Өткен 2010 жылы Қазақстан сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге жеткені көпке мәлім. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы төрағалығын атқарды. Оған он бір жылдан кейін тікелей Қазақстанның ұсынысымен Астанада өткен осы ұйымның Саммиті нақты дәлел. Еліміздің дипломатиясы биыл да белсенді қызмет етпек. 2011 жылдың екінші жартысында Қазақстан беделді халықаралық институттардың бірі – Ислам Конференциясы Ұйымының төрағалығын өз қолына алады.
1969 жылдың 25 қыркүйек күні Марокконың астанасы Рабат қаласында мұсылман мемлекеттерінің басшылары бас қосқан Конференцияда Ислам конференциясы ұйымы деп аталатын жаңа ұйым құрылды. Мақсаты - әлеуметтік, экономикалық және саяси салалардағы Ислам ынтымақтастығы, отаршылдыққа, нәсілшілдікке қарсы күресіп бірігу.
Бүгінгі таңда ИКҰ әлемдегі ең ресми халықаралық мұсылман ұйымы болып табылады. Құрамында 1,2 миллиард халық кіретін 57 Ислам елі бар. Бұл - біріккен Ұлттар Ұйымына кіретін мемлекеттердің үштен бірі. Штаб–пәтері Сауд Арабиясының Жидда қаласында. Қатарындағы мүше–елдерден бөлек Ресей федерациясы, Орталық, Африка республикасы, Босния және Герцоговина секілді бірнеше мемлекет пен БҰҰ бақылау ретінде қатысады.
Алғашқы кезде ИҚҰ–ның құрамында Азия мен Африканың 25 мемлекеті және Палестинаны азат ету ұйымы бар болатын. Бүгінгі таңда Ислам Конференциясы ұйымы мұсылман елдірінің өзара ынтымақтастығы, халықаралық аренадағы жағдайларға бірігіп атсалысу, қатысушы елдердің тұрақты дамуы сынды мәселелер бойынша жұмыс жасап келеді.
Елдердің корольдері, президенттері және үкімет басшылары үш жылда бір кездесіп тұрады. Сол кездесулер барысында ұйымның саяси қадамдары анықталады.
Ислам Конференциясы ұйымының бас хатшысын сыртқы істер министрлерінің конференциясы 4 жыл мерзімге сайлайды. Бас хатшының уәкілеттігі тек келесі бір мерзімге ғана ұзартылуы мүмкін. Ұйымның қазіргі бас хатшысы – Экмеледдин Ихсан–оглу есімді түрік азаматы. Оның төрт орынбасары бар: саяси мәселелер бойынша, ғылым және технологиялар бойынша, экономика мәселелері бойынша, әлеуметтік, мәдени және ақпараттық мәселелер бойынша. Орынбасарлардан өзге, хатшылығының тек техникалық жұмысын атқаратын директор кабинеті бар.
Бас хатшылық құрамында әлеуметтік – экономикалық, ғылым мен техника бойынша, Азия істері бойынша, Африка істері бойынша, халықаралық мәселелер бойынша, ақпараттық адам құқы және діни азушылық істері бойынша, мұсылмандық өкілеттік емес ұйымдар бойынша, т.б. бөлімдер жұмыс жасайды.
Қазіргі таңда ұйым заман ағымына сай жаңару үстінде. Осыған орай, 2008 жылы Сенегал астанасы Дакарда өткен кезекті Саммит биыл Қазақстанда өтеді деп күтілуде.
ЕКҰ жанында Бас хатшылықтың үйлестіруі арқылы жұмыс жасайтын дербес ұйымдар бар. Солардың бірқатарын атап айтар болсақ, Ислам даму банкі, Ислам ақпараттар агенттігі, Исламдық ғылыми–техникалық даму қоры, Ислам өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы, Ислам сауда-өндіріс палатасы, Ислам астаналары ұйымы, Ислам даму қоры, Ислам әділдік соты, т.б.
Ислам Конференциясы ұйымына халқының 50% астамын мұсылмандар құрайтын мемлекеттер ғана мүшелікке қабылдана алады. Қазір бұл ұйымдағы елдерде әлемдегі мұнай қорының 70%, табиғи газдың 50% бар. Сондықтан ИКҰ–мен жақын қарым–қатынас жасау, тіпті ұйым құрамына ену әлемнің көптеген елдері үшін арман десе де болады.
Алпауыт ұйымының мемлекеттеріндегі халықтардың жалпы саны 1,5 миллиардты құраса, сол мүше елдер Жер шарының алтыдан бір бөлігін, яғни 32,4 млн. шаршы шақырымды иеленеді, ИКҰ–ға кіретін елдер әлемдік байлықтың үлкен көрсеткішіне де ие, олардың үлесінде әлемдік байлықтың 65% бар. Бұл аса зор көрсеткіш. Әсіресе ИКҰ – мүше елдердің энергетикалық көздері, табиғи байлық қорлары аса үлкен. Әлемде өндірілетін шикізаттың 45% – осы ұйымға қатысушы елдердің үлесінде. Бір ғана Сауд Арабиясындағы, әмірліктердегі мұнай мен газдың байлығын алып қараңыз, оның сыртында Қазақстанның да энергетикалық қоры мол. Бір ғана мәліметке сүйенсек, 2009 жылы ұйымға мүше елдердің жалпы ішкі өнімі 7.5 трлн. долларды құраған. Дегенмен, мәселе тек байлықта ғана емес. Өйткені ұйымға кіретін мұсылман елдері өздеріне бұйырған жер байлығын, экономикалық мүмкіндіктерін, өздерімен әріптес елдердің дамуына дұрыстап пайдалануды мақсат тұтады. Ұйымға мүше мемлекеттердің 12–сі кедей елдер санатына жататынын ескерсек, қалғаны ауқатты мемлекеттер солардың дамуына мүдделік танытады. Яғни, Ислам конференциясы ұйымына кіретін елдердің ауқаттысы кедейлерге көмектеседі, оларға демеу көрсетіп, дамуын ілгерілету үшін қол ұшын береді. Мұны шариғат негізіндегі зекет деп қарастырған ләзім. Яғни, өзіңде барды жағдайы төмен елмен бөлісу ниеті деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, ұйымның келешегі зор. Он жылдық бағдарлама аясында ұйымға мүше елдердің ішкі өзара саудасының деңгейін қазіргі 16%-дан 20% дейін арттыру мақсаты қойылады. Ислам қағидаттарын басшылыққа алатын осы елдерде өсімқорлық, харам сауда атымен жоқ, басты қағидат – таза сауда. Ендеше, таза ниетпен, таза мақсатпен жұмыс істегенге ұйымның берері мол. Екіншіден, ұйым ешқандай дауға, күрмеуі қиын мәселелерді бейбіт жолмен шешуге ұмтылады. Экономикалық мәселелерді алға қойғанымен, бөтеннің байлығына сұқтанбайтын, өзінде барды жаратып, даму жағынан басқаны жетелейтін таза ұйым.
Жер шарында мұсылманы жоқ ел жоқ. Сондықтан исламды терістейтін саясат жүргізген ел болса, өзі құрған қақпанға өзі түседі. АҚШ– тың діндер мен қоғам өмірін зерттейтін агенттігінің есебінше, әлемдегі барша мұсылманның 60% астамы Азияны мекендесе, 20% – Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада, 15% – Еуропада, 0,3 % – Америка құрлықтарына шашыраған. Саны жағынан Азия мұсылмандарынан біршама аз болғанымен, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка мұсылмандары сол аймақтардағы халықтардың басым көпшілігін құрайды. Керісінше, әлем мұсылмандарының бестен бірі, шамамен 317 миллионы мұсылман діні мүлде басымдыққа ие емес елдерде орналасқан. Атап айтсақ, Үндістанда – 161 миллион, Эфиопияда – 28 миллион, Қытайда- 22 миллион, Ресейде – 16 миллион. Ал Еуропада 38 миллион мұсылман бар. Осыған қарамастан, «Германия – тек немістер үшін», «Ресей – тек орыстар үшін», «Франция – тек француздар үшін» дей беретін болса, сондай ұран көтерген ел ішінде ешқандай бірлік болмайды, тыныштығы бұзылып, берекесі кетеді.
Жасыратыны жоқ, Еуропа мен АҚШ–та ислам дініне қатысты өте қате ұғым бар. Мәселен, Батыстағы бірқатар саясаткер исламды дін емес, идеология деп ұғып, жұртты да сөйтіп сендіруге тырысады. Саясаткердің дінді кесапаты көп идеология деп түсінуі, сондай сауатсыздықтың салдары үлкен мәселе туындатып, жағдайды қиындатып жатқаны рас. Бұл - өте теріс ұғым. Әсіресе, 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ–та орын алған оқиғадан кейін әлгі қасіреттің бәрі «Ислам террористеріне» таңылды. Осы оқиғадан кейін Батыстың Исламға деген көзқарасы одан сайын күрт өзгерді, әсіресе, Америка исламға жеккөрінішпен ғана емес, өшпенділікпен қарай бастады. Мұсылман жанды сабап кету, мешітке шабуыл жасау, мектеп медресесіне өрт қою, ұйымдар үшін зенетті тоқтатып қою секілді шаралар төске өрледі. Еуропа да соның жетегінде кетті. Пайғамбарға келемеж суретті шығарған Данияның әрекетін астыртын қолдайтындар да байқалады. Дегенмен, осы пиғылдың терістігін үлкен саясаттығылар бірте-бірте ұғынып келеді.
Соңғы жылдары мұсылмандарды шектетуге қатысты көп мәселе туындады. Оған әртүрлі жағдайлар әсер етуде. Атап айтсақ, Батыс Еуропа мұсылмандар проблемасын иммигранттармен байланыстырады. Бұған негіз де жоқ емес. Мәселен, бір ғана Мароккодан жылына 1 млн. мұсылман Батысқа ауады екен. Олай болмасқа да амал жоқ, жер аумағы кішкене ғана осы мемлекетте 85 миллионға тарта халық тұрады. Өзі орташа ауқатты саналатын елге осынша жұртты жұмыспен қамту да қиын шаруа болатыны түсінікті. Оның үстіне бір ғана Марокко емес, көптеген елден иммигранттар Еуропаға сіңіп жатыр. Ал Еуропа дәл осындай шапшаң жүріп жатқан үрдістен қатты іш тартып, болашағы үшін сескенеді. Яғни, бір кездері өздері отарлаған елдерден шыққан иммигранттар легі кәрі құрлықтың ұйқысын бұзып, мазасын алуда. Бір кездегі өздері отарлаған елдер Еуропамен қарым– қатынасты шорт үзген жоқ. Қайта барған сайын ықпалдасып, «ақылдары араласып» барады. Еуропа елдеріне бұрынғы отарланған жұрт ағылып жатыр. Ал өзін өркениетті санайтын Еуропа көші–қон легіне түгел жағдай жасай ала ма? Әрине, бұл – аса қиын шаруа. Осы тұрғыдан алғанда, адами құндылықтарға баса мән беретін кәрі құрлықтың тығырыққа тірелген жағдайы да сезіледі деп соңғы кездері саясаткерлер көбіне айтып жүр. Өйткені эмигранттарға құқық керек, баспана, тамақ, ішіп–жегеннен бастап, білім мен денсаулыққа көңіл бөлініп, мәдениетін де, діні мен менділігін де ұмытпау керек. Соның бәрін игеріп, өзі қоныстанған мемлекеттің толыққанды азаматына сәйкестенуі үшін үлкен қаржы ғана емес, үлкен шыдам керек. Ал өрдей шыдамның шегі кәрі құрлықта көрініп отыр. Оңшыл, ұлтшыл партиялар бас көтере бастады. Германияда, Австрияда, Швейцарияда, Англия мен Францияда да сондай көзқарастар баршылық. Бұрын Еуропаның негізгі ұстанымы қандай еді? Хельсинки қорытынды құжатына сәйкес, адам құқына, сөз бостандығына баса мән беріп, дін бостандығын терең дәріптейтін Еуропа енді дәл осы мәселеге келгенде «аяғын тартыңқырады». Олардың «былай кете берсе, көресіні түбі демократиядан көретін шығармыз» деген қаупі және байқалады. Ал мұндай жағдайда, шынында да иммигранттар мен мұсылмандар, расымен кемсітушілікке ұшырайды. Бұны геосаясатшылар «өркениеттер қақтығысы» деп дәлелдеуге тырысып бағуда. ЕҚЫҰ Саммитінің Астана декларациясы қабылданғаннан соңғы баспасөз мәслихатында Елбасы Н.Назарбаев өз пікірін ашық білдірді. Біреулер «өркениеттер қақтығысы» туралы айтады. Мен оған келіспеймін. Өйткені әлемдік христиан, ислам және иудаизм діндері бірегей дін тармақтарына жатады. Алла берген қасиетті кітаптардың ешқайсысында адам өлтіру, лаңкестікке үндеу туралы айтылмайды. Киелі кітаптар біздің әлемімізге өркениеттік қақтығыстар үшін емес, бейбітшілікті дәріптеу үшін жіберілді. Сондықтан діни иерархияларға бір үстел басына отырып, ашық әрі әділ түрде осы мәселеде диалог жүргізетін кез келді. Беделді дінбасы, Рим Папасы Иоанн Павел II Қазақстанға келген сапарында Елбасы айтқан пікірді білдіргені көпшіліктің есінде. Оның айтқаны: «Діндер арасында айырмашылық бар, оған таңдануға, алайда сол діндердің арасындағы ортақ құндылықтардың болғанына таңданған ләзім». Расында христиандар да, мұсылмандар да, иудаизм дініндегілер де бір құдайға сенеді. Құдай жалғыз, бірақ оған апаратын жолдар мен ұстанымдар әрқалай. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өз өміріндегі киелі кітаптарға тіл тигізбей, бәрін мойындап, пайғамбарларға да сенген. Киелі кітаптың Алладан екенін айтты. Барак Обама Президент болып сайланғаннан кейін алғашқы шетелдік сапарын Каирден бастады. Сауд Арабиясына барды. Каирдегі әл–Азхар университетінде дәріс оқып, исламның әлемдік өркениетке қосқан үлесін мүше–мүшелеп, бақайшағына дейін айтты. Әсіресе, ғылымға, оның ішіндегі математика, алгебра, геометрия секілді нақты ғылымдарда ислам өркениетінің ашқан жаңалықтарына тоқталып, соның бәрінен Еуропаның нәр алғанын алға тартты. Бұдан шығатын қорытынды не? Батыс та, АҚШ та өздерінің қателіктерін біртіндеп мойындап келе жатыр. Теріс саясат жүргізіп бағып еді, соның салдарынан үстемдікке емес, керісінше, қоздай түскен лаңкестікке тап болды. Терроризм күшейіп, фундаментализм нығайып кетті. Шығысқа тұңғыш сапарында Обама жігі шетінеп бара жатқан екі өркениетті бір–біріне жақындастыру болатын. Өзара түсіністік үшін біле білетін адамға бұл – үлкен қадам.
М.ОМАРОВ.

