МАҚСАТ – ҚОҒАМДЫҚ ҚАСІРЕТКЕ ҚАРСЫ КҮШ БІРІКТІРУ

 

Жемқорлыққа қарсы Форумның түйіні осы

«Қазіргі таңда халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылған. Үш жылдың ішінде біздің еліміз әлемдік антикоррупциялық рейтингтегі көрсеткішін бірден 45 сатыға жақсартты. Осы индекс бойынша біз бүкіл ТМД-да үздік позицияда тұрмыз. Бұл жұмыс ымырасыздықпен жалғастырылады».

 

ҚР Президентінің 2011 жылғы Жолдауынан.

 

Тәуелсіз Қазақстан ТМД елдері төңірегінде ең алғашқы болып 1998 жылы жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заңнама қабылдаған еді. Содан бергі уақытта ел дамуына нұқсан келтіретін аса жағымсыз індетпен күрестің пәрмені еселене түспесе, бәсеңсіген емес. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев елімізде жең ұшынан жалғасатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ымырасыз жүргізіле беретінін қадап айтып келеді. Қоғамның қауіпті дертіне айналған сыбайластық әрекеттеріне тосқауыл қою, алдын алу, әшкерелеу қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асып жатыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Ең бастысыжағымсыздыққа қарсы қолданылып жатқан әрбір іс-шараның тиімді болуы. Жемқорлық - «алтын көріп, жолдан тайған» қайсыбір жеке тұлғаның оңай олжаға құнығушылық бейілділігінен туған індет десек, онымен күресу жалпыға ортақ маңызды міндетке айналғалы қашан. Сайып келгенде, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің кез келген фактісі - тұтастай қоғамның дұрыс арнада, алаңсыз әрі қалыпты дамуына кедергі келтіретін қауіпті кесел. Қысқасы, осы кеселге тегеурінді тосқауыл қоюкөпке ортақ күрес. Бұл туралы бұрнағы күні Керекуде өткен келелі жиында да аз айтылмады.

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Павлодар облыстық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы Форумына жиналғандар қауіпті індетпен күрестің бұған дейінгі нәтижелерін сараптап, алдағы уақытта кезек күттірмей қолға алынуы тиіс маңызды тұстар мен бағыттарды талқыға салды. Облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалының басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Форум жұмысына «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Республикалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Оралбай Әбдікәрімов, сондай-ақ, Парламент депутаттары, партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттық фракциясы, атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы, партияның өңірлік филиалының төрағасы Б.Сағынтаев Форумды аша отырып: «Еліміз дамудың демократиялық жолын таңдап, экономикалық өрлеу мен саяси жүйемізді жетілдіруде айтарлықтай жетістіктерді бағындырды. Елбасымыз Н.Назарбаев білімді, мәдениетті әрі бәсекелестікке қабілетті ұлт қалыптастыру жолындағы Стратегиялық мақсатты айқындап берді. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтпей, одан нақты бір нәтиже шығару, мақсаттың биігіне жету мүмкін емес. Айналамызды ауыз жаласқан жат қылықтан аулақ ету, қоғамымыздың өсіп-өркендеуі жолында жұмыла әрекет жасаубүгінгі таңдағы жұмысымыздың ең басты бағыттарының бірі», - деп атап көрсетті. Сонымен қатар, жемқорлықпен күрес бір реттік науқан емес, ұзақ мерзімді бағдарлама екенін тілге тиек етіп, осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес партияның жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі 2020 жылға дейінгі Стратегиясының жаңа жобасы әзірленгенін жеткізді. «Жаңа Стратегияның басты мақсатыжемқорлыққа жол ашатын құбылыстарды тежеу жолындағы мемлекет пен қоғамның күш біріктіруі. Сондықтан да, біздің Форумның күн тәртібіне «Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірігуіжемқорлықпен тиімді күресудің кепілі» деген мәселе арқау етіп алынды», деді Бақытжан Әбдірұлы.

 

Жиын барысында «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы, мәслихат депутаты Анатолий Гуськов өңірдегі қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы баяндады. Ол қоғамдық кеңестер тарапынан жүзеге асқан шаралардың тиімділігі аз болмағанын атады. Сондай-ақ, жемқорлық сынды жағымсыздыққа төзбеушілік таныту, індетпен ортақ негізде үйлесімді күрес жүргізу, алдын алу һәм себептерін айқындау бойынша облыстағы көптеген ұйымдар мен партия филиалы өзара меморандумға қол қойғанын тілге тиек қылды. Қала берді, біздің өңір алғашқылардың бірі болып «Өзіңнен баста!» акциясына маңыз бергенін де іркіп қалмады. А.Гуськовтің айтуынша, «Өзіңнен баста!» акциясына бүгінге дейін облыстағы түрлі органдардың 109 басшысы тартылған екен. Ел сенім артқан лауазым иелерінің жасырынып, жалтармай-ақ, «біздерде анадай бар, мынадай бар» деп мал-мүккәмалын жұртқа жайып салуы – олардың азаматтық ашықтығын, әділдігін көрсететін фактор болса керек. Павлодарлықтардың бұл реттегі белсенділігін Республикалық Қоғамдық кеңестің төрағасы, сенатор О.Әбдікәрімов те бөле-жара атап, жақсы бағалады. Алдағы уақытта бұл акция өз жалғасын таба беретініне сенім білдірген Оралбай Әбдікәрімұлы: «Павлодар облысында «Өзіңнен баста!» акциясына кезінде бірінші болып сол тұстағы облыс әкімінің бірінші орынбасары әрі партия филиалының төрағасы Александр Вербняк (қазір Екібастұз қаласының әкімі – ред.) қатысып, көпке тамаша үлгі танытып еді. Лауазымға тағайындалған әрбір жаңа басшысы осы акцияға қатысуға ниет білдіретін болса, өңірдің өнегесі еселене түсері даусыз», деп ықыласын жеткізді.

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы А.Гуськов тоқталған тағы бір бағыт – партиялық бақылау комиссияларының тындырымды жұмысы. Облыс бойынша осы бағыттағы құрылымдар қызметінің нәтижелері де жаман емес. Бақылау топтарының мүшелері өңірде түрлі бағдарламалар бойынша жүзеге асып жатқан барлық жұмыстардың сапасына жіті назар аударып, кем-кетіктің қалпына келуіне ықпал етіп келеді. Алдағы уақытта бақылау комиссияларының жұмысы одан әрі жетілдірілмекші.

Азаматтарды оны-мұны мәселелермен жеке қабылдаудың маңыздылығын айтып жату артық болар. Облыстағы қоғамдық кеңес жыл басынан бері 45 мәрте азаматтарды қабылдау шарасын ұйымдастырған екен. Жалпы саны 300-ге жуық жеке тұлғаларды қабылдау барысында көптеген өзекті мәселелер шешімін тапқан. «Жеке мәселелерді шешпей, ортақ мәселелерді дұрыстау мүмкін емес» деген А.Гуськов қоғамдық кеңес соңғы кезде таза ауызсу бағдарламасының тиімді орындалуына да терең назар аударғанын алға тартты. Кезінде таза ауызсу мәселесін оңтайлы шешу үшін орнатылған «КБМ» аталатын қондырғылардың қазіргі жұмысы, одан алынып, тұтынылатын судың сапасы көп күмән тудыратынын атаған ол, алдағы уақытта республикалық деңгейде «Ақ бұлақ» бағдарламасының нәтижелі жүзеге асырылуына үлкен маңыз берілуі қажеттігін жеткізді.

Ауызсу мәселесі жөнінде облыс әкімі Б.Сағынтаев та өз ойын білдіре отырып, қазіргі уақытта өңірде топтық су құбырларын тарту жұмыстары тек қана республикалық деңгейде қаржыландырылып, реттелетінін, өкінішке қарай, қаржы жыл сайын там-тұмдап қана бөлінетінін, алдағы уақытта осы жағдайды назарға алып, облыстардың өзіне құзыр берілуі керектігін жеткізді. Сенатор О.Әбдікәрімов бұл мәселе республикалық деңгейде көтерілетінін уәде етті.

«Қазақстанның іскер әйелдерінің Павлодар облысы бойынша қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лариса Фрезоргер жемқорлықтың жалпы ортақ өзекті мәселелеріне тоқталды.

Форумда сөз алған облыс прокуроры Дастан Сартев үстіміздегі жылы өңірде жемқорлық сипатындағы фактілерді анықтау деңгейі төмендегенін атады. Соңғы 9 айда жемқорлық сипатындағы 70 қылмыстық іс өндіріске алынып, 19-ы сот қарауына жөнелтіліпті. Былтырғы жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіш – 103 іс. Облыс прокурорының мәлімдеуінше, жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің көбі бюджет қаржысын жымқыруға байланысты қозғалған. Қызметін асыра пайдалану бойынша 17, параға қатысты 7 факт тіркелген. Жауапкершілікке тартылғандар бойынша әкімдіктердің қызметкерлері көшбасшы болып тұрса керек. Жыл басынан түрлі деңгейдегі әкімдіктердің 37 өкілі жауапкершілікке тартылған. Кеден, салық, полиция өкілдері де жоқ емес. Өңірлер бойынша облыс орталығы мен Павлодар ауданы «дес бермейді» екен. Тіпті, облыс прокуроры заңды белден басқан бірқатар тұлғалардың атын атап, түсін түстеп те берді. Солардан оң сабақ алсақ, қане!

Облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарманың басшысы – облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы Нұрлан Рамазанов жемқорлыққа жол ашатын әрекеттерге барған лауазым иелерінің тәртібі жөнінде баяндады. Осы жылдың басынан бері 10 отырыс өткізген Тәртіптік кеңес 111 мәселе қарап, 42 шенеунікті жазалауға ұсыныс енгізген. Келтірілген мәліметтерге ден қойсақ, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерге жол берген тұлғаларды жауапқа тартудың соңғы жылдардағы көрсеткіштері төмендеп келе жатқанын аңғарамыз. Мысалы, 2008 жылы – 104, 2009 – 85, 2010 – 82, биылғы 9 айда – 42.

Облыс бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) бастығы Манас Сабаншиев қаржы полициясы органдарымен анықталған жемқорлық фактілерін ортаға салды. Биыл өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық сипатындағы тіркелген фактілер 21 пайызға төмендеген. 2010 жылы 110 қылмыс тіркелсе, биыл 87.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісінің міндетін атқарушы Ринат Балғабаев жастар арасындағы жемқорлыққа төзбеушілік ұстанымы туралы әңгімеледі.

Форумда сөз алған «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Республикалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламент Сенатының депутаты Оралбай Әбдікәрімов: «Бүгін мазмұнды әрі маңызды диалог болды деп санаймын. Біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылында Елбасының стратегиялық жоспарына сәйкес жаңа мемлекет, жаңа қоғам құра білдік. Сапалы жаңа кезеңдерді бастап келеміз. Бірақ, бастамаларымыздың жолына кедергі келтіретін жемқорлық әрекеттеріне жұмыла тосқауыл қоюымыз керек. Осынау қоғамдық қасіретпен күрес - мемлекеттік саясаттың басымдыққа ие бағыттарының бірі. Еліміздің жемқорлыққа қарсы қолға алып отырған жұмыстары, заңнамасы тиімді деп танылды. Күрес пәрмені құлдырамауы тиіс», - деді. Ол партияның облыстық филиалының, оның жанындағы қоғамдық кеңестің, тиісті органдар мен құрылымдардың жемқорлыққа қарсы жұмыс нәтижелеріне оң баға берді. Сондай-ақ, Форум барысында айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер қаперге алынатынын, шешімдер қабылданатынын атап көрсетті.

Форумға қатысушылар арнайы қарар қабылдады.

Жиын соңында О.Әбдікәрімов партияның жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарына, бақылау комиссияларының қызметіне белсене атсалысқаны үшін «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының, аймақтардағы құрылымдарының бірқатар мүшелерін наградтады.

Сондай-ақ, облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Б.Сағынтаев жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында студенттер арасында ұйымдастырылған түрлі байқаулардың жеңімпаздарына жүлделер табыс етті.

 

Асыл ӘБІШЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30