Орталық сайлау комиссиясы бекіткен жоспарға сәйкес, 5 ақпаннан бастап кандидаттарды ұсыну басталды. Осы аптаның дүйсенбісіне дейін ҚР Президенттігіне 3 кандидат ұсынылды. Ақпанның 5 күні Орталық сайлау комиссиясына Президенттікке кандидат ретінде өзін-өзі Сәлім Сағындықұлы Өтен ұсынды. Ал 6 ақпанда Уәлихан Қайсаров Президенттіктен үміткер болуға ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ, 7 ақпанда өзін-өзі ұсыну жолымен өз кандидатурасын Мұсағали Сәрсенбайұлы Дуанбеков ұсынды.
Осы уақытқа дейін Президенттікке кандидат ретінде тіркелген 3 азаматтың екеуі Президент сайлауына бұрын да қатысқан.
Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтер бойынша Президенттікке кандидаттарды республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Сондай-ақ, азаматтар кандидат ретінде өздерін-өздері ұсынуға құқылы. Президенттікке кандидаттарды қоғамдық бірлестіктер атынан олардың жоғарғы органдары ұсынады. Заң қоғамдық бірлестіктерді кандидаттыққа тек өз мүшесін ғана ұсынуды міндеттемейді. Президенттікке кандидаттыққа өзін-өзі ұсыну Орталық сайлау комиссиясына тиісті өтініш беру арқылы жүргізіледі және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабының, 2-тармағына сәйкес кандидаттардың құжаттары тапсырылған күннен бастап 5 күннің ішінде тексеріліп бітуі тиіс.
Президенттікке кандидаттың соңғы 5 жылда Қазақстанда тұрғандығын Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің мәліметтері негізінде Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Ал кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі Конституциялық кеңестің Конституцияның 41-бабының, 2-тармағы бойынша туралы актісіне сәйкес ОСК қаулысымен анықталады. Осы акті бойынша «Мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген норманы қазақ тілінде сауатты оқи, жаза, өз ойын еш қиналмай еркін білдіре алатын және көпшілік алдында сөйлей білетін азамат деп түсінген жөн, деп айқындайды.
САЙЛАУ ҚОРЛАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауындағы сайлау қорларының шығындары қатаң бақылауда болады. Бұл туралы осы апта басында өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, сайлау қорларының шығындарына ұдайы мониторинг жүргізіліп отыратын болады. Бұл шараға Орталық сайлау комиссиясы мен банк өкілдерінен өзге құқық қорғау органдары да тартылады. «Бұл мәселені біз жан-жақты ойластырып, пысықтап қойдық. Сондықтан бұл мәселеде бізде қандай да бір проблемалар бола қояды деп ойламаймын», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ ДЕҢГЕЙІНЕ ТАЛАП ЕРЕКШЕ
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссияның жаңа құрамын бекітті. Бұл туралы апта басында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімінің өзі өзгерген жоқ. Ол Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 31 тамызында қабылданған «ҚР-ның Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы» қаулысымен айқындалған. Оған сәйкес азаматтардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі 2 беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу керек. Сонымен қатар лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі 3 баспа беттен аспайтын мәтінді оқуы қажет. Бұған қоса көпшілік алдында 15 минуттан кем емес, сөз сөйлеу талап етіледі. Лингвистикалық комиссияның отырысына осы комиссияның мүшелері мен Президенттікке кандидаттан басқа Орталық сайлау комиссиясының мүшесі байқаушы ретінде қатысуға құқылы.
Лингвистикалық комиссияның шешімі комисссия мүшелері санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады және отырыс хаттамасымен рәсімделеді. Лингвистикалық комиссияның шешімі бірден отырысқа қатысқан Орталық сайлау комиссиясының мүшесіне беріледі. Ұсынылған кандидаттардың Конституция мен «ҚР-ындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылған талаптарға сәйкестігі анықталғаннан кейін 5 күннің ішінде Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарға азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтарын беруге міндетті.
Президентке кандидаттарға қойылар талап бұрынғыдан да зор. Орталық сайлау комиссиясында өткен ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның алғашқы отырысы барысында аталған комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков осылай мәлім етті.
«Президент сайлауы - мемлекет өміріндегі аса жауапты кезең. Шынтуайтына келгенде, жұрттың көбі референдумға әзірленіп жүргенде, Елбасы кезектен тыс сайлау жариялады. Сондықтан да, конституциялық талапқа сай келетін президенттікке кандидаттардың тілдік деңгейін анықтау - үлкен міндет. Оның үстіне бүгінгі күні мемлекеттік тілге талап бұрынғыдан да зор. Бұдан бөлек, менің ойымша, Қазақстанға Президент болар адам өзінің қайраткерлігімен ғана емес, мемлекеттік тілді меңгеру, тілді құрметтеу жағынан да үлгі болуы керек», - деді М.Жолдасбеков.
Сонымен бірге, комиссия төрағасы кандидаттардан алынатын емтиханның әділ өтетіндігіне, талаптың заң аясында әрі қатал болатынына сөз берді. Сонымен қатар, М.Жолдасбеков «мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген нормаға түсінік бере келе, ондағы талаптарға да тоқталып өтті. «Кандидаттың 2 беттік жазба жұмысы сапалы болуы тиіс. Бұдан бөлек, кандидат комиссия алдында 15 минут сөз сөйлеуі де керек. Біз олардың әрбір сөз саптауына жіті мән береміз. Қате, кемшіліктері міндетті түрде хатталады. Шығармасы ақпарат құралдарына да көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, БАҚ үшін үдеріс барысы ашық болады», - деді М.Жолдасбеков. Яғни, кандидаттарға мүмкіндік берілуі үшін БАҚ-қа олардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімінің басталуын және комиссияның әрбір кандидат бойынша шешім қабылдау үдерісін тұтастай байқауға рұқсат береді.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Уәлихан Қайсаров лингвистикалық комиссияның сынынан өте алмады. Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, мемлекеттік тілді еркін меңгеру сынағы үш түрлі бағыт бойынша жүргізілді. Қайсаровтың кітаптан мәтін оқуы көңілден шықты. Ал еркін тақырыпта ойы шашыраңқы болды.
Осы себеппен Орталық сайлау комиссиясы Уәлихан Қайсаровты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкес емес деп тауып, тиісті қаулы қабылдады.
ҚазАқпарат

