Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалды. «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес қаулы етемін: Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалсын», - делінген Жарлықта.
Жарлыққа сәйкес, ҚР Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Мемлекет басшысы ҚР Үкіметіне кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Ал облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін дер кезінде жасау және дұрыстығын қамтамасыз ету, орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсету жүктелді. Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына президенттікке кандидаттарды ұсыну 2011 жылғы 5 ақпанда басталады және 20 ақпанда аяқталады. Ал Президенттікке кандидаттардың сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары 3 наурызда басталатын болды. Бұл туралы кеше Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
ҚазАқпарат

