ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ КЕШЕУІЛДЕП ОТЫР

     «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аймағымызда жүзеге асу деңгейі көңіл көншітпейді. Бұл мәселе апта басында өткен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Павлодар облыстық филиалының саяси кеңес бюросының мәжілісінде сөз болды. Оған партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Александр Вербняк басшылық жасады. Алқалы жиынға ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Бобров, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов қатысты.
     Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы екінші деңгейлі банктердің аймағымыздағы филиалдарымен жүзеге асырылуы тиіс болатын. Олардың қатарында «Темірбанк», «Центр Кредит банкі», «БТА Банк», «АТФ Банк», «Альянс Банк» және «Нұрбанк» сынды қаржы құрылымдары бар. Ал жобаның нақты атқарылу барысын бақылау ісі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жүктелген. Мәжіліс барысында аталмыш мемлекеттік мекеме мен жоғарыда аталған қаржы құрылымдары басшыларының есебі тыңдалды.
     Бүгінде облыс бойынша жалпы құны шамамен 14,5 миллиард теңгені құрайтын барлығы 56 жоба екінші деңгейлі банктерде талқылауда жатыр. Алайда ешқайсысынан әлі нақты нәтиже шықпаған. Жобалар айлап қарастырылуда. Онымен қоса, қазіргі кезге дейін тек сегіз жоба аталмыш банктердің бас кеңсесіне жөнелтіліпті. Бірақ олардан да ешқандай хабар жоқ. «Өкінішке қарай, басқармамызға банк құрылымдарынан кәсіпкерлердің ұсынған бірде-бір жобасы келіп түскен жоқ. Ал ол жобалар әлі арнайы құрылған аймақтық кеңестің талқылауына жіберілуі тиіс. Егер барлығы осы қарқынмен жалғаса беретін болса, онда бағдарламаның уақытылы жүзеге асатындығы күмән туғызады», - дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары А.Мұқашева. Ал аймағымыздағы екінші деңгейлі банк басшылары жобаларды қарау ісінің кешеуілдеуіне кәсіпкерлердің тиісті құжаттарды толық тапсырмауы басты себеп болып отыр дейді. Дегенмен, бұл бағдарламаның банктер үшін де аса тиімді екендігін атап өткен партияның саяси кеңес мүшелері аталмыш қаржы құрылымдары басшыларына жұмысты мейлінше тездетуді тапсырды. Себебі мемлекет тарапынан бағдарлама аясында кәсіпкерліктерді қаржыландыруға банктерге қыруар қаражат бөлініп отыр.
      Мәжіліс барысында жобаларды қарау ісінің кешеуілдеуіне себеп болып отырған тағы бір мәселені партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Александр Вербняк атап көрсетті. Оның айтуына қарағанда, кәсіпкерлер үшін бизнесін кеңейтіп, дамытуға бағытталған жоба құжаттарын әзірлеуге қойылатын талаптар Үкімет тарапынан кеш келіп түсіп жатқан көрінеді. «Жақында ғана Үкімет қаулысы шығып, жоғарыда аталған жобаларға қатысты тағы қосымша талаптар жария етілді. Ал аймақ кәсіпкерлерінің тиісті құжаттары оған дейін-ақ банктерге жіберіліп қойған болатын. Соның салдарынан екінші деңгейдегі банктердің бас кеңсесінде талқылауда жатқан жоба құжаттары бізге қайтарылып берілді. Себебі онда Үкімет қаулысының аталмыш қосымша талаптары қарастырылмаған болатын. Енді оларды толықтырып жібергенше тағы біраз уақыт жоғалтамыз», - деді А.Вербняк. Сондай-ақ ол алқалы жиынға қатысып отырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарынан аталмыш мәселені оңтайлы шешуге көмектесуді сұрады.
     - Бағдарламаны жүзеге асырудың кейбір тұстары қаржы құрылымдары үшін тиімсіз болып келеді. Сондықтан екінші деңгейлі банктердің бас кеңселері бұл жобаларға аз қызығушылық танытпайды. Бұл - күрделі мәселе. Алайда ондай мәселенің бар екендігін бүгінгі жиынға қатысып отырған аталмыш банктердің облыстағы филиалдары басшыларының неге айтпай отырғандығы түсініксіз. Керісінше, егер бағдарламалар бойынша қандай да бір кедергілер болса, сіздер ресми түрде бізге қағаз бетіне түсіріп беріңіздер. Ал біз, өз кезегімізде, бұл мәселелерді Үкімет талқысына салатын боламыз», - деді ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Бобров.
     Сондай-ақ партия филиалы саяси кеңес бюросының отырысында облысымыздағы мемлекеттік және арендалық тұрғын үйді үлестіру бойынша мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асу барысы талқыланды. Жиын қорытындылары бойынша қаулы қабылданды.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31