ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНА «КӨЗІҢІЗ ҚЫЗАРМАСЫН»!

ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНА «КӨЗІҢІЗ ҚЫЗАРМАСЫН»!

 

Тәртіптік кеңес жылды қалай қорытты?

 

«Сыбайлас жемқорлықпен бітіспес күрес жүріп жатыр. Тек 2 жылдың ішінде қылмыстық жауапкершілікке 40-тан астам республикалық деңгейдегі жетекші, облыстық және қалалық ауқымдағы 250-ден астам лауазымды тұлғалар тартылды, олардың арасында 39 әкім мен олардың орынбасарлары бар»

 

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2011 жылғы Жолдауынан.

 

Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында атап көрсеткендей, елімізде жең ұшынан жалғасатын жағымсыз індетсыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес пәрменді жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары «алтын көріп, жолдан тайған» талай ірі лауазым иелері тұтылып, мәртебелі Заң алдында жауап беруге, жаза арқалауға мәжбүр болғанын естіп-біліп жатырмыз. Қазынаның қаражатынан қып суырғандардың қатарында кім жоқ дейсіз? Білдей жүйені басқарып келген министр де, қайсыбір Агенттіктің төрағасы да, әкімдер де, басқармалар мен бөлімдердің бастықтары да, бас мамандар да бар... «Қолыма билік, астыма тақ тиді-ау» деген пиғылы бөлек кейбір пысықайлар түрлі бағдарламалар үшін бөлінген бюджет қаржысын ебін тауып екі асап, жолын келістіріп «жұтып қойып», ақырында аймаңдай болғанын да көрдік. «Мемлекеттік қызмет - халықтың қамы, қоғамның игілігі үшін Ар-Ожданмен, жан-тәнмен беріле жұмыс істеу» деген ұғымды ысырып тастап, «қолда тұрғанда қонышынан басуды» ғана місе тұтқандар туралы жиі естіп жүрміз. «Мемлекеттік қызметшімемлекеттің, қоғамның айнасы» деген қағида үнемі айтылып жүрсе де, соны елең қылмайтындар тыйылмай отыр. Дегенмен, құзырлы органдар шенеунік болдым деп шіренген, қазына қаржысын талан-таражға салған, халықпен қоян-қолтық жұмыс жүргізгеннің орнына сөзіне құлақ аспай, уәж айтқан жұртты кері итеріп, көкірегін керіп, кеудесін соққан тұлғаларды тезге салудың іс-шараларын жүргізіп-ақ келеді. Елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң, «ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Ар-Намыс Кодексі», сондай-ақ басқа да құқықтық актілер қабылданып, соның аясында жұмыстар атқарылуда. Аталмыш құқықтық нормалардың сақталуына, орындалуына бақылау жасаушы құрылымдар да аз емес. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің, яғни билік төріне озғандардың қызметін бағалайтын Тәртіптік кеңес құрылымының маңызы зор екенін білеміз. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Павлодар облысы бойынша Тәртіптік кеңесі де өз жұмысын барынша ширатып келеді. Құзырлы құрылым мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілетін оны-мұны құқық бұзушылықтарды анықтап, тәртіп бұзған шенеуніктерді тезге салып, лауазым иелері арасында мүмкін болатын сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен күресуді жалғастырып жатқан жайы бар.

Облысымыздың Тәртіптік кеңесі мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалар тарапынан жол берілетін сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңсыздықтарды алдын алуға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асырып жүргенін білеміз. 

Мысалы, былтырғы, яғни 2010 жылы біздің Тәртіптік кеңес Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының, мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс Кодексі нормаларының сақталуы  және мемлекеттік тәртіпті нығайту мәселелері бойынша жалпы саны 14 отырыс өткізген екен. Отырыстардың күн тәртібіне 213 мәселе шығарылып, аудан әкімдері мен мемлекеттік органдар басшыларының 131 есебі тыңдалыпты.

Өңіріміздегі мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық әрекеттері, мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі нормаларын бұзу фактілері, сондай-ақ, құқық қорғаушы және басқа да құзырлы органдардан, азаматтардан келіп түскен материалдар мен шағымдар бойынша былтыр 82 тәртіптік іс қозғалған. Аталмыш 82 тәртіптік істің 8-і лауазымды тұлғаны тәртіптік жазаға тарту мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылып,                 бір іс қосымша шара қабылдау үшін құқық қорғау органдарының қарауына жіберіліпті.

Әдеттегідей, Тәртіптік кеңестің «төріне озған» қайсыбір шен-шекпенділер «Заңды білмей қалдым, жаздым, жаңылдым» деп ақталып әлек-шәлегі шығатынын үнемі айтып жүрміз. Бірақ Заңды, оның талаптары мен нормаларын білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын естен қалай шығаруға болар? Әрісі, егер заңдарды, оның талаптары мен нормаларын білмейтін болса, онда мемлекеттік қызметке тұру үшін өңмендеп, өлерменденіп не бар еді? Өкінішке қарай, кейбір тұлғалар мемлекеттік қызметті халыққа қалтқысыз жұмыс істеуден гөрі, билікке табан тіреп, сол арқылы өзін «жарты патшадай» сезініп, бюджеттің бүйірін тесіп, артынша қазына қаржысын қалтаға басудың төте жолы деп түсінетін тәрізді.

Былтырғы жылы да оны-мұны істері қаралған 73 адам түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, соның ішінде лауазымды 7 тұлға атқарып отырған қызметімен «қош» айтысып тыныпты. Тағы 19 лауазым иесі атқарып отырған қызметіне толықтай сай емес деген ескерту алса керек. 17 мемлекеттік қызметші қатаң сөгіс немесе сөгіс арқалап, 13 тұлғаға қатысты ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Өткен жылы тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың қатарында кімдер бар? Оны да айтайық – былтыр 6 саяси мемлекеттік қызметші, яғни ауыл және ауылдық округтердің әкімдері, 49 әкімшілік мемлекеттік қызметші, сондай-ақ төтенше жағдайлар және өрт сөндіру саласының 4 қызметкер мемлекеттiк мiндеттерді атқаруға уәкiлеттi саналатын 14 адам «тәртіпке салынған» екен.

Облыстың Тәртіптік кеңесі Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамалары, мемлекеттік қызметшілердің Ар-Намыс кодексі талаптарының сақталуын бақылау мақсатында, сондай-ақ тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету, азаматтардың денсаулығын сақтау салаларында қолданыстағы заңнамалардың тиімді жүзеге асуын қадағалау бойынша жалпы саны 175 мемлекеттік мекемеде тексеру жұмыстарын жүргізген көрінеді. Барлық тексерулер «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы филиалдары, сонымен қатар,                 басқа да мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткізілгенін айта кету керек. Жоспарлы тексеру шаралары барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары талаптарын бұзудың 1047 фактісі анықталып, оның 372 фактісі жойылыпты. Жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижелері Тәртіптік кеңес отырыстарында жіті қаралып, кеңес мүшелері ұсынысы негізінде 45 лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік шара қолданылған екен.

Мемлекеттік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнама мен ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі талаптарының сақталуы, сонымен қатар, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша облыстың түрлі деңгейдегі әкімдеріне, мемлекеттік мекеме басшыларына 294 ұсыныс жасалды.

Азаматтарды түрлі мәселелермен - өтініштермен, арыз-шағымдармен қабылдау шараларының да берер пайдасы аз еместігі белгілі. Артта қалған 2010 жылы Тәртіптік кеңес төрағасы мен кеңес хатшылығының меңгерушісі 184 қабылдау шараларын жүргізіп, жеке сұрақтары бойынша 174 азаматтың назына құлақ асқан. Азаматтарды қабылдау облыстың 64 ауылдық елді мекендерінде жүргізіліп, кеңес басшылығына 105 адам жүгінген көрінеді. Мұндай қабылдау шаралары Май, Успенка, Баянауыл, Железинка және Лебяжье аудандарында жүзеге асқанын да айтқан абзал.

Былтырғы жылы Тәртіптік кеңеске  440 өтініш пен арыз түссе, соның 261-і қаралып, 9-ы бойынша тексеру шаралары жүргізілген. Облыстың Тәртіптік кеңес органы берген мәліметтерге назар аударсақ, Лебяжье ауданы Ямышев ауылының тұрғыны Руслан Мусиннің арызы негізінде жүргізілген тексеріс барысында, осы ауылдың әкімі Мұхтархан Оразғалиұлы Мұсаевтың тарапынан Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі талаптары өрескел бұзылғаны анықталыпты. Ауыл әкімі М.Мұсаевқа қатысты қозғалған тәртіптік істі қарай келе, Тәртіптік кеңес оны атқарып отырған саяси мемлекеттік қызметшілік жұмысынан босату туралы шешім шығарғанын айта кетелік. Бұл мәселені жүзеге асыру бойынша аталмыш ауданның әкіміне ұсыныс енгізіліп, артынша, аудан басшысы М.Мұсаевты Ямышев ауылының әкімі лауазымынан босату туралы өкімге қол қойғанын естідік.

Тәртіптік кеңес - анау айтқандай, жазалаушы орган емес. Десек те, түрлі себеп-салдарлармен, бірі қасақана, бірі білместікпен заңды белден басқандарды тезге салатын органның қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп, кезінде осы құрылымның жұмысы жолға қойылған еді. Сондықтан да, Тәртіптік кеңес һәм оның Хатшылығы заң бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалардың тәртіптік жазасын қарап қана қоймай, сыбайлас жемқорлықтың туындау себебін зерделеуге, ондай жағымсыздықтың алдын алуға, жол бермеуге де қатты көңіл бөлетін болса керек.

Өткен жылы сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жағдай тудыратын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 113 семинар-жиын, «дөңгелек үстел» шаралары, брифингтер ұйымдастырылған. Әсіресе, мұндай шаралар мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау  және біліктілігін арттырудың аймақтық орталығы тыңдаушылары арасында, Май, Успенка, Баянауыл, Железинка және Лебяжье аудандарында, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінде және   басқа да мемлекеттік органдарда жүргізілген.

Тәртіптік кеңестің бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс жасауына             да баса мән берілетіні бесенеден белгілі. Жұртшылық шектен шыққан, заңды бұзған тұлғалар туралы, ондай жағымсыздыққа барып жүрген шенеуніктер туралы хабардар болуы үшін, өздері де хабар жеткізуі үшін қазір түрлі технологиялық әдіс-тәсілдер қолданылып жатқаны мәлім. Бірақ кейде, жөні осы екен деп, мәртебелі Интернет арқылы жөн-жосықсыз «үшбу хат» жолдайтын жандар да жеткілікті екенін ұмытпайық.

Жә, былтыр Тәртіптік кеңестің  жұмысы туралы ақпарат құралдарында 212 жарияланым жарық көріпті.  

Сонымен қатар, Май, Успенка, Баянауыл, Железинка және Лебяжье аудандары тұрғындары арасында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы филиалдарымен бірлесе отырып, тұрғындарға медициналық қызметті сапалы көрсету мәселесі бойынша сауалнама да жүргізіліп, оған барлығы  3000-нан астам адам қатысыпты.

 

Асыл ӘБІШЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Наурыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31