ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН ӨЛКЕДЕ ТАБЫСТЫ ІСТЕР МОЛ

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысында екі күндік жұмыс сапарымен болды

alt ҚР Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы аптаның сәрсенбі, бейсенбі күндері жұмыс сапарымен Павлодар өңірінде болды. Өндірісі өркендеген өлкенің жетістіктерімен танысып, бірқатар ірі кәсіпорындарды аралаған Мемлекет басшысы облыстың дамуында оң серпін бар деп баға берді. Президент алғашқы күні Ақсу электр станциясында болып, ондағы жұмыскерлермен кездескені туралы газетіміздің өткен санында жазылды. Ал келесі күні Елбасы Павлодар қаласында орналасқан «Каустик» акционерлік қоғамы негізінде іске қосылған химиялық кластерді дамыту жөніндегі өндірісті аралады, сондай-ақ «Энергетик» теннис орталығын көрді.

 Химия кластерI KYрылады

Бірден айта кету керек, 2014 жылға дейін арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының  негізгі мақсаты экономиканы әртараптандыру, қазақстандық үлес пен шикізаттық экспорт әлеуетін арттыру, шағын және орта кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, жоғары технологиялы өндіріспен болашақ экономикасына көшу болып табылады. Павлодар облысы бұл бағдарламаны сәтті жүзеге асыруда әрі экономиканың тың салаларын дамытуда көзге түсуде. Соңғы жылдары облыс орталығында химия кластерін құру туралы сөз қозғалып, бұл бағытта елеулі жобалар қолға алына бастады. Химия өндірісін дамытудағы алғашқы қарлығашы «Каустик» АҚ болып табылады. Ол өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысының қатысуымен болған жалпыұлттық телекөпір барысында ашылды.

Каустикті ұнтақ және хлор шығаратын жаңа зауыт осы жыл соңына қарай толық қуатына көшеді. Республикада бұл өндірістің баламасы жоқ, ол бүгінде сырттан әкелініп отырған аса қажетті химиялық өнімдерді алмастыратын болады. Құрылысы үш жылдан астам уақыт ішінде салынған жобаның жалпы құны 16,2 миллиард теңге тұрса, оның                 10 миллиард теңгесі «Қазақстанның Даму Банкі» арқылы бөлінді. Кәсіпорын бұрынғы химия зауытының орнында тұрғызылды. Зауыт мембрандық әдіспен жылына 30 мың тонна каустикті ұнтақ пен 6,6 мың тонна натрий гидрохлоридін, 26,4 мың тонна хлор және 45 мың тонна тұз қышқылын өндіру мүмкіндігіне ие. Бүгінде аталмыш химиялық шикізат бойынша отандық сұраныстың сексен пайызы өтеледі деп жоспарланып отыр.

Өндіріске шикізат ретінде негізінен тұз пайдаланылады. Павлодар өңірінде тұзды көлдердің мол қоры орналасқанын ескерсек, зауыт болашақта шикізатқа байланысты тапшылық көрмейді деп сеніммен айтуға болады. Шикізаттың жақын жерде орналасуы, арзан электр қуаты мен жаңа технологияны пайдалану арқасында шығарылатын өнімнің құны шетелдік өндірушілердікінен айтарлықтай төмен. Технологиялық кешеннің жұмыс үрдісі экологиялық жағынан барынша қауіпсіз. Кәсіпорында бүгінде шамамен 452 адам еңбек етеді.

Павлодардағы жаңа химия өндірісінің құрылысы алғашқы сәттен-ақ Елбасының бақылауында болып келді. Былтыр жаңа жобаның тұсауын кескен кезде Мемлекет басшысы химия зауытының пайда болуы үлкен мүмкіндіктерге жетелейді деп айтқан еді. Озық технологияға негізделген кәсіпорынның соңын ала қазір өңірде химия кластерін жасаудың алғашқы жобалары ұсынылуда.

Президент Н.Назарбаев «Каустик» АҚ-да жүзеге асып жатқан аталған жұмыстармен кеңінен таныс болды. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ерлан Орымбеков хлор-сілтілі өндірістің технологиялық процесін орталықтандырылған жүйе арқылы басқарудың қыр-сырын айтып берді.

Зауыттың барлық цехтарын аралап өткен Елбасына бұл жерде жақын уақытта пайда болатын экономикалық аймақтың жобасы да таныстырылды. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтып өткеніндей, «Каустик» АҚ-ның айналасына «Химпарк-Павлодар» атты арнайы экономикалық паркі құрылады. Мұндағы ескі химия зауытынан қалған инфрақұрылым жаңартылады, теміржол, автокөлік жолдары жақын орналасқан, жүк тиейтін терминал бар. Жалпы аумағы 1200 гектар жерге химия өнеркәсібіне қатысты кәсіпорындар орын теуіп, өздерінің өндірістерін өркендетуге мүмкіндік алады. Аймаққа 50-60-тай кәсіпорын сыйып кетеді. Олар «Каустик», «Павлодар мұнай-химия зауыты» акционерлік қоғамдарынан және басқа да кәсіпорындардан шикізат ретінде химиялық өнімдерді алып, өз алдарына басқадай өнім түрлерін шығарумен шұғылданады. Өз инфрақұрылымдарын ортақ мақсатқа біріктірген кәсіпкерлер нәтижесінде бизнестерін дамытудың мүмкіндігін иеленеді. Осылайша бұл жерде химия кластері дамып, аталған салада тың өндірістер пайда болады. Аталған жобалар табысты болса, «Каустик» зауытының өндірісі де кеңейе түспек.

Облыс әкімінің баяндамасынан соң «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы»                  АҚ-ның вице-президенті Владимир Школьник Мемлекет басшысын келешекте Қазақстан аумағында химиялық өндірісті дамыту бағытында жүзеге асатын жобалармен таныстырды. Павлодар аумағында көрсетілген тың өндірістер ұлттық компанияның қажеттілігін өтеуде айрықша мәнге ие. Сондықтан компания өз тарапынан оларды өркендетуге атсалысады.

Президент назарына ұсынылған тағы бір жоба - Ресейдің «Группа НИТОЛ» компаниясы Павлодардағы экономикалық парк аумағынан трихлорсилан және күн энергетикасы мен электроникаға қажетті базалық материалполикристалды кремний шығаруды ойға алуда. Жоба жүзеге аса қалса, күн сәулесінен қуат алатын батареяларды жасауға қолданылатын химиялық затты Қазақстанда өндірудің мүмкіндігі бар. Нәтижесінде елімізде күн сәулесінен қуат өндіру саласы дамиды. «Группа НИТОЛ» компаниясын құрушылардың бірі әрі директорлар кеңесінің мүшесі Анатолий Гончаров инвестициялық жобаның жалпы құны 1 миллиард АҚШ доллары тұратынын жеткізді. Бүгінде ниеттестік туралы келісім жасалып, жаңа өндірісті қаржыландыру, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу мәселелері сөйлесіліп жатыр. Егер ол толығымен құпталса, құрылыс жұмыстары биыл басталады. Зауытты толығымен іске қосу 2015 жылға жоспарланған.

Химиялық өндірісті дамытудың осындай өркенді істерімен танысқан Мемлекет басшысы зауыттағы жұмыскерлер қауымымен кездесті. Президентке құрмет көрсеткен химия өнеркәсіпшілері аймақта жүзеге асып жатқан табысты істерді мақтана жеткізіп, елдің ажарын кіргізген жарқын жетістіктер Елбасы атымен тығыз байланысты екендігін айтты. Солардың бірі – технологиялық кешен бөлімінің бастығы Александра Цхай өзінің зауыттың алғашқы іргетасын бірге қаласып, қазіргі күні еңбек етіп жүргенін мақтаныш санайтынын тілге тиек етті. Ал инженер-электрик Оңғарбек Төлебаев әлеуметтік саладағы өзгерістердің басы-қасында Елбасының бір өзі бастамашы болып жүруі әр қазақстандықтың жүрегіне үміт отын жағады деді. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің магистранты, қазіргі күні химия зауытындағы инженер-лаборант Жақсылық Жұмадіров өндірісте тәжірибесі мол ағаларынан көп нәрсені үйренгенін айтып  берді. Жастарға осындай мол мүмкіндіктер тудырып, алған мамандығы бойынша таңдаған жұмыс орнында еңбек етуге жағдай жасап отырған Елбасына алғысын жеткізді.

Президент жұмыскерлерді еліміздің жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек етуге шақырды. Сонау тоқырау жылдары ел экономикасындағы қай сала болмасын қиындық көрді. Химия өнеркәсібі толығымен тоқтап қалды. Әлеуметтік салада қиындықтар туындап, жұмысшылардың жалақысы кешіктірілді, зейнетақы уақытылы берілмеді. Дегенмен, еліміздің ұстанған дұрыс саясатының арқасында Қазақстан халқы бұл қиындықтарды жеңіп шықты. Қазіргі уақытта кемеліне келген, жаңарған мемлекеттің алдында тұрған ендігі үлкен міндет – жаңа индустрияландыру бағдарламасын табысты атқарып шығу. Осы мақсат үдесінен шығуда барлығымыз жұдырықтай жұмылуымыз керек, деді Елбасы.

 

ТабыстыH кIлтI –тұрақтылықта

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары «Энергетик» теннис орталығында аяқталды. Былтыр іске қосылған орталықты аралаған Мемлекет басшысы ғимараттың заман талаптарына сай екендігін атап өтті. «Энергетиктің» тыныс-тіршілігі туралы баяндаған орталық директоры Баян Құрманбаева жас жеткіншектер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда нысанның айрықша маңызға ие екендігін жеткізді. Ерекше атап өтерлігі, мұндай спорт нысандары елімізде некен-саяқ. Орталықта бір күнде екі жүзден аса спортшы жаттыға алады. Ал жазғы уақытта бұл көрсеткіш одан сайын арта түседі. «Теннис орталығын «Павлодар-Энерго» АҚ салып шықты. Мұнда елуден аса қызметкер жұмыс істейді. Жас теннисшілерді бес бірдей жаттықтырушы баптайды. Нысанда облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Жыл сайын өтетін халықаралық «Pavlodar Open» турнирі бұған дәлел бола алады. Ойындарды бір мезетте 250-ден аса көрермен тамашалай алады»,- деді орталық директоры. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына көптеген республикалық теннис жарыстарының және халықаралық «Pavlodar Open» турнирінің бірнеше дүркін чемпионы Дина Жәмиева жергілікті спортшылардың жетістіктері жайлы баяндап берді. Жас теннисші еліміздегі спорт саласына айрықша мән беріп отырған Ұлт көшбасшысына жергілікті спортшылардың атынан ризашылығын білдірді.

Павлодар облысында биылғы жылдан бастап әлемдік талаптарға жауап беретін төрт бірдей спорт нысанының құрылысы басталды. Олар - облыс орталығындағы теннис пен бокс орталығы, Павлодар мен Ақсу қалаларындағы көп салалы спорт кешендері. Осынау нысандардың кескіні Мемлекет басшысының назарына ұсынылып, жұмыстың орындалу барысы туралы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына баяндап берді. Нұрсұлтан Әбішұлы бұдан соң 2012 жылы Лондонда                   өтетін жазғы олимпиадаға қазақстандық спортшылардан бірінші болып лицензияға ие болған Владислав Подлесный және Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында алтыннан алқа таққан Марина Петракова секілді елімізге танымал павлодарлық спортшылармен кездесті.

- Бұған дейін Алматы облысында болдым. Енді міне, Павлодар жеріне ат басын тіредім. Осы сапардан кейін еліміздің басқа да аймақтарын аралау жоспарымда бар. Павлодар облысы елімізді индустрияландыру бағытында маңызды орынға ие. «Жаңа индустрияландыру» бағдарламасы аясында мұнда 144 жоба жүзеге асуда. Биылғы жылы жаңадан он бес нысан іске қосылады деп күтілуде. Мен осы сапарымда Ақсу қаласындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ электр станциясында болдым. Бұл - өте ірі әрі ауқымды кәсіпорын. Соңғы алты айдың ішінде станция 7 млн. к/Вт электр қуатын өндірді. Сондай-ақ, зауыттың жанынан қосымша блоктар салу жоспарлануда. Тұрғындар жұмыспен қамтылып, еңбекақылары  көбеюде. «Каустик» химиялық зауыты да ел экономикасын жандандыруда айрықша маңызға ие. Зауыт шығаратын кір жуғыш ұнтақтар, тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттар тек елімізде ғана емес, Кедендік одаққа енген мемлекеттерде де қолданылуда. Зауытта өндірістік ғимараттар жетерлік. Онда нақты іспен айналысқысы келетін қазақстандық бизнесмендерге тамаша мүмкіндік бар. Су мен электр желісі дайын тұр. Сондықтан экономикалық аймақты кеңейту үшін бар мүмкіндікті жасаймыз. Сонымен қатар «Қазақстан алюминийі»» зауытында да экономикалық аймақты дамытуға баса назар бөлеміз. Зауыт басшылығы осыны қолға алып отыр. Бұл жалпы өнімнің көлемін арттырады», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ұлт көшбасшысы еліміздегі спорт саласының дамуына да тоқталды.  «Естеріңізде болса, мен өз Жолдауымда қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортқа тартылуы тиіс деген болатынмын. Осы бағытта елімізде көптеген спорт кешендері бой көтеруде. Асқан ыждаһаттылықпен салынған «Энергетик» теннис орталығы да павлодарлықтарды теннис спортына баулуда. Біздің балаларымыз белсенді түрде спортпен шұғылдануы керек», - деді Елбасы өз сөзінде.

- Облыс билігінің жасап жатқан жұмысына оң баға беремін. Келешекте Екібасұз                   ГРЭС-2 станциясының жаңа блогы салынады және Ақсу электр станциясында алтыншы блок іске қосылады деп күтілуде. Алдағы уақытта тағы да екі үлкен энергоблоктың құрылысы басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, еліміздегі электр мәселесін шешу мақсатымен Балқаш электр станциясын саламыз. Осыдан кейін Қазақстанда электр қуатына байланысты ешқандай мәселе болмайды. Алматы облысында 300 мегаватты электр станциясы салынуда. Бұл еліміздің оңтүстік аймағын қамтамасыз ететін болады. Павлодар өңіріндегі жаңа өндірістердің пайда болуы, спорттық кешендердің жаңаруы, мектептердің салынуы, денсаулық сақтау мекемелерінің іске қосылуы - барлығы да жергілікті халықтың тұрмысын түзейтін болады. Әлемде әлі де болса дағдарыс жүріп жатыр. Оларда зауыттар тоқтап, қызметкерлердің жалақылары қысқартылуда. Ал бізде керісінше, соңғы үш жылдың ішінде зейнетақы көбейді, осы жылдың бірінші шілдесінен бастап мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы артты. Осының бәрі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында осындай тамаша жетістіктермен халқымызды қуанта берейік. Бұл мерекенің баршамыз үшін маңызы зор. Еліміздегі бейбіт өмір болашағымыздың баянды болуын көздейді. Ауылдағы ағайынның да тұрмысы жақсарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет әр адамды оқытып, жұмысқа тұрғызады. Осыдан артық не керек?! Біз үшін қазақстандықтардың барлығы жаппай жұмысқа жұмылғаны маңызды. Себебі, кім аянбай еңбек етсе, сол адам нашар тұрмыс кешпейді. Азаматтар жақсы өмір сүруі үшін тынымсыз еңбек етуі қажет. Мемлекет бұған мүмкіндік беріп отыр. Барша павлодарлықтарға денсаулық, бірлік тілеймін,-деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы сапар соңында  Павлодар өңірінде іске асып жатқан игілікті жұмыстардың барысын оң бағалады. Өңірлік экономиканың сәтті дамуы мен жаңа өндірістердің ашылуы нәтижесінде біздің облыс 2014 жылға дейінгі кезеңді                     қамтитын индустриялық-инновациялық  бағдарламаны табысты жүзеге асыруда. Өз сапарын Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен байланыстырған Ұлт көшбасшысы біздің облыс экономикасында әлі талай орасан жетістіктер жасалатынына сенім артып, ізгі табыстар тіледі.

Мұрат АЯҒАНОВ,

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31