Жеті күндік аптаның соңына да келіп жеттік. Апта бойына не өзгерді? Айдың астында, жердің үстінде ауыз толтыра айта қаларлықтай нендей жаңалықтар, былайғы жұртқа ой салар қандай оқиғалар орын алды екен? Жұмысбасты болып жүріп мен неден құр қалдым екен? деген сауалдар баршамызды мазалайтыны даусыз. Осыны ескеріп, басылым бетінде «Апта аптығы» атауымен жаңа айдарға жол аштық. Білсем деген жаңалығыңызды осы жерден тауып жатсаңыз, нұр үстіне нұр болғаны.
Ендеше, апта басынан бері орын алған қоғам үшін маңызы зор, салмағы басым делінетін жаңалық-оқиғалардың бірді-екілісіне ерекше тоқталмақпыз.
ӘДІЛЕТТІЛІК ҮШІН
Қандайда бір елдер арасындағы экстрадициялау туралы келісімнің болмауы әділдіктің орнауына кедергі келтірмеуі тиіс. Бұл - ел Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың пікірі. Оның айтуынша, сот шешімі шығып, жазаға кесілген азамат қалай да заң алдында жауап беруі шарт. «Меніңше, егер Еуропада кімде-кім Қазақстандағы сот төрелігінің әділдігіне сенімсіздік білдірсе, істің әділ төрелігі сол елде жүзеге асуы тиіс. Яғни, сотталған азаматтың қай елде жасырынғанына байланысты, ол Австрия бола ма әлде Ұлыбритания ма, әйтеуір әділдік орнап, кінәлілер жазасын тартуы қажет», - деп атап өтті Е.Ертісбаев республикалық телеарналардың біріне берген сұхбатында. Дұрыс-ақ. Осындайда, Қазақстан сотымен сырттай 20 жылға сотталса да, Австрия елінде сайран салып жүрген атышулы Рахат Әлиев пен Ұлыбританиядан пана тапқан Мұхтар Әблязов еріксіз еске оралады. Ермұхамет Қабиденұлының «әділеттілік қажет» деп жар салуында да жөн бар. Елдің еншісіне қол сұғып, миллиондаған, миллиардтаған қаражатты қалталарына басып алғандар шетелде сауық құрып, тайраңдап жүр. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылған» заман деген осы.
ТҰРАҚТАМАЙ-АҚ ҚОЙДЫ...
Егер де елімізде «жөнді иеге жарымай» жүрген мекемелердің рейтингі жүргізілсе, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті сөзсіз үздік атанар еді. Өздеріңіз ойлап көріңіздер. Аталмыш орган еліміздің Әділет министрлігі мен ішкі істер министрлігінің арасында, бірінен-біріне өтіп, қақпақыл болып қанша жүрді (санынан да жаңылысып қалдық). Ал бүгінде түзету мекемелері азаматтық министрліктің қарауына өтуі мүмкін деген хабар таратылуда. Таң қалмасқа шара жоқ. Соншалықты «қолды-аяққа тұрмай кеткен» не мекеме ол? Мұндай толастамай кеткен ауыс-түйістердің қандай қажеті бар? Түсініксіз.
ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуына қарағанда, бұл бастама аталмыш саладағы олқылықтарды түзету үшін қолға алынып отыр. Нәтижесі қалай болары белгісіз. Бар білетініміз, қазіргі кезде ҚАЖ комитеті футбол алаңындағы доптың күйін кешуде.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ «ЖАЛАҢАШТАНЫП» БАРАДЫ
Кейде, кейбір нәзік жандылардың тапқырлығына таң қалмасқа амал жоқ. Бұл жолы алматылық арулар көзге түсті. Тура мағынасында. Елге танымал бір топ фотосуретші қыздар науқас сәбилердің еміне қаражат жинау үшін өздерінің суреттері бар күнтізбелер шығарған. Оның несі айып дерсіз? Мәселе, қыздардың суретке қалай түскендігінде. Арым балалардың садағасы дегендей-ақ, үстеріндегі киімін сыпырып тастап, тыр жалаңаш күйінде түскен. Өздері бұл қылықтарынан еш сөкеттік көрмейтіндіктерін айтады. Керісінше, оны өнерге бағалап отыр. Жетіскен жеріміз осы болды.
Бұл не, батылдық па, әлде ессіздік пе? Мұндай «батылдықпен» кімді жарылқамақшы? Ұяттан безіп барамыз ба?
БАРЛЫҒЫ СҰЛУЛЫҚ ҮШІН
Арулардың тағы да бір «ерекше» тапқырлығы туралы айталық. Әңгіме өздерінің сырт келбетіне, дене пішіміне көңілдері толмайтын нәзік жандылар жайында болмақ. Дәлірек айтқанда, олардың диеталары жөнінде. Бүгінгі күнге дейін диетаның талай түрін естідік. Оның алма, сәбізден басқа нәр татпайтын, қара суға негізделгендері де бар. «Естімеген елде көп» демекші, енді диетаның «алкогольдік» және «энергетикалық» деген түрлері пайда болуда. Ол қазірдің өзінде алматылық қыздар арасында қанат жайып үлгерген. Артық салмақ жинап алуға қорқатын қыздар тамақтану кезінде дәмді тоқаш, палау, ет жеудің орнына бір саптыаяқ сыра немесе бірнеше шиша энергетикалық сусын ішетін көрінеді.
Нарколог мамандар мұның адам денсаулығына аса зиянды екендігін айтып, жар салуда. Сыраның денсаулыққа қаншалықты қасірет әкелетінін айтып жатудың өзі артық болар. Онымен қоса, аталмыш сусынның керісінше, адамды семіртетін қасиеті бар. Ал «энергетиктердің» құрамында кофеин өте көп. Ол есірткі заттарға жатады. Егер қыздар дәл осылай жалғастыра беретін болса, аталған сусындарға деген тәуелділік пайда болатыны даусыз. Соның салдарынан адам ағзасы әлсіреп, жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. Ойланыңыздар, құрметті нәзік жандылар. Сіздерге мұндай «сұлулық» қажет пе?
ТОЛҚЫН ДА ТОЛҚЫН ТОЛҚУЛАР
Шетелдердегі наразылық шаралары толастар емес. Италия халқы орынтаққа өткен аптада ғана орныққан Марио Монтидің басқаруындағы министрлер кабинетіне қарсы шығуда. Жаңа Үкіметтің екі аптаға толар-толмас уақыттың ішінде нәтижелі іс тындырып үлгере қоймағандығы анық. М.Монти сиқыршы болса бір сәрі. Алайда, италиялықтардың онда жұмысы жоқ. Нәтижелі істерді талап етуде.
Португалия еліндегі ереуіл бір тәулікке ұласқан. Дәрігерлер мен ұстаздар қауымы жаппай жұмыстарына шықпай қойыпты. Елдің барлық халықаралық әуе қатынастары тоқтатылды. Кәсіподақтар бұл наразылық акциясын ел Үкіметінің қатаң үнемдеу шараларына қарсы ұйымдастырып отыр.
Ал Египетте халық пен құқық қорғаушылар арасындағы қақтығыстан бірнеше адам қаза тапқан. Кейбір деректерге сүйенсек, елде тәртіпсіздік оқиғалары салдарынан алты күннің ішінде 36 адам көз жұмыпты. Үкімет басшылары алдағы күндері болуы тиіс парламент сайлауын шегеруді де ұсынып отыр.
Тәубе! Еліміздің іргесі берік, мызғымас татулығымыз мәңгі болғай!
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

