Кеше ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «ҚР Конституциясына толықтыру енгізу туралы» заң қабылданды. Аталған құжатты Парламентке Мемлекет басшысы Конституцияның 53-бап, 1-тармақшасына және 91-бап, 1-тармағына сәйкес енгізген болатын.
Парламент қабылдаған заң ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің Конституциялық алғышарттарын белгілейді. Осыған байланысты Парламент қабылдаған заң бойынша Мемлекет басшысына кезектен тыс Президенттік сайлауды тағайындау бойынша Конституциялық құқық береді. Ал ондай кезектен тыс сайлау Конституциялық заңда белгіленген мерзімде өткізіледі. Яғни, Конституцияға енгізілген бұл толықтыру кезектен тыс Президенттік сайлау өткізуді қамтамасыз етеді.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Айта кетейік, 31 қаңтар күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 14 қаңтарда Парламент қабылдаған, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Президенттік өкілеттігін референдум арқылы ұзарту мүмкіндігін қарастырған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерту мен толықтыру енгізу туралы Заңды Конституцияға сәйкес емес деп таныған қаулысына байланысты Қазақстан халқына Үндеу арнады. Президент Үндеуінде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізбеу туралы шешім қабылдағанын жеткізіп, Қазақстанда мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы Парламентке ұсыныс енгізетінін атап көрсеткен болатын.
Ал 1 ақпан күні ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын өндіріске алды. Аталған заң жобасымен «ҚР Сайлау туралы» және «ҚР Президенті туралы» заңдарға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, бұл ретте кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу мәселесі қарастырылған.
ҚазАқпарат.

