздан үн қосқанымыз жөн. Президент жастардың жақсы өмір сүріп, жарқын болашаққа жетуі үшін зор мүмкіндік жасады. Өнер-білім қуған талантты жастар шет мемлекеттерде оқып жатыр. Осының бәрі құрметті Нұрсұлтан Әбішұлының жастарға деген үлкен сенімі мен қамқорлығы» - деді. Ал студенттер атынан сөз алған Елена Иванова көп ұлтты Қазақстан Республикасында ұлтаралық татулық пен береке-бірліктің орнауы үшін Елбасының қосқан үлесі зор екенін айтып, осындай бейбіт елде тұрғанын бақыт санайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстанда азаматтардың ұлтына, нәсіліне, түріне қарамастан, барлығының заң алдындағы құқықтары бірдей екендігін ерекше атап, Мұның өзі елдегі барша ұлттың кемел келешегіне деген сенімдерін нығайта түсетінін айтты.
Акция барысында өзге де белсенді жастар сөз алды. Ең бастысы, бәрінің тілегі бір, ойы ортақ. Ол - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуға арналған ұсынысты қолдау.
Шара соңында акцияға қатысқан барлық студенттер атынан Елбасына үндеу жолданды.
Нұржайна ШОДЫР.
* * *
Кеше Ақсу ферроқорытпа зауытында Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзарту бастамасын қолдау жөнінде салтанатты митинг өткізілді.
Ақсу ферроқорытпа зауытының техникалық директоры Александр Сусловтың айтуынша, өндіріс орнының 5 мыңнан астам жұмысшысы бастаманы толық қолдауда. Бүгінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша елеулі табыстарға жетіп отыр. Еліміздің әлемдік саясатта да алатын орны айшықталуда. Оған таяуда Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті дәлел болады. Зауыт инженері К.Валиевтің сөзінше, бүгінде елімізде кең ауқымды индустриялық бастамалар жүзеге асуда. Әлемде экономикалық дағдарыс болып жатқанда, біздің елімізде жаңа өндіріс орындары ашылды. Мәселен, биыл Ақсу ферроқорытпа зауытында агломерат цехы іске қосылды. Басқа да маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асты. Мұның бәрі - Елбасының бастауымен халық игілігі үшін атқарылып жатқан шаралар. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да Елбасының жетекшілігімен одан әрі жалғасын таба беруіне тілектеспіз. Сондықтан қазіргі президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ел тізгініне ие болып қала беруін қалаймыз. Сол себепті референдум өткізуді қолдаймыз, деді салтанатты шарада металлургтер және бірауыздан қол қойып, Елбасы атына үндеу жолдады.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ, Ақсу қаласы.
* * *
Павлодар қаласының энергетиктері Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін ұзарту бастамасын толық қолдайтынын, сондықтан референдум өткізуді жақтап дауыс беретіндігін мәлімдеді.
Арнайы конференцияда «Павлодарэнерго» холдингіне кіретін кәсіпорын өкілдері өз ұстанымын жеткізді. «Павлодарэнерго» АҚ-ндағы «Нұр Отан» партиялық ұйымының төрағасы Владимир Диановтың сөзінше, Президент өкілеттігін ұзарту алға қойылған мақсаттарға толықтай жетуге, соның ішінде энергетика саласын жаңартуға, сенім туғызады.
- Біз Қазақстанды, еліміздің табыстары мен жетістіктерін мақтан етеміз. Ел Президентінің саяси қабілеті мен ерекше қасиеттерін таныдық, - деді өз сөзінде «Энергоцентр» АҚ коммерциялық директоры Светлана Осняч.
Конференция қорытындысында «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалына резолюция жіберу жөнінде шешім шығарылды. Павлодар қаласы энергетика саласының алты мың өкілі референдум өткізуді қолдайтынын білдіріп, Мемлекет басшысы атына үндеу жолдады.
Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
* * *
Екібастұздағы «Богатырь» кенішінің ұжымы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдумды өткізуді толықтай қолдайды. Кеше кәсіпорында осыған байланысты митинг өтті. Оған кеніштің бас директоры Виктор Щукин және өндіріс ұжымы қатысты.
Қазіргі күні Мемлекет басшысының президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі ұсынысты еліміздің әр түпкіріндегі еңбек ұжымдары қолдап, Елбасы атына үндеу жолдауда. Елбасының рейтингісі жоғары әрі Ұлт көшбасшысының есімі еліміздегі тұрақтылық және келешек өркендеумен тікелей байланысты. Жалпыхалықтық референдум өткізуді уақыттың өзі мойындатып отыр. Өткен он тоғыз жылда мемлекет ішінде жасалған игіліктер Президенттің сындарлы саясаты мен идеяларының арқасында жүзеге асты. В.Щукин елдегі экономикалық даму көрсеткіштерінің артуы нәтижесінде «Богатырь» кенішіндегі көмір өндіру көрсеткіштерінің өсіп отырғанын атап өтті. «Компания 2010 жылды табысты аяқтауда. Жыл басынан 38 миллион тонна көмір сыртқа тиелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4 миллион тоннаға көп. Елбасының жыл сайынғы Жолдауында айтылған тапсырмалар мен жүзеге асып жатқан инновациялық жобалар бізді шабыттандырады. Кеніш ұжымы референдумды өткізуді дұрыс шешім деп есептейді», деді ол.
Митинг барысында кеніштегі экскаватор машинисі, «Құрмет» орденінің иегері Қ.Үмбетәлиев, цехтағы кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Макушин және жол бойынша аға шебер Е.Қоңырбаев бастаған жұмыскерлер қауымы Елбасының өкілеттігін ұзартуға қолдау жасап, ортақ үндеу қабылдады.
Өз тілшіміз.
* * *
Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартуды ұсынған бастамашыл топты Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының жастары қолдайтындарын білдірді. «Достық» үйінде «Патриот» пікірталас клубының мұрындық болуымен жастардың басқосуы өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының этно-бірлестіктері жанындағы жастар ұйымдарының белсенділері қатысқан жиын «Еліміздің болашағы мен бүгіні» тақырыбы төңірегінде өрбіді. Өзге ұлт өкілдерінен құралған бірлестіктердің ұл-қыздары Шығыс Қазақстан облысы орталығында жарияланған бүкілхалықтық референдумды өткізу туралы ұсынысты бірауыздан қолдайтындарын жеткізді. Шара соңында 200-ге жуық жас азамат үндеуге қол қойып, Ұлт көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға тілектестік білдірді.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
ӘБИ САРҚЫНШАҚОВ, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Консультативтік кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген көлік қызметкері:
- Биыл еліміз тәуелсіздігінің он тоғыз жылын лайықты атап өтті десек, біздің мемлекеттің тәуелсіздігін, халықтың бірлігін сақтап, дамытуда, экономиканы өрге бастыруда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп еңбек сіңірді. Нәтижесінде Қазақстан әлемдегі экономикасы шапшаң дамып келе жатқан елдердің бірі болып танылуда. Елбасымыз шаруашылығымыздың барлық саласын, солардың арасында теміржолды дамытуға мол үлес қосуда. Бүгінде «темір жол» деген ұғым қазақстандықтар өміріне мықтап енді. Темір жол бойымен халық шаруашылығының жүктері тасылуда, сондай-ақ теміржол көлігі миллиондаған жолаушыға қызмет көрсетуде. Цифрларды мысалға келтірсек, еліміздің барлық жүк айналымының 70 пайыздан астамы, жолаушы айналымының 60 пайыздан астамы темір жол көлігінің үлесіне тиген. Бұл – ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың теміржол саласын қайта құру жөніндегі саясатының арқасында мүмкін болды.
Елбасы қолдаған, саламызды өркендетуге бағытталған жаңа жобалар қазірде де ойдағыдай жүзеге асуда. Игілікті іс алдағы уақытта жалғасын табады. Мұның өзі табысымызды баянды, болашағымызды жарқын ететіні анық.
Мен Қазақстанның аса ірі ұлттық компанияларының бірі «Қазақстан темір жолының» сан мыңдық ұжымы Жалпыұлттық Көшбасшы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі ұсынысты қолдайтынына сенемін.
Серім СЫЗДЫҚОВ,
Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың бас дәрігері:
- Мен тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының президенттік өкілеттігін ұзартуды барлық қазақстандықтар қолдайды деген сенімдемін. Біздің ұжымдағы 560 адамның барлығы өз қалауы бойынша Елбасының атына жолданатын Үндеуге қол қойды.
Еліміздің қай саласын алып қарасақ та даму үстінде. Әсіресе, тұрғындардың денсаулығын жақсартып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға баса мән берілгені қуантады. Қазіргі таңда Қазақстанның ауыл-аймақтарында жаңа ауруханалар ашылып, заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бірқатар білікті мамандарымыз тәжірибе алмасу мақсатында Израиль, Литва, Ресей, Корея және басқа да шет мемлекеттерге барып, оқып келді. Сонымен қатар, ақ желеңділердің жалақысы өсті. Мәселен, біздегі дәрігерлердің орташа еңбегі 100 мың теңгенің үстінде, ал медбикелер 60-70 мың теңге алады.
Жалпы, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған шаралар Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында да қамтылуда. Осыған қарап, біз еліміздің болашағына үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз. Сол үшін де біздің жас мемлекетіміздің басына бақ қондырған Нұрсұлтандай азамат жасасын дегім келеді.
Жақсыбай САРБАЛАЕВ, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Филология, журналистика және өнер» факультетінің деканы:
- Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқ-санына дейін ұзарту жөніндегі референдумды қолдаймын. Осындай кемеңгер басшымыздың арқасында қазіргі таңда Қазақстанды барлық ел танып, білуде. Жақында Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ-на мүше ел басшыларының Саммитінен кейін мемлекетіміз әлем елдерінің алдында үлкен беделге ие болды. Сондай-ақ елде татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшіліктің орнауы - көптеген мемлекеттерге үлгі.
Небары жиырма жылға жуық уақыттың ішінде тәуелсіз Қазақстан ел танымастай болып өзгерді, өркендеді. Еуразия кіндігінде жаңа Астанамыз бой түзеді. Елдің экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Мемлекетімізде жас ұрпақтың білім алуына, халықтың денсаулығын нығайтуға барынша мүмкіндік жасалуда.
Міне, егемен елдің ертеңі үшін жасалып жатқан осындай кемел істердің барлығы Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асқаны аян. Сондықтан да, ұрпағымыздың жарқын болашағын ойлаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен әрдайым біргеміз! Оның саясатын қолдаймыз.
Әділ ЖҰМЕКЕНОВ,
«Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалының жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі:
- Сонау тоқсаныншы жылдардан бері талай қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, баянды болашаққа нық қадам бастаған қазіргі күнгі жетістіктерге жетуіміз - Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы.
Бүгінде жас ұрпаққа мемлекет болашағы ретінде үлкен сенім артылып отырғандығы белгілі. Ендеше еліміздің жастары нақ осы сәтте өздерінің белсенділігін дәлелдеп, Елбасының жанынан табылып, артылған үмітті ақтай білуі тиіс. Себебі мемлекетіміздің бүгінгі күнге дейін жеткен толағай табыстары ғана емес, баянды болашағы да Тұңғыш Президентіміздің есімімен тікелей байланысты.
Қазіргі кезде жастарға жасалып жатқан қолдау орасан зор. Әсіресе, біздің бәсекеге қабілетті болуымыз үшін білім саласындағы игі бастамалар баршылық. Астанада бой көтерген «Назарбаев университеті» халықаралық атақты жоғары оқу орындарымен теңесе алатындай дәрежеде. Сондай-ақ, жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да барлық жағдайлар қарастырылған. Осының барлығы - жас ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқан шаралар. Ендеше, ұл-қыздарымыз үшін жауапты қадам жасайтын кез келді. Аймағымыздың барлық белсенді жастарын референдумның өткізілуіне қолдау көрсетіп, белсене араласуға шақырамын. Бұл біздің Елбасына деген алғысымыз деп білген жөн. Бұл ретте, облысымыздағы «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері алғашқылардың бір болып Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдап отыр. Және алдағы уақытта Мемлекет басшысының идеясын қолдауға дайынбыз. Біз – павлодарлық жастар, ел Президентімен біргеміз!


