Кеше облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті. Онда «Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірқатар жобаларды субсидиялау мәселесі қаралды.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры АҚ аймақтық филиалының директоры Е.Әбеновтің мәлімдеуінше, бүгінге дейін аталған бағдарламаға қатысуға жалпы құны 28 млрд. теңгеге жуық 141 өтініш келіп түсті. Оның басым бөлігі бағдарламаның жаңа бизнес бастамаларды қолдауды көздейтін бірінші бағытына тиесілі. Жалпы бағдарламаның орындалуы бойынша Павлодар облысы - үздіктер қатарында. Кәсіпкерлердің өтініштерін қарастыруда банктердің ішіндегі ең белсендісі - «Цесна банк» АҚ.
Үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылған жобалар әртүрлі. «Проммашкомплект» ЖШС-нің теміржолға арналған бағыттама құралдар жасау және доңғалақтарды өңдеу жобасы екі жылдан бері іске асуда. Бұл мақсатта «Еуразиялық банктің» Екібастұз филиалынан 7 млрд. теңге көлемінде несие берілген. Кәсіпорын директоры А.Леонецтің айтуынша, қаржының 80 пайыздайы игеріліп, қажетті өндіріс орны жабдықталуда. Өндірістің алғашқы кезегін келесі жылдың орта шенінде іске қосу жоспарланған. Кейін, 2013-2015 жылдар аралығында толық жобалық қуатына шығады. Ендігі жерде «Бизнестің Жол картасы» бағдарламасына қатысып, бастапқыда жоғары өсіммен алынған несиенің үстеме ақысын жеңілдету көзделіп отыр. Бұл өтінішке үйлестіру кеңесінің мүшелері қарсылық білдірген жоқ. Себебі, аталмыш бағдарламаның түпкі мақсаты да – кәсіпкерлікті қолдау. Оның үстіне, мұндай заманауи технологияға құрылған өндірістер бұрын-соңды елімізде болған емес.
«Қазэнергокабель» АҚ-ның ұсынған жобасы кабель-сым өндірісін 30 пайызға ұлғайтуға негізделген. Бұл үшін «БТА банкінен» 234 млн. теңгеден астам несие алынған. Бағдарлама аясында бұл несие субсидияланса, жоба иесі жылына небары 3,2 пайыз өсім төлейді. Облыс әкімі өнімдерді Ресейге экспорттау мәселесіне қызығушылық білдірді.
«Завод Format» кәсіпорны да нарықта сұранысқа ие, теміржол, мұнай-газ салаларында қолданылатын бұйымдар өндірісін ұлғайтуды көздейді. Бұл ретте 349 млн. теңге несиеге қолда бар өндірістік желілерді жаңартып, құрылысқа қажет жүк көліктері мен шикізат материалын сатып алуды жоспарлаған. 2012 жылы жоба тапсырылған сәттен бастап мұндағы өндіріс екі есеге дейін өсуге тиіс.

